Абай мен Әсімхан айтысы (1-бөлім)
Абай Асылбаев, Әсімхан Қосбасаров · 2 мин оқу
Абай:
Абайға қиын емес өлең деген,
Кетеді айқай шықса қызып денем.
Бас қостық астанада айтысуға,
Сондықтан қабыл алғын, бердім сәлем.
Ақынның айтар сөзі ақтарылсын,
Болмасын тыңдаушыға әлем-жәлем.
«Қалқаның екпіні бар, Абай, сенде» –
Деп өзі ақ батасын берген Кенен.
Басайын су сепкендей екпініңді,
Жалтақтап тартынамын енді неден?
Өлеңді қалай торлап айтсаңыз да,
Бәрібір көрсеткішің бізден төмен.
Қиыннан қиыстырып сөз асылын,
Тұнықтан ақ маржандай өлең терем.
Қарышта барың болса оң мен солға,
Мен қалай намысымды қолдан берем?
Сайысқа түсіп жүрген тарлан едің,
Көңіліңнің қошы жоқ па жүзің төмен?
Аралап Жетісудің кең даласын,
Көмейден жыр ағызып тарттым көген.
Атынан екі облыс айтысалық,
Болғанда сіз сұраған, мен іздеген.
Сіз көлсіз ағатұғын арнасы жоқ,
Қалайша тең келмексіз теңізбенен?!
Талдықорған бір шеті,
Кербұлақ пен Қоғалы.
Панфиловтың ауданы
Аздап одан жоғары.
Төменге келсем, Әс аға,
Қыдыр дарып, бақ қонған,
Қаратал менен Көксуға,
Байлығын жақсы білесіз,
Айтуыма болады.
Шығыста – Ақсу, Қапалым,
Батысымда – Үштөбе,
Лепсі менен Молалы.
Бөрлітөбе, Алакөл,
Андреев, Сарқанттан
Сөз қозғайын шамалы.
Етеді еңбек ерінбей,
Талдықорған адамы.
Отанға беріп мол өнім,
Жерінен көп алары.
Бұрын-соңды болмаған
Рекордты жасадық,
Бір миллион жеті мың
Алты жүз елу төл алдық,
Еңбегіміз бағалы.
Бұл жағынан ағаның
Бар ма екен, сірә, хабары?
Оқылып жатыр халқыма,
ХХVI съездің
Қаулысы мен қарары.
Әсімхан:
Абай ақын келіпті
Талдықорған жерінен,
Нұрмолда, Қалқа елінен.
Ұлы тойда бүгінгі,
Айтысқалы менімен.
Жақсы ақынмен кездессе,
Шығады адам шерінен.
Жер жаннаты – Жетісу
Қос орденді қадаған,
Әлемге аты тараған.
Шабыт берген халқыма
Советтік біздің жаңа заң.
Астанам – әсем Алматым,
Достасқан қанша елдердің
Қажетіне жараған.
Облыстың он тоғыз
Жағдайына қараған.
Жетісудің айтпай-ақ,
Тарихын білер әр адам.
Абай, өзің келгенде,
Қарғалыда болдың ғой,
Болмақ тұрмақ, қондың ғой.
Бір айтарым тек қана
Машинадан кедейсің,
Бұл сөзіме не дейсің?
Бір «Жигули» мініп ап,
Маған ұқсап келмейсің?
Жаяу жүріп тағы да,
Алматыма теңейсің.
Төрт күн міндің машина,
Ақшасын қашан төлейсің?
Абай:
Алматыны Жетісу
Үлкен үйге балаған.
«Елдегі ақын мен-ақ» деп,
Кетпеңіз асып шамадан.
Қазақстан жерінде,
Кім озып еді кешегі
Бақтыбай, Қабан, Сарадан?!
Жансүгіров Ілияс –
Әдебиеттің алғашқы
Ірге тасын қалаған.
Онан кейін белгілі
Суырып салма ақындар
Қуат, Қалқа, Темеңнің
Аузынан шыққан лебізі
Кейінгі мынау жастарға
Аңыз болып тараған.
Социалистік Еңбектің
Екі рет болған Батыры
Қазақта асқан бар ма еді
Нұрмолдадай ағадан?!
Қарындасым Бикен мен
Нұрғали інім ән салса,
Клубқа сыймай келіп тұр,
Көреміз деп сан адам.
Осының бәрі белгілі
Жетісудың түлегі,
Мәдениеттің тірегі,
Шығармаңыз санадан.
Жарлыөзек пен Мұқаншы,
Мұқыр, Быжы өзенім.
Шоқтығы биік бәрінен
Туып өскен өз елім.
Көкешиелі, Алтуайт,
Малайсары, Ақдала,
Айтып сізге берейін
Ауданымның көлемін.
Жаз жайлауым – Саржазық,
Аршалы, Қойтас, Көктөбе,
Осыларға, Әсаға,
Жер жетпейді дер едім.
Қыс қыстауым – Үшөзек,
Іленің арғы жағасы.
Қар жауса үш күн жатпайды,
Мұз болып асты қатпайды,
Тауып жейді малдарым
Шөптің небір керегін.
Қаратал мен Көксудың
Белуардан шалғыны,
Көзің көріп қайтты ғой,