Манап пен Надежда айтысы (2-бөлім)
Манап Көкенов, Надежда Лушникова · 2 мин оқу
Тазалап табаныңды қалсаң-дағы,
Конверт ең арғысы алсаң-дағы,
Бір ауыз біреулермен сөйлескелі
Автомат телефонға барсаң-дағы,
Жұтады тиыныңды, берері жоқ,
Таусылмас елдің әуре-сарсаңдары.
Көшең мен мекемеңде қазақша аттан,
Бір қарап, қате таптым қаптап жатқан.
«Апыр-ау, қашан осы түзелер?» деп,
Күн сайын қанша кісі даттап жатқан.
Міне алмай автобусқа талай халық,
Тұрғанын көзбен көрдім қатты налып.
Өкпемді өлімші қып қысқан кезде,
Жаяулап кеткім келді түсе қалып.
Тұрағың – Ұзынағаш селосында,
Шындықты айтсам тәнті боласың ба?
Жоспарсыз қиқы-жиқы көшелерің,
Кешікпей қайта жөндеп саласың ба?
«Көше» деудің орнына «кәше» дейді,
Бір қатені он етіп еселейді.
Көше толған көп шұңқыр ойық-ойық,
Асфальтты неге дұрыс төсемейді?
Өзіңмен серік болып Қарғалыға,
Өкіндім көрмек болып барғаныма.
Шұғалы, шұғылалы өңіріңде,
Жолыңды жөндеп салып алмадың ба?
Тазалық, сәндік керек, өсер елге,
«Қадалып қалдың, – деме, – көшелерге».
«Жанында Алматының отырмыз!» деп,
Бекерге желдей шалқып есе берме.
«Табысым – таразыны басты!» деме,
Айқаймен «абыройым асты!» деме.
«Астана – Алматыны көрген кезде,
Бұл ақын Сырдан келген састы», деме.
Ақынның құмар болар ойы асылға,
Келер жыл кемшілікті жоясың ба?
Әлі бар астанада сәнсіз көше,
Немене, көрмеге оны қоясың ба?
Шоқ жұлдыз – Абай, Шоқан, Ыбырайым,
Қазақта кім білмейді мұның жайын?!
Ыбырайға Алматыда ескерткіш жоқ,
Өнерлі болғаныңды не қылайын.
Өкінем: «бұл қалай?» деп, келген сайын,
Айтудың таппай жүр ем бір орайын.
Ескертем жақын жерден басшыларға,
Ескерткіш сал, келіп бір құттықтайын.
Мұратбаев Ғанидың сарайында,
Бейнесін орнатпақ боп маңайына.
Он үш жыл болды қаулы алынғалы,
Жұртым-ау, нанбайын ба, нанайын ба?
Надежда, егер шамаң келмей жүрсе,
Жерлесім ед, жайыңды айт ағайынға.
Жұмысты жинап тастап ауылдағы,
Мүсінін өзім келіп соғайын да.
Мәдениет қайраткері ең бір мықты,
Аңыз қып жұрты айтып жүр Жүргеновті!
Жұмысын бес министр өзі атқарып,
Болғанда ол Наркомпрос көзге ілікті.
Еске алып сексенінде еңбегін бар,
Бас қосу, талай жиын арнадыңдар,
Атында театр, мектеп, не көше жоқ,
Бар болса, айтшы, қайдан көргенің бар?
Қазақша оқып, қазақтың тілін білдің,
Бойынан сусындадың шырын жырдың.
Көркіңе, өнеріңе қызықтырып,
Қазақтың бір жігітін иілдірдің.
Сыр елінен ақындық үйрендің де,
Ағаңа қарсы ұмтылып, қырын жүрдің.
Әй, қайдам, байқауымша, Надеждажан,
Мені де келіп тұр-ау сүріндіргің?
Надежда:
Ақыны үзілмеген айдынынан,
Облыспыз өзге ығар айбынынан.
Ондаған миллиард сом әр жыл сайын,
Өндірген өнімінің дайынынан.
Озат көп еңбегінде салтанаты,
Сан ерім аудан, облыс депутаты.
Мен шыққан биігіме жете алмайсыз,
Ағаеке, көкке тіреп қоймай саты.
Шелектің темекісін түтіндеттің,
Ілемнің жедің қантын қарш-қарш шайнап,
Еңбекшіқазағымда жүзім, алма,
Көргенде есің кетті көзің жайнап.