Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Өлең шежіре (1-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Пісмілла сөзді бастайын,
Ағайын, тума, халқымсың,
Лағыл, жауһар, алтынсың.
Сөйле десең, халқым-ай,
Көп жамағат алдында
Сайрап тілім шалқысын.

Тамаша беріп еліме
Кеулім нұрдай балқысын.
Қадірлесе басымды,
Өлеңменен қарсы алдым,
Көпшіліктің жалпысын.

Мен жалғыз болсам, халқым көп,
Қалай басым жалқысың.
Білмесең елдің қадірін,
Бұхараның сартысың.
Шаршама сөзге жалығып,
Халықтың бұлбұл қартысың.

Сөйлейін білген жырымнан,
Қалдырмай айтып сырымнан.
Жыршының ұзақ сөйлеуі
Келе жатқан бұрыннан.
Халқым сөйле дегенде
Шабысты бұзып бұрылман.
Тыңдаушы күтіп тұрғанда,
Қалдырмайын жолынан.

Қалдырмай сөйлеп кетейін,
Келтірсе Тәңірім оңынан.
Бастайын сөзді тарихтан,
Бұрынғы өткен халықтан.

Кімдермен кімнің туысы,
Кімменен кімнің жуысы,
Сөз болсын үлгі танытқан.
Дүние қалып келеді
Неше мықты алыптан,
Неше әулие өтті ғой
Кең дүние жарықтан.
Опасыз дүние қалып жүр
Талай ғасыр қарыптан.

Біреулерге кең дүние,
Біреулерге тар дүние,
Біреудің жолын тарылтқан.
Талайды мас қып шалқытып,
Кейбіреуді дүние налытқан.

Дүниеден өтті күрмеліп
Талай көкжал, арыстан.
Дүние қалды сый бермей,
Нешелер аш пен арықтан.
Опасын көрмеді жалғанның
Талай асыл, данышпан.

Нешелер жүйрік өтпеді
Бәйгі алған озып алыстан.
Осыменен, әлеумет,
Біреу ерте, біреу кеш
Дүниеден өтті, жарысқан.

Жүз жиырма төрт мың пайғамбар,
Отыз үш мың сахаба—
Олар да түскен қапаға.
Жиналған толы халайық,
Мұнымды жалған демеңдер,
Әулие Адам ақыры—
Алланың досты Мұхаммед.

Жер менен көкті жаратты,
Өз пазылымен Құдірет.
Дініміз—ислам, мұсылман,
Мұхамедке біз—үмбет.
Мұхаммедтің тұсында,
Талай оқиға іс өткен.

Руы ғажам Ғайбардан
Мәлік деген кісі өткен.
Қайырден екен бабасы,
Басында араб қызы екен
Мәліктің туған анасы.
Сол кісіден туыпты
Атамыз Әнес сахаба—
Мәліктің жалғыз баласы.
Қайшы келген сол кезде,
Қайырден екен исламның
Екеуінің арасы.

Пайғамбарға сенбеді
Қауымы күшті көп халық,
Діннің болған таласы.
Алладан келген бұйрықпен
Жүргізді дінін Мұхаммед,
Айрылып ақ пен қарасы.
Әзіреті Кәлам Шәріптің
Оқылды отыз парасы.
Исламның туын көтеріп,
Шам болып жанды күндіз-түн
Мединенің қаласы.
Түсінгің, халқым, бұл жерде,
Айтылсын сөздің сарасы.

Кәпірден қашып атамыз,
Мединеге келіпті.
Кұдіретінен Алланың
Дін исламға кіріпті.
Расулының алдында
Қызмет етіп жүріпті.

Қызметімен жағынып,
Сахаба Әнес болыпты,
Кеулі нұрға толыпты.
Жиналған халық, ағайын,
Сөйле деп бердің ерікті.

Шежіреде осылай,
Кімдер мұны көзімен көріпті.
Тоғыз тайпа байтақ ел,
Атамыз Әнес сахаба
Сол адамнан бастап өріпті.
Осы жерден айтылад
Атамыз Әнес болғаны.
Атаға тартып ұл туып,
Анестен Жабал туғаны.

Би болып, Жабал бай болды,
Ордасын қалап құрмады.
Билігі әділ, кең мінез
Жабалды халық сыйлады.
Қанша әйел алса да,
Жабалдан жалғыз ұл туды,
Оның атын Мағаз қойғаны.
Мәлік, Әнес тақ туып,
Үш атаға келгенше,
Кіндіктен жалғыз болғаны.

Тыңдаймын десең, халайық,
Сол жерден бастап қозғалық.
Атанды елге ер Мағаз,
Мырзалық пен байлыққа
Мағаздан адам озбаған.
Ел аралап, жер кезді,
Қосарлап мінді жорғаны.
Меккеден мешіт орнатып,

Жинады имам, молданы.
Жай орнатып қонаққа
Сыйлады би мен мырзаны.
Мырзалық, байлық тең жүріп,
Асыл туған Мағаздың
Үш әйел екен алғаны.

Естек, Ноғай болыпты
Бәйбішеден туғаны.
Естек, Башқұр, Уфалық,
Олар да ислам жолын құрғаны.
Еділдің жоғарғы өрінде
Салынған Қазан қалашық.
Он екі санды ноғайлық,
Жеті санды мамайлық,
Әнестен өрбіп тараған
Екі тайпа бұл халық.

Екінші алған әйелден
Қырымның туған татары.
Бәйбешесі асырап,
Естек пенен Ноғайдың
Солардың болған қатары.

Өскеннен соң елге хан болып,
Дұшпанға өтті заһары.
Қара теңіз жағасы—
Қырымнан орнаған шаһары.
Үшінші тайпа саналған
Қырымның осы татары.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз