Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қорқыт (5-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Картайды, тозды киім, болды тырдай,
Құлағы тебінгідей, арқа қырдай.
Ұзарып он бақайдың тырнақтары,
Көн шоқай аяқтағы қалды сыймай.

Бір қитық кәрілік келіп тағы айқасты,
Әкетті әлін алып, қозғап басты.
Бетінің сай-сайынан жастар саулап,
Көздерін бөденедей ірің басты.
Дірілдеп осал көрінді денесі де,
Шыныңмен, сабазды, өлім жеңесің бе?
Артын шаш, алдын қауып, қырау сақал,
Адамдық кетті өзгеріп бейнесі де.

Мұны да Алла ісі деп Қорқыт білмес,
Білмеймін не себепті, неге күндес.
Қартайып, арығы асып желмая да,
Күн сайын жорту қалып, болды желмес.
Ойлайды: «Болса жақсы күнім көрмес,
Кіретін, тіпті, тәуір көр көрінбес.
Он саусақ аман болсын күй күйлейтін,
Өлім ап өмірімнің оты сөнбес».

Келгенде кейде қонып ретіне,
Кейімей сондай болған кейпетіне.
«Сол жер» деп атын дәлдеп айта алмаймын,
Дүниенің барды әйтеуір бір шетіне.

Қашқан жан жай жүре ме күшін күтіп,
Үдере безе бермей алға жетіп.
Зорығып, титықтаған желмаясы
Бір жерде кетті шөге әлі бітіп.

Не істемек, мекен болды қалың орман,
Күндіз күн, түнде айы жоқ сығалаған.
Арыстан, қабылан, аю бәрі осында,
Ордасы ед қарақшының қан торыған.

Дірілдеп, жолбарыстар ырс-ырс етіп,
Мастанып күштеріне есі кетіп.
Ақымақ аюларды алып ұрып,
Тулатып жатыр жарып, есінетіп.

Таласып бірі арсылдап, бірі ырсылдап,
Шәуілдеп біреуі ұлып, бірі ыңылдап.
Мөңіреп, біреуі үріп, біреуі ыңырсып,
Жатқанын түсінбейсіз не мыжыңдап.

Бар екен мекен еткен өңкей сырттан,
Табанда бірін-бірі жойып құртқан.
Қосылды бұларға кеп Қорқыт сорлы,
Безгендей болып жүрген елі-жұрттан.

Қауіптің қамауында қалды кәрі,
Рақымсыз Тәңірден де құлқын нәрі.
Құдіреттің құбыжығы қырық мың болды,
Жабылған бір Қорқытқа соның бәрі.

Арандай аузын ашып бар дүние,
Көрмен қан болып кеткен қызыл шие.
Болдырып, дымы құрып осы арада,
Мойнын сап ақшелек кеп жатыр түйе.

Зорығып өкпе-қолқа, бауры шіріп,
Қорқыттың қайран алып халін біліп.
Әлсіреп пұшайман боп жатып қапты,
Төс-табан, қары, бойы жерге кіріп.

Алдына ап басын-көзін сүйіп,
Өртеніп бірде жанып, бірде күйіп.
Тірлігін бір көшпелі елге санап,
Үстіне отыр Қорқыт қасірет үйіп.

—Не болар екен,—деді,—енді заман?—
Жалғаннан тайғаныма рас табан.
Көр—анау, өлім—сонау, мая мынау,
Не дейді қабылан, барыс, қасқыр маған?

Серігім—қуат-күшім, едің данам,
Орнында бауырым, ағам, қамқор анам.
Сенгенім, қара қобыз, бір сен едің,
Бір маған өшіккенде барлық ғалам.

Жеткенде жер бұрышына кімде жалам,
Сен өлсең, маған тірлік болғаны арам.
Ошақтың бір бұтынан айырылған соң,
Ақсаңдап екі аяқпен қайда барам?—

Деп зарлап, күңіренді кеп Қорқыт шалың,
Жаруға тіпті тақап жүрек қабын.
Күрсінді, ауыр, қатты жатқан түйе,
Дегендей «қалың сор,—деп,—жамылғаның».
Жапақтап бота көзін мөлдіретіп,
Қорқытты жас баладай еңіретіп,
Жіберді төгіп-төгіп қара жасын,
Адамдай қара көзден мөлтілдетіп.
Аяныш көз қарасы кетті өзгеріп,
«Қалдың,—деп,—жер түбінде жалғыз келіп».
Кешкен дос қиындықты «қош» дегенде,
Тілі жоқ, көзбен жатыр қасірет беріп.

Жабыңқы, жаутаңдады қабақ, кірпік,
Ұшқалы тұрғаннан соң жаны қылпып.
Алыпқа аласұрған қонды сол кез,
Қолқадан құртамын деп ажал қырқып.

Аямас, баурай сығып ажал келді,
«Енді ұш,—деп,—ал шыбыным», аузын керді.
Искеп қойын-қонышын, сақал астын,
Қорқыттың тізесінде жанын берді.

Тозғындап, сүреңі оңбай азған сайын,
Өлім де жиі айналды шал маңайын.
Келер шақ сәті түсер таянды ма,
Демеді бұрынғыдай қорғалайын.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз