Шаябай (аңыз-дастан) (1-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Салқын төс көз шалғанда Үшқоңырды,
Басында айнала ұшқан құс көрінді.
Тасына көк қаршыға ұя салып,
Шатқалы паналатқан қыс бөріні.
Екі егіз, сом біреуі дара біткен,
Терең сай бөлініп тұр аражікпен.
Қос шоқы сыңарының басындағы
Тас зират ескі, көне мұра тіптен.
Жайқалған сай-салада көк шалғыны,
Көруге келген кісі мақтар мұны.
Боялып тобығыңнан бүлдіргенге,
Көкейде әнші құстар сақталды үні.
Айтарлық Алатаудай асқар да емес,
Тауындай Тарбағатай қапталды емес.
Қоныстап бабаларым мекендепті,
Жоңғармен қай мезгілде тоқталды егес?
Бабамның қасиетті басқан жері,
Жауына қару сайлап асқан жері.
Гаусардай татып көрсең бал бұлағы,
Самалды Сарыарқаның жатқан белі.
Көзбастау атқылаған тасты жарып,
Жолаушы шөл қандырар басты салып.
Итмұрын, ұшқат, шілік, қалың жыныс,
Тал, терек сай-саласы көрсең барып.
Көктемде қыр гүлімен жайқалып төс,
Аймалап, жаяр құшақ айқарып кез.
Қан қызыл гүл жарғанда шұғынығы,
Кем емес раушаннан тартады көз.
Жылғасын жұрт айтатын «Қалмақ қора»,
Сан жылдар ел жайлаған қалмақ тола.
Елінсіз жылдар бойы жетімсіреп,
Қайыспай көтеріпті салмақты о да.
Көздері қорқаулардай толып қанға,
Жоңғардың жолы бопты жорытқанда.
Егіліп ел безіпті өз жерінен,
«Ақтабан шұбырынды...» шомып сорға.
Жоңғардың ел билепті Қоңтәжісі,
Өзінше заманында болған кісі.
Қазақты жерден қуды, елін жаулап,
Заманда келіп тұрған қолдан күші.
Бар еді жоңғарда бір батыр қалмақ,
Жайылған өз еліне аты жалпақ.
Тегінен сіңір шыққан кедей екен,
Шаябай сұрасаңыз атын талдап.
Кедейді жалғыз үйлі елейді кім,
Оған жоқ ел сияқты мерейлі күн.
Аң аулап, мал шаруалап күнелтетін,
Ниетіне шонжар тұқым сенбейтұғын.
Шапқанын бейбіт жатқан қазақ елін,
Жақтырмай сақтайтұғын аза, кегін.
Әлсізге көрген емес қиянат қып,
Ары үшін тек арнаған таза терін.
Шешілмес бір түйін бар көрген түстей,
Тұңғиық ойланатын бергенді ішпей.
«Жазықсыз елге неге шабады?»—деп,
Шеше алмай толғанатын жүргенде іштей.
Өткізді бастан талай зомбылықты,
Шұбар төс, кім бай болса, болды мықты.
Қуылып ата тегі құнды жерден,
Кесесін көз жасымен толтырыпты.
Шаябай беті қайтпас ердің өзі,
Оның да сыналатын келді кезі.
«Қазаққа дайын болсын, аттанад!»—деп,
Әмірлі Қоңтәжінің келді сөзі.
Сенделіп сонда батыр тұра алмады,
Екі ауыз сөздің басын құра алмады.
Елітіп ерді намыс алды билеп,
Жөн бе екен басқа аттанып, бұл қалғаны.
«Жорықтан қаламын» деп айта алмады,
Әмірін Қоңтәжінің қайтармады.
Жасырын бір тылсым күш жеңіп еркін,
Сайланып, аттануға ой толғады.
Сөзінен дос, құрбының қорықты ма,
Ой жетпес, болмас іске жолықты ма?
Білмеймін, мәлімсіздеу сол арасы,
Бекінді аттануға қорытты да.
Қазақта хандар да бар, қара да бар,
Ақ та бар, арам да бар, ала да бар.
Не үшін, кіммен, неге соғысады?
Жұмбақ боп бұлдырады сонда олар.
Асынып айбалта мен найза, қылыш,
Ширығып шымырланды бойда құрыш.
Қар жауып қабағынан қатуланды,
Сезініп болатынын сойқан жұлыс.
Кез еді ес жия алмай қазақ жағы,
Шұбырып басқан ізі тозаңдады.
Әйтсе де, олар да оңай беріспеді,
Кей тұста қалмақ та іріп босаңдады.
Ұрысқа енді ерің Шаябайдай,
Бетпе-бет кезіккенді аямайды-ай.
Жазықсыз елді қырды, екі көзі
Қанталап ішкен қанға тоя қоймай.
Өткізді жекпе-жектің талайларын,
Жеңілді не бір жас пен талай кәрің.
Жеңіске желікті ме масаттанып,
Жеңгізді жауыздыққа қалай арың?
Әлде бұл ұмытты ма бұрынғы ойды,
Көзінің кем-кетікке қырын жойды.
Ерлік пе, жаппай қырып, ел тонау ма?
Бір ойы бірін іреп, бірін сойды.
Ұрыстың не тәсілі таныс енді,
Шапқалы жылдар өтті алыс елді.
«Өтеді сөз сүйектен» деген рас,
Әрқашан өлтіреді намыс ерді.