Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Жұмаш пен Айтуған айтысы (3-бөлім)

Жұмаш Оспанбекова, Айтуған Шәйімов · 2 мин оқу

Ақыным, асқақтадың мақтанғанда,
Мәзбісің сылтау тауып сақтанғанға?
Совхозың Тоқаш Бокин атындағы,
Бәйгеге тоқтыларын баптаған ба?

Япыр ай, семірткен бе қамап торға?
Әдейі қамқорлықпен алып қолға.
Байлаған бордақыға тоқтыларың,
Салмағы он үш кило тартар зорға.

Айтыста жыр пернесін басып көптен,
Қайтейін табысыңды тасып-төккен.
Бәрінен озат Жамбыл ауданыңның,
Сүттері неге әр кез ашып кеткен?

Екпінді, Ұзынағаш, Топарыңда –
Алыста малшы ауылы отарыңда.
Бір тамшы суға зар боп отыр халық,
Күш жоқ па су құбырын апаруға?

Жүрмісің халқым өзі сезеді деп,
Сахара шөліне де төзеді деп?
Ал, кәне, бұл сауалға жауап берші,
Тықыршып отырсың ғой кезек бер деп.

Айтуған:

Жұмаш-ай, өр екен ғой көкірегің,
Бел буып, енді мен де бекінемін.
Орынсыз артық жайға неге бардың,
Белгілі айтқаныңа өкінерің.

Жырлаймын бүгінгі күн өренімді,
Жігітпін жұртқа жайған өнерімді.
Көз салсам алысырақ аумағыма,
Жырлаймын берекелі Кегенімді.

Ер ұлын ел мерейі қолдаса анық,
Бақыттан шыңға шырқар жолдас алып.
Одаққа аты әйгілі ағайым бар,
Атақты аға шопан Молдасанов.

Өлкемнің ең шетінде Нарынқолы,
Санайды алтын бесік әр ұлт оны.
Ұлы ақын Мұқағали Мақатаев,
Осы жердің толағай дарынды ұлы.

Шелекке келсең егер қонасың ба?
Мерейлі ел, берекелі жер осында.
Еріксіз күйеуіңді көндірер ең,
Тырысып тұрақтауға селосына.

Байқамай жанған отты бастың анық,
Өзіңді өз мініңнен қаштың алып.
Алакөл ауданының совхоздары,
Тауыса ма жанар майды ат суарып?

Сырыңды білетінмін бұрында мың,
Қалқашым, жеңілесің ұрынбағын.
Кей ағаң сойып алып қоғам малын,
Тулатты іште жатқан құлындарын.

Көргенде көркем қала Үштөбені,
Өң түгіл, көмескі жай түске енеді.
Сапасыз киіз үйдің құнын даулап,
Совхоздар күнде мұнда жүз келеді.

Көтерген алдында күн, арқасына ай,
Алматым Жетісудың алқасындай.
Сырғаңды сыйға беріп құтылмасаң,
Жолыңыз бола қоймас, қалқашым-ай!

Бәйгеден тұрса деймін жыры аты кеп,
Өтелер сонда ақындық мұраты көп.
Білетін сөз мәнісін жан екенсің,
Жұмашжан, шын көңілден рахмет!

Жұмаш:

Таусылса, Айтуған-ау, жаттағаның,
Жөн болар құр терлемей тоқтағаның.
Қазандай ішің қайнап отыр білем,
Дөп тимей бұл Жұмашқа оқтағаның.

Әдептен, әріптесім, аттамалық,
Өзіңді әлі-дағы бапта барып.
Жұмашпен айтысуға тағы бірде,
Келерсің жігеріңді топтап алып.

Жойылмас қасиеті бойда бардың,
Нәр алып сусындайды ойдан әр күн.
Ұмтылмай есіл жүрек өз еркімен,
Күшімен келгенсің-ау айдағанның.

Көрсетсең көңіліңнің күптілігін,
Болмас ол, Айтуған-ау, мықтылығың.
Жүз жерден жолбарысша жұлқынсаң да,
Жеңбейсің бұл Жұмашты тіпті бүгін.

Мен емес сенен, ақын, жасқанатын,
Өлеңнің қарыштатып қос қанатын.
Жырыммен қаусатармын қабырғаңды,
Көтеріп облысымның аспанға атын!

Бұл жерде кешке дейін қақсасаң да,
Өлеңнің жүз шумағын жаттасаң да,
Жорғамын, шаңымды да шалдырмаймын,
Өзіңді бір жыл бойы баптасаң да!

Өмірдің алға тартқан көшіменен,
Әрқашан ілесетін досым өлең.
Орынсыз көп алдында шайқаспайық,
Айтуған, аяқтайық осыменен.

1980 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз