Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қорқыт (2-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Қожалақ ғажайып боп осы кезде,
Құбыжық қорқытып кеп тұрды көзде.
Ақылын ала қаншық ажуалап,
Бұрмалап алып ұшты қиял—кезбе.

Қорқыттың сол бір күнде болмай ырқы,
Көрдің бе күңіренгенін қандай сиқы.
«Кешу ап ата-анамды көмбедім»,—деп,
Қамады деген қиял иқы-жиқы.

Кезікті сүрлеуі жоқ жолдар шоқыр,
Адамды асырмайтын тірі жұтқыр.
Сол күннің әділетсіз заңы келді,
Әлей-дүлей, ию-қию, қиқым-қоқыр.

Қорыққан Қорқыт бала өлім көріп,
Ұрыдай қаныпезер жүрген торып.
Содырлы сүреңі арық замананы
Қорқыт та қияңқы оймен тұрды шолып.

«Апыр-ау тумаған ба,—деп,—ғадалат?
Шектенді әлде бізде бар ғаламат.
Қиналды, «қиындықты көреді-ау,—деп,—
Келетін менен кейін көп жұрағат».

Торықты сұм ағымнан сонда жүрек,
Жасы сел, аққан-ды қаны сүмек.
Жол беріп жер, аспан-көк кесапатқа,
Боп кеткен шұрық-шұрық бәрі шүмек.

Жоқ әлде үлкен жер-көк болмас солай,
Ауызбен мөлшерлеуге келмес оңай.
Қалайша, кім нанады тағдыр бермек,
Ғаламға он сегіз мың жалғыз Құдай?!

Тұңғиық, шыңырау, шүңейт, қара түнек,
Тұйықтан алай-түлей айсыз түбек.
Заманның жолы егіз ғой, жайлы қоныс
Халыққа таппас па екем мұнан бөлек.

«Өлімнен құтылармын,—деді,—қашсам,
Болар ет елге де олжа айла тапсам.
Өлімге, жанға жерік таптырмайын,
Қалғанша тарамысым, жалғыз таспам».

Қашуға осыны айтып ыңғайланды,
Азығын айран-сүзбе байлап алды.
Маясын ботасынан ойнақтатқан,
Ұзатып ұзақ сапар жолға салды.

Қасында серігі жоқ ерген елден,
Сенгені қара қобыз, түйеменен.
Безем деп бір дөңеске тұрды барып,
Арқаның өлім жортқан түбегінен.

Біржола үзсе де үміт ел мен жерден,
Қимады, төкті жасын мөлдіреген.
«Қош бол,—деп,—туған жерім!» қобызынан
Арман күй кетті аңырап күңіренген.

Күжілдеп еңірей берді қара қобыз,
«Кеттім,—деп—Сүбіхан жерге ие боңыз.
Бауырың қарағай-тал, қалды әні»,—деп,
Қобызын қамықтырды тоқсан тоғыз.

Аңқытты түйе үстінде Қорқыт күйші,
Саусақтар кезек-кезек болды биші.
Аңыратып жалыны ұшқан күй қозғады,
Дегендей осы күйдің сырын түйші.

Көтеріле күй созылды жоғары өрлеп,
Тұрғандай кетті даусы көк күркіреп.
Асырып сонау аспан асқарынан,
Бір мезгіл төмен соқты жерге үрлеп.

Төңіректі тұнжыратып таңырқатты,
Шөлдетіп, қамықтырып, шашырқатты.
Көз көрмес ен аулаққа кетіп қалып,
Қалқытып қайта оралтып арқыратты.
Кібіртіп кейде шабан шөмеңдетті,
Желдіртіп, бүлкілдетіп, бүгжеңдетті.
Жұлқынып, аласұрып, бірде тулап,
Атой сап қуып-қашып, жүр-жүрлетті.

Жаңбырдай майда, жұмсақ себеледі,
Безектеп жылдамдатып жебеледі.
Бейнесін осы арада бір көрсетті,
Кеземін, кетем деген дүниені.

Сол уақта пәрменінше сүмектетіп,
Жіберді қос бармақпен шертіп-шертіп.
Қарлантып қабағынан қар жаудырып,
Сол жерде күй желісін кесті кертіп.

Мұңдының мұңын қозғап, шерін жазып,
Шерткен күй бәсеңдеді талмауланып.
Бір күйіп, бір суыған жұрт жүрегін
Асқақ күй алдаспандай тұрды жарып.

Өрісін өрт ораған қыза сынап,
Ыршытып жаспен көзін сыға бұлап,
Айтқанда тұңғыш күйін қайғы киіп,
Үн қосып кетті дүние улап-шулап.

Селкілдеп, секелектеп селеулер де,
Бүкшиді налығандай емендер де.
Бырқылдап қара сулар бұрық-бұрық қайнап,
Табиғат жан түршікті кезергенде.

Қысылшаң сулар атты жылғалардан,
Үніндей секілденіп жылаған жан.
Түрленіп түнегінде отыра алмай,
Қырандар кетті көктеп қиялардан.

Сарнады жасыл жапырақ ду-күңгірлеп,
Айталмай ашық сырын тілін күрмеп.
Сарнап кеп жылауық кетеді өксіп,
«Көрдің бе, сонау Қорқыт қалай тұр?»—деп.

Көлдерді толқын ұрды жалтыр айна,
Мұңайып меңіреуленді бар айнала.
«Мынау—күй, қара қобыз, қымбат Қорқыт,
Барад,—деп,—қалай қиып бізді қайда?»

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз