Тілеумұрат пен Қалидолла айтысы (2-бөлім)
Тілеумұрат Қожабеков, Қалидолла Зекенов · 2 мин оқу
Жаңа заман сәулесін шашқанында,
Жұртшылық соған қадам басқанында,
Саңқылдаған үнімен самал есіп,
Киров келіп жиналыс ашқан мұнда.
Теңдік үшін азамат талай жортқан,
Қайраткерлер осындай бізге соққан.
Ленин тапсырмасын орындауға,
Ер Жанкелдин аттанып кеткен Форттан.
Форт-Шевченко осындай көне қала,
Қала саны көбейді бара-бара.
Бұл күнде дәулетіне сәулеті сай,
Шаруашылық, өндіріс сала-сала.
Тарихтың осындай көп сыры қалған,
Көне көзді қарттар бар тірі қалған.
Жүз он жылдық тарихы мектебім бар,
Бірнеше ұрпақ тәрбие, білім алған.
Нелер жайсаң бұл жерде оқымады,
Қарттар оны еске алып отырады.
Жақында қонақ болып келіп кеттің,
Ыстық болар сізге де топырағы.
Жатқа соқсам Тарастың жазған жырын,
Жалын шарпып, от болып маздар үнім!
Неге бізге келгенде көрмей кеттің,
Музейін украин кобзарьының?
Жүрісіңді осындай суыт көрдім,
Мен болсам, сен келер деп уық кердім.
Қашқанменен қоймадым, ақырында,
Алматыға соңыңнан қуып келдім.
Араласаң Шевченко көшелерін,
Теңіз жақтан шалқыған еседі үн.
Бара жатқан биіктеп сан үйлерге,
Қарап тұрып келеді өсе бергің.
Өзен деген қаламды араладың,
Кездестірдің әр ұлттың сан адамын.
Жаңаөзеннің алғашқы ірге тасын,
Он бес жыл бұрын ғана қалағанмын.
Бейнеу деген аудан бар алыстағы,
Гурьевпен көршілес қоныстары.
Шаруашылық, өндіріс қатар дамып,
Тасып жатыр мұның да табыстары.
Кең жайлаудан көсіліп ән шығады,
Әнмен бірге көңілің аршылады.
Бұл ерлер – жарыстардың жеңімпазы,
Маңғыстау ауданының малшылары.
Түнде келсең, көз керек қарауыңа,
Қызыл жалын жан-жаққа тарауына.
Мұнай атқан алғашқы Жетібай тұр,
Оранып ап газдардың алауына.
Қала орнаттық ғажайып жерге тақыр,
Тасболатты жырыма қосқан мақұл.
Бозашыдан барлаушы мұнай тапса,
Шуда газға шаншылып Теңге жатыр.
Ал, ақын, шаруашылық жайың қалай?
Жасампаз жаңа дәстүр сәнің қалай?
Бәрін де өз аузыңнан есітейін,
Қабылдап әр сөзіңді шынға балай.
Қалидолла:
Әр уақытта жөн болар
Әдептен көп аспаған.
Жаңа өзің мақтаған
Қазыналы Маңғыстау
Таусылмайтын дастан ән.
Құлақ түріп отырған
Бүкіл әлем, астанам!
Жер астына жеті қат
Тұңғыш түрен тастаған.
Өтебаев Сафи мен
Өзбекқалиев Халелдер,
Өтесінов Рахмет,
Табиғаты қатал деп,
Қиындықтан қашпаған.
Жер жарып тұр бүгінде,
Маңғыстаудың атағы.
Қарбалас қызу еңбекпен,
Таңы ерте атады,
Күні кештеу батады.
Сонда-дағы мамандар
Ағыл-тегіл уақытпен
Запас бөлшек жеткізбей,
Айқайласып жатады.
Маңғыстаудың бір кезде,
Бой бермеген фонтаны.
Тұншықтырып алыпсың,
Кеңге салып арқаны.
Өзеніңді өрелеп,
Жетібайды тұсапсың,
Есіңде бұл жөніңде,
Қозғау салар көңілге,
Тереңнен ой қазғаны,
«Правданың» жазғаны.
Осы жолда сендердің
Қолдарыңды байлаған.
Жетпейді екен тұщы су,
Түтікпенен айдаған.
Зиян шегіп сондықтан,
Қағылыпсың пайдадан.
Ағайынға сәлем айт,
Мыңғыртып мал айдаған,
Жарты аралды жайлаған.
Мол су күтіп отырған,
Сонау Амудариядан!
Тілеумұрат, досым-ай,
Кемшіліктің сендерден
Көрдік біз де талайын,
Дүрбі салып қарайын.
Он жыл бойы салса да,
Бітіре алмай келеді
Құрылысшылар Өзенде
Мұнайшылар сарайын.
Шалғайдағы Маңғыстау
Ауданында әлі күн.
Шүкір еткен үйлер бар,
Білте шамның жарығын.
Мәдениет жағына
Көңіл бөлмей басшылар,
Көшелерін шаң басып
Жатыр кейбір ауылың.
Ағаш егіп бір кезек,
Көркейсеңші, бауырым!