Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алаша хан (4-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Хан, биін жер жүзінің араладым,
Ешкімі бітірмеді билік беріп.
«Жапанда жалғыз әділ сіз» деген соң,
Тақсыр-ау, жаңа таптым іздеп келіп.

Патша жан-жағына қарап, жалғызының басына тартқан орамалымен көзінің жасын сүртіп:

—Менің билік айту әдетімде жоқ еді. Әулекінің биі ел қыдырып жүріп билік айтады деген сияқты, жалғанда бекер дауға иненің жасуындай билік айтқаным жоқ. Қазір менің билігімді алмай, екі өлтіріп кетерсің,—деді. Тұма:

—Жоқ, тақсыр, олай емес. «Хан екі сөйлесе—қатын» деген. Билігіңізді айтыңыз. Мен де сол билігіңізде тұрамын,—деді.

—Олай болса, алтынды тапқан қуанады, таныған алады. Алтынды иесіне беруіңе болады,—деді хан.

—Кәнеки, өтірік билік айтпағаныңыз? Алтынды тауып алған сіз, себебі Жошы хан алтын еді, сіз тауып алдыңыз. Беруші иесі өзі танып алды. Танып алған алтын үшін, Бетпақтың шөлінде қамалып жатудың мүмкіншілігі жоқ,—деді. Сонда патша:

—Мені қайғыдан орап қайырдың, сен кім едің?—деп жөн сұрады.

—Мен домбырашы Тұма ақын едім,—деп барлық жөнін айтты.

—Тұма, мен сені тани алмай қалыппын, енді қалған елге хабар айт, қайтамын,—депті хан.

Тұма халқын хабарландырып, патшаны ел ортасына көшіріп апарып қондырыпты. Патша ел-жұртын жиып, тағына мініп:

—Халқым, менің көздің ашуы, көңілімнің қарығы тарқады. Маған кешегі көп құланды айдап келіп, қырып беріңдер. Ішіне кеткен көк ала тұлпарды көлбеңдетіп жүріп асына сояйын,— деді.

Ел-жұрты қайтерін білмеді.

—Менің балам өлгенді естірткенде, ақылын Тұма табады. Осы туралы Тұмаға ақылдасу керек. Егер ақылын ол таппаса, Тұманың басын аламын,—деп патша қатты қаһар етеді.

—Жарайды, олай болса мен ақылын табайын, маған қоластыда қараған қыз-бозбалаңды жиып бер,—деді Тұма ақын.

Тұма сөйтіп қыз-бозбаланы жинатып алып, бес жігітті бір от қып, ортасына бес қызды қойып, айналады. Он бес күнде екі айшылық ор қаздырады. Бетін жұқалап шөппен жауып, ел-жұрты аба құрып құланға аттанады.

Көп құланды ордың жағасына айдап келеді. Мың жарым шамасындағы құланның көбі орға құлап, азы ордың жағасында ұйлығып тұра қалады. Себебі, жасына көп құланды бастап жүрген бастығы бір кәрі құлан бар еді. Жасынан бауырына бала жоқ болып, сол жылы бір қодық пайда болған еді. Кәрі құлан «Тым құрмаса осыларды алып кетейін, маған тұқым болар. Бауырыма біткен жас қодығым аман-есен кетсе, атым өшпес» деген ойға кіріп, бұза-жара жөнеледі. Халық жан аямай қимылдап, ұрыс қатты болды. Құлан адамнан құтыла алмаған соң, жерді тарпып қара тұман түсіріп жіберді. Адамдар адасып қалды. Кәрі құлан былай шығып қараса, қасындағы құланның көбі өлімші жаралы болған. Бауырындағы қодығы оққа ұшқан, өзінің де оң жоқ санынан оқ тиіп әлсіреп жығылған. Сонда, жалғызын жоқтап және жолдастарымен қоштасқан ақсақ құланның зары екен:

—Жаратты Тәңір ақ қылып,
Жапанға кеттік қаңғырып.
Иесіз жүрген хайуанбыз,
Әр шөптің басын бір шалып.
Үй қылдық таудың панасын,
Кездірдің шексіз даласын.
Көз көрім жерден қашушы ек,
Адамның көріп қарасын.

Сорға, Тәңірі, кез қылдың
Алаша ханның баласын.
Ханның басы кез болды,
Алтын басым жез болды.
Бауырда жалғыз қодығым,
Ажалың неден тез болды?
Кенжелеп таптым қодықты,
Жүрекке қайғы толыпты.

Қадірлі туған жалғызым
Құрулы торға жолықты.
Қартайып көрген қодығым,
Бөлекше еді форымың.
Жас тақалған мезгілде,
Табылсын қайдан орының?

Қабырғамның майы жоқ,
Жүрегімнің қаны жоқ.
Баласы өлген кәрінің
Жүрісінің сәні жоқ.

Жылады осылай деп байғұс кәрі,
Қасында қайғыланды қалғандары.
Осымен біразырақ зарлап жатып,
Аздан соң «Ал, қош бол!» деп дүние салды.

Айрылып бастығынан қалған құлан
Арқаға тоқтай алмай кете барды.
Осы күнгі Хан тауы құлан өтпес,
Ала тағы Бетпақ шөл сонан қалды.
Жамағат, қате кетсе айып етпе,
Осымен Алаша хан аяқталды.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз