Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Тілеумұрат пен Қалидолла айтысы (1-бөлім)

Тілеумұрат Қожабеков, Қалидолла Зекенов · 2 мин оқу

Тілеумұрат:

Құтты болсын мерекең,
Жиналған қауым зиялы!
Маңғыстаулық ақының
Сапырып жырды құяды.
Әлемге аян құт мекен,
Мақтасаң қалай сияды.
Мен – Абыл, Нұрым, Өскінбай,
Тұлпарлардың тұяғы.

Дарқандығы даланың
Жүрегіме дарыған.
Асаулығы теңіздің,
Сүйегіме дарыған.
Сабырлылық өзіме,
Қыраттардан дарыған.
Арындылық сөзіме,
Бұлақтардан дарыған.
Шымырлатып сөйлер сөз,
Шуақтардан дарыған.
Ағыл-тегіл тербер сөз,
Қуаттардан дарыған.
Жырға дамыл берерде,
Домбыраға жалынам.
Сылқым күйге тойғызып,
Сырлы әуенге қандырам,
Ал, ақыным, абайла,
Сөзбен соғып құлатам,
Күймен есті тандырам!

Қалидолла:

Армысың, ағаларым, қалың елім!
Жастай қолға домбыра алып едім.
«Өнерлі өрге жүзер» дегендейін,
Ән-жырмен біраз жерге мәлім едім.

Көл-көсір байлық тұнып жатқанымен,
Аузымыз тиген жоқ қой аққа бірден.
Қайғының қара бұлтын серпіп тастап,
Бақыт көші басталған Октябрьден.

Бір шеті – Еділменен қапталдасқан,
Бір шеті – Жем, Сағыз бен Ойыл асқан.
Ойларын мұнаралар күйге бөлеп,
Қырларын қара бұйра қойы басқан.

Сенген соң халқым, неден іркілемін,
Жіберді бұнда Атырау жас түлегін.
Сапалы мұнайымен аты шыққан,
Біледі Ембі даңқын бүкіл елім.

Алып жатқан Атырау аймақтарын,
Еңбектің қазанын шым қайнатқанмын.
Атақты мұнай өңдеу заводым бар,
Айырған таза мұнай қаймақтарын.

Тек қана мұнай емес мақтанарым,
Өрлеп тұрған кезім бұл бақ-талабым.
Ақ Жайықтың шоқырын, икрасын,
Қажет болса алдыңа ақтарамын.

Ешкімнен де жөнім жоқ жасқанатын,
Балық, мұнай – байлығым, қос қанатым.
Атыраудың тұлпары шаңға көмер,
Маңғыстаудың бәйгеге қосқан атын.

Жайықтың жағасында мекеніміз,
Кең-байтақ мол жайылған етегіміз.
Ежелден аян жұртқа, дүйім елге,
Ән-жырға, күйге жомарт екеніміз.

Бір кезде соғып заман өкпек желі,
Өршіген ереуілдің от пен селі.
Исатай, Махамбеттей қол бастаған,
Ерлердің атой салып өткен жері.

Күйін шертіп жіберсең Құрекеңнің,
Айқындала түседі сыры өлкемнің.
Шернияз, Абыл, Нұрым осы өлкеде,
Сапырып, дауылдатқан жыр нөсерін.

Бәйгеде алғы топтан қалыспаған,
Орденді облыспын қарыштаған.
Айтайын енді өлкемнің табыстарын,
Жөн болмас өзіңе де таныспаған.

Жетеді желдей ескен тұлпарларым,
Қалықтап қияға ұшқан сұңқарларым.
Алқалы топ алдында айту керек,
Еңбектің ер тұлғалы батырларын.

Тілеумұрат:

Сәлем ал, Маңғыстаудың халқы атынан,
Түбектің жасы менен қарты атынан.
Сол сәлемді жолдады балықшылар,
Толқынына Каспийдің қарсы атылған.

Тауды бұзып, тастарды сүргілеген,
Бірдей етіп шығарған үлгіменен.
Дұғай сәлем деп еді жұмысшылар,
Шойын тасты тулақтай тілгілеген.

Тереңіне бойлаған алып жердің,
Мұнайшылар сәлемін алып келдім.
Құрылысшы боп таласқан заңғар көкке,
Зәулім үйлер сол жақтан салып келдім.

Мұнаралар сыңсыған жолымда тұр,
Бар байлығы түбектің қолымда тұр.
Балық та бар, мал да бар, мұнай да бар,
Бәріне де арналған ән, өлең-жыр.

Далам келіп теңізге құлай төнген,
Сол далада мыңғырып малым өрген.
Форт есімді қалам бар ертеректе,
Жағасынан Каспийдің бой көтерген.

Таңба қалған Тарастан әр тасында,
Асау ақын төзбеді қанша сынға?
Шаншып кеткен кобзарьдың бір шыбығы,
Баққа айналды қаланың ортасында.

Екі заман бұл қала бастан кешкен,
Бір кездері үстінен ақ шаң көшкен.
Революция түбекті оятқанда,
Болған талай бұл жерде астан-кестен.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз