Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шолпан мен Елеусіз айтысы (1-бөлім)

Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев · 2 мин оқу

Шолпан:

Сөздері жай оғындай жарқылдаған,
Ақындар айтысудан тартынбаған.
Алдында алқа топтың сөз бастайын,
Рұқсат етсеңіздер, халқым, маған!

Мерейі мерекеге шабыттанып,
Жүректер жыр бұлағын ағытты анық.
Сүрінбей сыннан өткен сан жүйріктер,
Келіпті бұл сайысқа бағытталып.

Қоздырып көпшіліктің арқаларын,
Осынау ақындардың марқаларын.
Әсімхан, Қалихан мен Көкен, Манап,
Танытқан талай көкпар тарта аларын.

Бойымды билеп алып тұр бір ағын,
Дегендей: «Ағыт, ағыт жыр бұлағын!».
Құлпырған қызғалдақтай көктемдегі,
Армысың өнер сүйген құрбыларым?

Армысың уа, астанам, туған қалам?
Мен де бір сөз өнерін қуған балаң.
Ұсынам жүрегімнен жыр шоқтарын,
Атынан Оралымның думандаған.

Армысың, Алатаудың ақындары,
Саф алтын кәусар сөздің батырлары?
Мүшелі Қазақстан тойы алдында,
Қызықтап жыр сайысын жатыр бәрі.

Бәтуа сөзге келмей тарқамалық,
Жыр үшін жігерімді сарқам анық.
Әбділда, Мұхаметжан ағаларды,
Көргенде, кеттім қазір арқаланып.

Қайнаған қызу еңбек даламыздан,
Еңбеккер үлкен-кіші, баламыздан.
Сәлемші – мен Оралдың қарлығашы,
Бас иіп тәжім етем араңыздан.

Сәулетті құшағында замананың,
Мен еркін қанатымды қаға аламын.
Торқалы Қазақстан тойы алдында,
Жырламай қалай тағат таба аламын?

Кенге бай, мол қазына әр төбесі,
Ақ бидай алқабында – дән төресі.
Жылма-жыл миллиардтың межесінде,
Елімнің арта берсін мәртебесі.

Осындай елдің құрыш қыранымыз,
Бейбіт күн, коммунизм ұранымыз.
Жасай бер, гүлдене бер, Қазақстан,
Арналған бір өзіңе жыр-әніміз.

Төрінен орын алып сахнаның,
Жыр селін шабыттана сапырамын.
Ақынын көрші облыс Ақтөбенің,
Өзіммен айтысуға шақырамын.

Жырларым жанарымда жарқылдайды,
Шабытым – теңіз, буы сарқылмайды.
Сөзбенен сілкілесіп көрейікші,
Шын жүйрік сайыстардан тартынбайды.

Елеусіз:

Алатауым, армысың,
Қарт шежіре, бармысың?
Баяғыдай сәукелең –
Төбеңдегі қарлы шың.
«Қайдан келіп қалды» деп,
Мен балаңа таңбысың?

Тап өзіңдей сабырлы
Көргенім жоқ тауды шын.
Бір өзіңнен табылар
Барша сурет, бар мүсін.
Талай ақын арнады,
Ықылас пен алғысын.

Алатауым – қарт бабам,
Тарих сырын сақтаған.
Мұндай сайыс көргем жоқ,
Айналам жүйрік қаптаған.
Қас тұлпарын өнердің,
Емеспін бұрын баптаған.
Желеп, жебеп шабыт бер
Қадамыма аттаған!
Толқиды екен қалайда
Осындай бір шақта адам.
Ақын Шолпан Жайықтан,
Барымды саған ақтарам.
Өзіңдей жүйрік дүлдүлмен,
Кездескенге мақтанам.
Еліңнің көріп табысын,
Сен үшін бүгін шаттанам.
Өзіңе бердім кезекті,
Назыңды жырмен айт маған.

Шолпан:

Өтті ғой содан талай арада күн,
Келмейді көп алдында қаралағым.
Оқудың түбін тескен жан болсаң да,
Жалғыз хат жолдауға сен жарамадың.

Болады бізде басым төзім деген,
Жігіт пе ең әлде қызды көзге ілмеген?
«Сарасы Ақ Жайықтың – мен» дегенде,
Біржан боп келе алмадың өзің неден?

Бойыңда жалындаған күшің тасып,
Тұрғанмен, ақын жігіт, ісің жасық.
Аулыңнан серік ертіп ала келдің,
Жүргендей сені менің мысым басып.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз