Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қорқыт (1-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Арқаның арқар белін, қат-қат тауын,
Жаннаттың Райхандай бие бауын
Топыр ғып ауыр қытай, қалмақ қамап,
Сауытты шапты төсеп омырауын.

Бой бермей өрши берді жанжал тасып,
Төгілген жерге сіңбей қандар сасып.
Кептірмей аттың терін жұлқыласты,
Қазақ пен қалмақ, қытай ылайласып.

Жерден жын, дию-шайтан, ерке албасты
Тәкаппар жер Тәңіріне иді басты.
Көктегі періштемен үндес болып,
Ылаңнан жер бетіне әмір шашты.

Балалап әрекеттен атты бүлік,
Кінәдан керіс туды, ұлғайды ілік.
Ғаламат жерге симай, көкке шықты,
Сондағы жауламағы бір тіршілік.

Керемет кило сақал бәрі де ірік,
Жейтұғын Жаппар жазған жамбас-жілік.
Сиыспай көктен Кәрім, жерден ғалым,
Алты мың алпыс алты болды түлік.

Ақ туы Пайғамбардың алды маза,
Пақырға берді қысым, жазық, саза.
Ораза, қатқам салат қабат жүріп,
Аздан соң парыз шықты, ниеті қаза.

Халықтан безді рахат, қара қоғам,
Сарнаған салауатпен дұғалардан.
Қорқытқа мұның бірі ұнамайды,
Жалғыз-ақ жаны керек сағалаған.

Бәсеңдеп кейде майдан, кейде ширап,
Шатырлап шоқпар, найза, қару қирап.
Қорқыттың алды көр боп, артында—жау,
Дегенмен босатпады өлім шырмап.
Артылып ауыр-ауыр қару-жарақ,
Қан жағып тартылғанда қайқы садақ.
Ақ болат бауыздаудан семсер тиіп,
Бір кезде ығысқандар аты—Қазақ.

Қорқыттың мүшел кез кеп түлегінде,
Жорықтың қона-түнеп түнегінде.
Үйіне Қорқыт қайтып келіп еді,
Заманның астан-кестен түтегінде.

Тебінгі термен иі боп, терлік шіріп,
Жүргенде жан жендетін кейін сырып.
Жетпіс мың қанаты бар Ғәзірейіл
Қорқыттың ата-анасын кеткен қырып.

Қорқыт: «Жан өшіккеннен Тәңір күшті,
Өлім кеп әмірмен дәлдеп түсті»,—
Деп сарнап қара қобыз хабар беріп,
Қозғады қасірет күйін өкінішті.

Шертілді шешен қобыз өздігінен,
«Қан кешіп жүргенде,—деп,—үзеңгіден—
Қамқорың анаң өлді,—деп сарнады,—
Атаң жоқ жарып шыққан өзегінен».

Жалғыз-ақ демін тартты Қорқыт бұған,
Қобыздың былдырынан шөкті тұман.
Молаға қобызын алып жүре берді,
Не десін оқиғаның болғаны аян.

Бұларға шатыр болған балшық мола,
Қауымында өлгендердің елден шола.
Басына «Мұсылман» деп тас қойыпты,
Бұрынғы бабамнан деп қалған жора.

«Алланың әмірі» деп молла мүлгіп,
Етін жеп қаралының басын шұлғып,
Көмдіріп ата-анасын терең көрге,
Жемтігін жер құртына берген құлғып.

Періште:—«Не істедің,—деп,—дүниеде?
Құлыным қысымдамыз қараңғы үйде».
Әлсіз үн сол қабырдан естілгендей,
«Жатырмыз,—дегендей боп,—ауыр күйде».

Таяқ жеп Мөңкірбайдан, қатты налып,
Ғазабы ата-ананың жатқан жанып.
«Мекем» деп армандаған әуел ұлға,
Жатқан соң көр басында кетті талып.

Еңіреп деп жатса да: «Қамқор анам»,
Демеді ата-анасы: «Келдің, қарғам!»
Қабырдан сол бір кезде қылт етті өлім,
Дегендей: «енді Қорқыт өзіңді алам».

Бар екен бір өлімде жетпіс мың бас,
Жайпайтын тілдері ұзын құлаш-құлаш.
Бәрі көз денесінің тасырайған,
Түгінің өткірлігі қан шығармас.

Найзадай мұрттары үшкір, жап-жалаңаш,
Қолында қанжары көп болат алмас.
Түсі бір қара-тарғыл аждаһадай,
Қандай көз көрсе мұны бадыраймас.

Дәптерін арқалап ап өлмек жанның,
Қыршынын қимақ болып жас-қарияның.
Қапшығы жан салатын иығында,
Қасынан өткен кезде тас моланың.

Кезігіп тізімдегі Қорқытқа да,
Дәптерді ашып оқып қорытқанда,
Моладан бірақ ырғып қашты Қорқыт,
Қорқытта қала ма ақыл қорыққанда?

Көр анау, қараңғы, ызғар сұры суық,
Кереге, босаға, жоқ шаңырақ, уық.
Бірдеме сияқтанған жын мекені,
Кім барам дейді еркімен жақын-жуық.

Десек те тағдыр берген үлкен Аллаң,
Ол бір сөз көңіл аулап жұбандырған.
Төндіріп молла дәлелдеп айтса дағы,
Жексұрын «Өлім» деген аты жаман.
Қорқытты қорқытқанда өлім «мен» деп,
Қайтеді қан боп жаумай жасы көлдеп.
Тағы да ата-анасы шақырғандай,
«Қарағым, жатар орның мына көр!»—деп.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз