Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Өлең шежіре (3-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Енді Келемектен тараған,
Қара мен Сары—екі арыс.
Алатаудағы қырғызың
Алаштың бұл да баласы.
Жылына берер «Наурызын»,
Бізбенен қырғыз бір туған
Қандас туған бауырым.

Шалқитын мұндай күн қайда,
Мезгіл, сүрек бітіріп,
Ілінсең бір күн қармаққа.
Пазылыңмен сақта, Құдайым,
Келтірмей дұшпан-шарбаққа.

Айырқалпақ атамыз—
Шаруа екен сол уақта.
Сахара кезіп, ат мініп,
Ашылған кеулі мал бақса.
Мырзалық, байлық тең жүріп,
Дабылы кеткен жан-жаққа.

Төрт [түлік] мал иесі,
Есепсіз болған түйесі.
Өрісі болған құрғақта,
Қонысын тапқан атамыз,
Өзен, судың жағасы,
Көкорай шалғын саласы.

Жаңбырлы су, бұлақ,
Қарағай, қалың ну орман—
Қыс кезіндегі панасы,
Семірген малы сырғақта.
Қайырлы қазан, кең пейіл,
Салынған төсек қонаққа.

Қамқорлы туған жан екен,
Қондырған көрші оң жаққа.
Сол кісіден туып Қазақ пен Созақ та.
Тыңдаушы, күтіп тұрсаңыз,
Сөйле, тілім, ұзатпа!

Жалықпай сөйлеп берейін
Түсінген асыл шыраққа.
Енді Созақтың екеу баласы-ай—
Сойыр мен Толағай,
Сөйлейін енді сонан-ай.
Олардан өнген ұрпақтың
Түркістан екен тұрағы-ай.
Күндіз-түн жанды талмастан,
Құл Қожа Ахмет Яссауи—
Әулиенің шырағы-ай.

Мұсылман қолын жеткерген
Әулие еді қырағы-ай.
Ибраш деген жас бала,
Бар еді жалғыз ұланы-ай.
Киіміне қызығып,
Өлтірген Сойыр баланы-ай.
Сойырдан тұқым қалмады,
Дөңбек деген кеселден
Қырылып бәрі жайрады-ай.
Дүниеге қызығып,
Таппады Сойыр пайданы-ай.

Енді Созақтың үлкен баласы
Толағайдан туылған—
Сақат менен Қоңырат.
Қаналас мынау бауырға
Айтпай кетсең тағы ұят.

Қарақалпақ екі арыс
Туысқан бізбен зүриат.
Қалпақ бізбен ағайын—
Қазақ, Созақ бір туған
«Наурыз» көжесін қайнатып,
Кенже Алашқа қосылад.

Айырқалпақ өлген соң,
Қазақ пенен Созаққа
Енші берді анасы.
Бөлектеп басқа үй тігіп,
Айрылды енді анасы.
Сол күндері күз еді,
Су келеге мұз еді.
Үлкен үйге шақырды
Келіні мен баласын.
—Төрт түлік мал, қазына
Қайсысын қалап аласың?
Қалауыңды ал, шырағым,
Ішімнен шыққан баламсың.

Сонда ойласты Созақ қатынға:
—Қатын, маған жақында,
Ойласып, енді екеуміз—
Тұрайық енді мақұлда.
Төрт түлік малдың ішінде
Қалағаның түйе ме,
Немесе жылқы, бие ме?

Қонақ келсе, қонатын,
Қой-ешкі алып соятын,
Жылына екі туатын
Жандықты кеулің сүйе ме?

Жаз болса, айдап салатын,
Қыс болса, қолда бағатын,
Бес сиыр саусаң, күзелеп
Сары май, қаймақ алатын.

Тарлан өгіз, боз бұқа
Жер жыртып, егін салатын,
Осы ма, иә, үлесің,
Ұнай ма, қатын, кеңесім?!
Төрт түлік мал ішінде
Мөңіреп жүрген қара мал,
Қатыным, мұны қалай көресің?
Қалпақтың қатыны сөйледі:
—Не қыласың түйені,
Көшіп-қонып жүресің.
Тұрақтамай бір жерде,
Таулы қоныс кезесің,
Түйеге арта алмаймын жүгіңді.

Керегі жоқ жылқының,
Ұстай алмаймын құлынын.
Күндіз-түні күзетіп,
Жылына екі өретін,
Бейнетімді үдетіп.
Жаз болса құрттап мешелін,
Өзімді-өзім жүдетіп,
Баға алмаймын қойыңды.

Айдап салсам келетін,
Өзімен-өзі жүретін,
Төрт түлік малдың ішінен
Жақсы көремін сиырды.

Несін аяйды ата-ана
Ішінен шыққан балаға.
Төрт түлік малдың ішінен
Созаққа сиырды берді қалаған.
Қақпады қолын анасы,
Дүниесін берді сұраған.

Атаң Қазаққа берді түйені,
Азынаған айғыр, биені.
Он екі сала Сарыарқа—
Атасының мекені.
Сахара кезіп жүреді,
Жылына екі балалап,
Қорадан қой балалап,
Қорадан қойы өреді.
Көңілі ойлы би қазақ
Жаралған асыл сүйегі.
Камшат бөрік, қамқа тон,
Тігулі алтын, қазына,
Қымбаттан киім киеді.

Ертеден шапса, кешке озған,
Ылдидан шапса, төске озған,
Қара жүнді, қара азбан—
Арғымақ сайлап мінеді.
Шаруашылық кәсібі,
Сән-салтанат түрменен,
Жаз болса, көгал кезеді.
Бастан пітір, садақа,
Зекетін малдың береді.

Жаз болса, қымыз—сусыны,
Қыс болса, жая-жал шайнап,
Қазы мен қарта—жегені.
Жарлы мен жалғызға
Жүреді тиіп көмегі.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз