Қорқыт (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Қобыздың ширатып ап сонда әр қылын,
Жыртылған ойды түзеп ырың-жырың.
Бір ғажап сорғалатып күй жіберді,
Тумаған ол заманда күй бізде бұрын.
Құбылтып, құйқылжытып, мөлдіретіп,
Иіріп, шашыратпай дөңгелетіп.
«Өмірге емен бұтақ, сәуле—күй» деп,
Жіберді төгіп-төгіп көлкілдетіп.
Қорқыттың ең ақырғы тартқан күйі ед,
Аманат ел мойнына артқан күйі ед.
Болашақ бұлдыр күнде туатұғын,
Сәлемі ұрпағына айтқан күйі ед.
Теңселтіп толқытты күй бар ғаламды,
Таңдантып тілсіз мақлұқ, жануарды.
«Көрем» деп періште де қарағандай,
Жұлдыздың алаңынан осы адамды.
«Болды,—деп,—мынау сарын бізге құнды»,
Сықылықтап сайқал шайтан, жын да күлді.
Қабат жер тереңіне ап қаттай берді
Қобыздың қолқасынан шыққан үнді.
Ұялап бар дүниенің жүрегіне,
Кетпестей батып, сіңді сүйегіне.
Әлемге сүп-сүйкімді келді жайлы,
Білмеймін қымбатты ма, киелі ме?
Заманның күйді асырып ар жағына,
Бір күнде ел сүйсінер деп салмағына.
«Жортуды қай тараптан бастаймын»,—деп,
Төңіректеп тұрғанында жан-жағына.
Келеатқан көрді өлімді сүмелектеп,
Жүр екен әлі қимай төңіректеп.
Қасында Ғәзірейіл періште бар,
Келеді: «Жанын тартып, қанын төк!»—деп.
Салғанда күйден соқпақ дүниеге,
Таңданған дүние де түйеліге.
Алам деп сол Қорқытты икемденген,
Не дейін қорқау өлім көк бөріге.
Қашпаса қояр емес өлім дажал,
Бүйірден бұйрығы бар деген «қадал».
Маясын бір-ақ тартып қашты Қорқыт,
Артында ел қалды, соғыс-майдан, қамал.
Ғәзірейіл ақылды екен ұзын сақал,
Болса да қалды қумай мінез қатал.
Босатпай өлім шалды желмаяны,
Төбеттей қоңнан қаппақ қара жағал.
Қуды өлім, өңкелектеп Қорқыт қашты,
Кейіндеп бірде қалып, бірде айқасты.
Жалмауыз мешел мыстан Мәлік кемпір,
Бұлар да жағаласты, қамаласты.
Көбейді құрық, көздер бадырайды,
Тақымдап тақап келді, айырылмайды.
«Жұтам» деп жұтқыр көр аңырайған,
Кебінсіз жалаңаштар қараңдайды.
Жендеттер Алла әмірімен қойған сайлап,
Барады күнәһарды тозаққа айдап.
Жандырып, жанын қысып, өртеп жатты,
Жалыны жаһанамның бұрық-бұрық қайнап.
Беті де бара жатқан соған таман,
Жалғанның жазығынан мынау жаман.
Арты—өлім, алды—тозақ кемпір қысқан,
Қалады енді Қорқыт қайтып аман.
«Тоқта!»—деп үн келеді әмірі Алла,
Жалт етіп мойнын бұрад ол бұған да.
«Аллаң кім, әмірің не? Тоқтамаймын,—
Бұлыңғыр барам,—дейді,—бір тұманда.
Тәңір-ау, аямадың, істедім не,
Қолдарың,—дейді,—осымен иістене ме?
Өзіме ата-анамды ап салдың ауыз,
Үстіме артқан жүгің кішкенеме?»—
Деп Қорқыт жаннан безді, көзін жұмды,
«Көрмей-ақ өлейін,—деп,—қуған сұмды».
Ертіске тулап жатқан кетті сүңгіп,
Дос тартып дүлей, мылқау, тілсіз суды.
Не дейді Ертіс бұдан аққан қарғып,
Шақырып шыңырауына алды тартып.
Қажыған қайран мая шым-шым батып,
Аяғын сермей алмай кетті қалқып.
Бітпей ме, не болды енді Қорқыт ісі,
Осы ма берем деген елге үлгісі.
Түйе мен Қорқыт түгіл, қобыздан да,
Боп кетті қалмағандай қиындысы.
Осының көз алдаған быжып бәрі,
Қорқытты, алды үрейін заты кәрі.
Жалғыз-ақ мықты серті, алған беті,
«Тарта бер,—дейді,—Қорқыт, мұнан да ары!»
Қорқытқа келсек, кеткен өлім қуып,
Адымын аштырмады бәле қуып.
Қысымға екі жақтап ала берді,
Өлімнен қартайғанда ажал туып.
Апырым-ау, барады екен енді қайда,
Барады пана болмай тау мен сай да.
Қашады мола көрсе, «қабыр бар» деп,
Істеп жүр өлмей, тірі әзір пайда.
Өлімнің қамауынан, судан шығып,
Жасырып өзін-өзі ұрлап-тығып.
Тағы да құбыла деп тарта берді,
«Қайда ойпаты?»—дейді қуып, қыр да бұғып.