Жұмаш пен Айтуған айтысы (2-бөлім)
Жұмаш Оспанбекова, Айтуған Шәйімов · 2 мин оқу
Дәулетті бір ауданым – Күрті деген,
Бұл күнде облыста дүркіреген.
Өсіріп жүз саулықтан жүз он қозы,
Көш бастап келе жатыр көркіменен.
Әрине, туған жерді мақтан қылам,
Іленің толқындары жатқан бір ән.
Жұмашжан, Балқашыма қонақ болғын,
Ондатр тон кигізіп аттандырам.
Көз жетпес Балқашымның аумағына,
Қондырған бақыт құсы бау-бағына.
Халқымның жарық жұлдыз маңдайдағы,
Депутат Димаш аға ауданымда!
Дәуірдің ұранындай Жамбыл әні,
Ұрпақтан-ұрпақтарға жаңғырады.
Отаны ұлы ақынның – Ұзынағаш,
Өлеңмен сусыныңды қандырады.
Мақтаған араладым Қапалыңды,
Кей жайы көңілімді қапа қылды.
Көрем деп жақсы жағын әуре болып,
Жүргенде астымдағы ат арыды.
«Көлтабан» өзің туған ауыл екен,
Құт қоныс, сайы – пана, тауы – мекен.
Қашатын қонақ келсе сол колхоздың,
Өзіңе бастықтары бауыр екен.
Жүйрік деп естіп едім Қапалдағы,
Жол жорға, жабы екенсің қатардағы.
«Арасан» колхозының бастықтары,
Қой жұтып, есіңде ме қақалғаны?
Құмар ем айтысуға көптен бері,
Қыруар мін түзелді ме өткендегі?
Тартпайды қырық кило үлкен қойың,
Соншама қоян болып кеткен бе еді?
Белгілі сырды айтпай сырғытарың,
Онымен деп отырсың кімді ұтамын?
Бір кезде қойларыңа шөп орнына,
Беруші ең қарағайдың қу бұтағын.
Әріптес, кеңесіме сал құлағың,
Бір емес сөз түсінсең, сан құладың.
Күн сайын күрт төмендеп келе жатыр,
Қой завод асыл тұқым Сарбұлағың.
Қызылжар дейтін бардым ауылыңа,
Күреңбел қоныстанған бауырында.
Халыққа кітап берер апайыңыз,
Шауып жүр ет дайындап сауығыңа.
Ал, Жұмаш, шырқашы бір дара самғап,
Берейін сөз кезегін өзіңе арнап.
Бірақта сөйлер болсаң, анық сөйле,
Мен емес кететінің балаша алдап.
Жұмаш:
Жалғыз-ақ мақтай берме ауданыңды,
Көрсеңші алысырақ аумағыңды.
Көргенде толып жатқан олқылықты,
Тістерсің өзің-дағы бармағыңды.
Сезбесең өлеңімнің жай тастарын,
Орынсыз меніменен шайқаспағын.
Өзі де аз уақытты «ұрлап» болып,
Шұбыртпа шумағыңмен ойқастадың.
Бір сәтке қоя тұрып басқа жағын,
Бақсаңшы халқыңның да қас-қабағын.
Салына берме, ақыным, бос мақтанға,
Жамылып абыройын астананың.
Астана бәрімізге ортақ қала,
Орынсыз ортақ іске жалпақтама.
Сіңірген адал еңбек, теріңменен,
Еңбекті айт, ерлеріңді айт, ақын бала!
Сен болсаң өлең сөзден іркілмеген,
Болғанмын, Айтуған-ау, Күртіңде мен.
Ауданда үш күн қонғам, машинаңмен,
Жүре алмай үш шақырым күркілдеген.
Заманда мынау бақыт жайған гүлін,
Жаныңа батар анық қойған мінім.
Шашылған техникаңды жинадың ба,
Ақши мен арасынан Айдарлының?
Жөн болар жүйесімен сөге білген,
Бар-жоқты өз көзіңмен көре жүрген.
Жеті өгіз бақташының мойынына,
Жетпіс боп еселеніп неге мінген?
Орынсыз шүйілгенше дүркін-дүркін,
Сақтасаң, дұрыс сақта қоғам мүлкін.
Қойларың шала-пұла таз тырнадай,
Қырқылған, көрген сәтте келер күлкің.