Өлең шежіре (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Арғы атаң Әнес болғанмен,
Мағаздан туып тараған.
Алты бала туыпты
Үшінші алған әйелден.
Біріндеп айтып берейін,
Тыңдаңыз сөзді құралған:
Құрай, Құрбан, Ақшолпан,
Шешен, Шеркаш, Дағыстан,
Жалықпай тыңда, халайық,
Отырмын сөйлеп алыстан.
Тоғыз ұл туып Мағаздан,
Тоғыз тайпа ел болып,
Келеді қалмай тарихтан.
Шежіре жалған болмаса,
Осылай сөзім танытқан.
Білгенімді сөйлейін,
Озған жүйрік емеспін
Ауыздықпенен алысқан.
Шүкіршілік пенен тәубам бар,
Кем болмай жүрсем қатардан.
Естек, Татар, Ноғайлы—
Үшеуі екі анадан.
Құрай, Құрбан, Ақшолпан,
Шешен, Шеркеш, Дағыстан
Бір қарыннан жаралған.
Үш ананың туғаны
Тоғыз ұл болып саналған.
Тоғыз тайпа ел болып,
Тоғыз түрлі тіл болып,
Дүниеге таралған.
Енді Ақшолпаннан туыпты
Жалғыз болып Аламан.
Өзі жалғыз болса да,
Өркені өсіп жайылып,
Дүниені ораған.
Аламаннан туыпты
Алаш, Наурыз атамыз.
Заманында биі болып,
Халық басын құраған.
Қанша еңбек етсе де,
Атамыз Наурыз қартайып,
Баласыз қарт Наурыз
Әлсіреп, меңдеп жүреді.
Қайғысы менен науқасы
Күннен күнге үдеді.
Шақырып Алаш інісін,
Өсиет айтып сөйледі.
Алаштан тілек тіледі,
Түсініңіз бұл жерде,
Баласыз Наурыз атаның,
Алашқа айтқан сөз еді:
—Қарағым Алаш, бір туып,
Еркіндеп сүрдік дүниені.
Сенен ұрпақ таралып,
Дүниенің жүзін аралап.
«Алаш» деген даңқ болып,
Халқыңмен атың жүр еді.
Сен кетсең, Алаш, дүниеден,
Ұрпағың жасап өреді.
Мен кетсем, Алаш, дүниеден,
Ақ жуып, халқым арулап,
Атымды қоса көмеді.
Сенен басқа қарам жоқ,
Артымда қалған балам жоқ,
Қайғымды кімдер шегеді.
Мен өсиет тастап артыма,
Өзіңнен қалған жалпыға,
Қарағым, Алаш, туысым,
Мен өлген айдың ішінде
Бірнеше қазан ас жылына,
Тарқат менің атыма
Садақа «Наурыз көжені».
Алаш-Наурыз даңқ болып,
Менің атағым сонда жүреді.
Осыны айтып қарт Наурыз,
Қайтып келмес сапарға,
Дүниеден өтіп жөнелді.
Алаштан қалған ұрпақтың
«Наурыз көже» асатын
Ағасы Наурыз Алаштың,
Өсиет қылған сөз еді.
Бір қазан ас садақа,
Жеті түрлі дән қосып,
Атандырып «Наурыздық»
Әр жылы халқым береді.
Сол себепті даңқ болып,
Алаш-Наурыз ат болып,
Әлі қалмай келеді.
Сөйлейін енді Алаштан,
Халқыма сөз жарасқан.
Алаштан өрбіп үш арыс,
Дүниеге тарасқан.
Анық біліп сөйлесем,
Дүниеден өтті неше жан.
Талай патша, талай хан,
Алаштың екеу баласы—
Жайылхан мен Сейілхан.
Сейілханнан туылған
Сегіз арыс Түрікпен:
Теке, Жәуміт екеуі,
Жемірейлі, Шаудыр төртеуі,
Қарадашлы, Қаратай,
Көклен, Сарық—сегізі
Сейілханның баласы-ай,
Бұған кімнің таласы-ай.
Мен келемін атаң Алашқа,
Алаштан туған Жайылхан.
Жайылханнан туыпты:
Мүтен менен Майқы би.
Ақылды Майқы би болды,
Халық аузына қараған.
Қадірлі болды Майқы би,
Халыққа білім таратқан.
Сейілхан мен Жайылхан
Туып еді Алаштан.
Сейілханнан Түрікпен,
Бір Алаш болып тарасқан.
Жайылханның баласы—
Майқы мен Мүтен бір туған.
Сөйлейін сөзді саяқтан,
Тыңда ата тегіңді
Адамның кеулін оятқан.
Мүтеннің елі аз болып,
Түлек деген қалаға
Қонысын соған орнатқан.
Майқы, Мүтен бір туды,
Бұл—екінші Алаш келе жатқан.
Майқы бидің баласы:
Түмен, Өзбек—қарындас.
Орнық берсе, Құдайым,
Бағың келді аралас.
Талдап айтып бергенде,
Шежіреден сөз қалмас.
Өзбек, Түмен ұрпағы
Келеді өсіп аралас.
Өзбектен туып өрбіген,
Санасаң, үлкен бір Алаш.
Жетесі жаман жасық-ты
Әбубәкір атамыз—
Шежіре деп сөз қылмас.
Тыңдасаң ақыл-ойменен,
Тілі басқа халықты,
Шежіре қылар қандас.
Түмен-Өзбек түбі бір—
Түбі атасы Майқы би,
Туысқан бізбен қандас.
Енді Майқының үлкен баласы—
Түменнен тыңдап қарашы.
Білдірейін, білмесең,
Түменнен туған кім десең,
Айырқалпақ, Келемек,
Айтайын неге, білмесем.
Әнестен тарап өрбіген
Арғы ата—негізің.
Қанаттас болған халқыңа
Болмасын қарсы жұлдызың.
Тыңдасаң ата тегіңді,
Көтерілер кеулің
Құшқандай болып хор қызбен.