Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Есекқырған (3-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Осылай есек пен ит арын жуған,
Жабылып хан әулетін күнде қырған.
Ел жатып, от сөндіріп, түндік жапқан,
Шағында жылтылдап бір жұлдыз туған.

Аспанда жымыңдайды Есекқырған,
Адамға бір жұмбақ сөз жерде тұрған.
Осылай аты қапты бір жұлдыздың,
Кезінде бір патшаның Құдай ұрған.

Жұлдызды неге атаған Есекқырған,
Биіктен жерге қарап төніп тұрған.
Сұм патша көк есекті түнде құртса,
Есек те хан тұқымын түнде қырған.
Атанған содан жұлдыз Есекқырған,
Танадай тым-тырыс түн құлаққа ұрған.
Аяғы боп қан төгіске қым-қуытта,
Сескенген жұрт жылаған айғай-шудан.
Есесі талай кектің түн жамылған!
Есек, ит хан ордасын құлатқан шақ,
Түн еді жұлдыз шығып, бұлт арылған.
Бір жұлдыз сол түні де төніп тұрған,
Атапты жұрт оны да «Есекқырған».
Әйтеуір есекке бір жұғысы бар,
Әйтпесе мұндай атақ қайдан туған?

Тағы бір ескі аңыз бар есте жүрген,
Жөргектен әркімдер-ақ ішке түйген.
Қырылып кірешілер көп есегі,
Дейтұғын қария сөзін құлаққа ілген.

Бір ханның малайлары кіре тартпақ,
Есекке базаршылар жүгін артпақ.
Туғанда таң жұлдызы жол шығуға,
Ас ішіп қызыл іңір, ерте жатпақ.

Жел тұрған сол күн түні бір қырынан,
Лезде дауыл соғып, бұлт сырылған.
Түнеріп, төңкерілген көк әлемі,
Сықылды қарауытып ай тұтылған.

Жылт етіп бір бүйірден жұлдыз туған,
Ішінен ала бұлттың көкті буған.
«Туды,—деп,—таң жұлдызы» жүргіншілер,
Түн іші әбігер боп, ерте тұрған.

«Таң ата тұрдық» десіп жүріп кеткен,
Кірекеш қайтпақшы ма алған беттен?!
Жетпек боп сәске түсте бір өзекке,
Түн іші бірнеше сай кешіп өткен.

Қара күз, қараңғы түн, таң атпапты,
Бірде қар, бірде жаңбыр, жол қатқақ-ты.
Адасып ізден шығып, қырдан құлап,
Көп есек, жүргіншілер қан-қақсапты.
Есекті кірекештер қатты айдаған,
Жеріне тез жетпек боп сөз байлаған.
Алжасып таң жұлдызын көрдік десе,
Көргені басқа жұлдыз бұлт торлаған.

Адасқан базаршылар жарға құлап,
Асты саз, суы терең, қалың құрақ.
Титықтап түніменен зорыққан соң,
Көп есек жарға құлап, қалған сұлап.

Таң ата таң жұлдызы бірақ туған,
Көрпесін көктен түннің енді сырған.
Түн түсе ерте шыққан бір жұлдызды,
Содан да атапты жұрт: «Есекқырған».

Биік жар, асты ағын су сарқыраған,
Топырлап есек құлап арқыраған.
Өзенге діріл қаққан сәуле түсіп,
Елесі судан жұлдыз жарқыраған.

Су беті майда толқын қалтыраған,
Жер қара, өзен ғана жалтыраған.
Бұйым да, көлік те апат, көп кіреші—
Ханның қылышынан қансыраған.

Атанған осы жолда «Есекқырған»,
Қалған соң есек шықпай судан, құмнан.
«Қазына, байлығымды құрттыңдар»,—деп,
Ордадан уәзірлерін патша қуған.

Түтіккен қаһарлы хан күйіп-пісіп,
Булыққан ашу қысып, алқымы ісіп.
Сазарған бір қызарып, бір қуарып,
Кеткендей екі беті, аяғы үсіп.

Ханның да, жыланның да ордасы бір,
Орданың түкпіріндеқордасы тұр.
Дарға асқан уәзірлерге, үмбеттерге,
Көз жұмып хатым оқып молдасы жүр.
Болмасты берекесі үрейлі елдің,
Жараспас мерекесі малы кемнің.
Келеді шөбі тақыр құмдауыттың,
Батпағы терең болар таяз көлдің.

Хандары қатал болмақ сорлы елдің,
Су шықпас құдығынан қуаң жердің.
Тепектеп қанша жүрсе жеткізбес-ті,
Сағымы бұлдырлаған бұраң белдің.

Астында зындан тұрмақ алтын тақтың,
Қайтуы қиын емес мал мен бақтың.
Аңыздың ізін қуып айтқан болдық,
Бір шеттен қиянатын өткен шақтың.

Сөздері көне көздің көбі жұмбақ,
Жұмбақты шешсең ғана көңіл тынбақ.
«Ақбозат», «Үркер», «Шолпан», «Жеті кезеп»,
Аттары көп жұлдыздың тұр сыр ұрлап.

«Құс жолы», «Қойгелді» мен «Темірқазық»,
Жатады түнде көктен жұлдыз ағып.
«Жұлдызым жоғары» деп жориды жұрт,
Тұрғандай әлденеден көңілі қалып.

Көз жетсе, сөз жетсе де бұл бір ертек,
Жұрт момын, әрі аңқау, патша тентек.
Сол тұстан аспан жұмбақ, жер қайғылы,
Қайырдық сөзімізді қысқа-келтек.

Заманнан жер де, көк те жұмбақ боп тек,
Адам да бір-біріне көрініп жек.
Мезгілден өтіп кеткен аңыз айттық,
Жазылмас көкіректе қатқандай кек.

Кезінен бір кәп шерттік Есекқырған,
Төбеден мал мен жанды Құдай ұрған.
Аңыз бенен шындықты біле жатар,
Көз тастап өткен күнге мойын бұрған.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз