Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шолпан мен Елеусіз айтысы (4-бөлім)

Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев · 2 мин оқу

Мол мұра өткен ұрпақ бабамыздан,
Көп шықты ұлы адамдар даламыздан.
Нұрпейіс Байғанинді кім білмейді,
Көмейден жыр ағызған, бал ағызған!

Сіңірген жүрегіне даналықты,
Туған жер туғызыпты сан алыпты.
Космонавт Пацаев пен Әлия батыр,
Ақтөбе топырағынан жаралыпты.

Кім білмейді Шығанақ Берсиевті,
Кезінде қас тұлпардай көсіліпті.
Тарыдан рекордтық өнім алып,
Атамыз диқан даңқын өсіріпті.

Даламыз алуан сипат түрге енеді,
Қаламыз жылдан-жылға гүлденеді,
Өскенін көріп бүгін Ақтөбенің,
Көмейге өз-өзінен жыр келеді.

Шолпан:

Тамаша табиғатын көзің көріп,
Ақыным, қалмады ғой, өзіңде ерік.
Қыз Жібек елін сүймеу мүмкін емес,
Неше бір болса-дағы төзім берік.

Көтерген көпшілікте бастама тың,
Динамның құрметтейді астана атын.
Қатысып фестивальға Гаванада,
Танытқан Қазақстан жастары атын.

Сөз етсем, толып жатыр тағы басқам,
Төгілген термен даңқы, бағы асқан.
Тасытқан табысы мен ел байлығын,
Олардың өмірі де лағыл дастан.

Беріле еңбек еткен Отанына,
Мақтанам Құбашевтай шопаныма.
СССР лауреаты атанды ол,
Жылма-жыл отар қосып отарына.

«Жетеді ерлеріміз біздің» деймін,
Несіне топ алдында тізімдеймін.
Соғылған бесжылдықтың балғалары,
Еңбектің көрігі бар үзілмейтін.

Ерлерім тұрды сертке, антында адал,
Мақтанбай мен қалайша тартына алам?
Туында ордені бар Оралымның,
Бейнесі күн көсемнің жарқыраған.
Отырсың елдің жайын өзің біліп,
Ақыным, бола қоймас сөзіңде ілік.
Ақ Жайық, ару Шаған жағасында,
Ән шырқап, жыр толғадың көзің күліп.

Мадақтап көк майсалы қыр құйқасын,
Ағыттың жүрегіңнен жыр ұйқасын.
Аттандың тамсанумен біздің елден,
Қия алмай «Правданың» Ритасын.

Қыздарға қырындадың жырыңды айтып,
(Білмеймін жүргеніңді бұрын қайтіп?)
Мінезі жеңешемнің қандай еді,
Қойдың-ау қызбалықпен сырыңды айтып.

Мен емес сөйлер сөзден ұтылатын,
Іздегін амалыңды құтылатын.
Кезегің келді сенің, қарсыласым,
Ілігіп қармағыма тұтылатын.

Жалындап жастығыңның арқасында,
Жақсыны тек өзіңе тартасың да,
Ақтөбең сән-салтанат құрып жатыр,
Оралдың ақ кірпіші арқасында.

Жоспардан шықпай жылда тұралаған,
Заводың тиын пайда құрамаған.
Іргеңді қазір аулақ салғанменен,
Кезің жоқ бізден кірпіш сұрамаған.

Белгілі көмекшіңбіз бас тартпаймыз,
«Қол ұшын бердік» деп те тасымаймыз.
Төрінде астананың жауап берші,
Ақыным, қашанғы біз «асыраймыз?»

Жүресің жаңалықтан қағыс қалып,
Төрт түлік өсірмейсің бағысқа алып.
Түйені ұмытыпты қобдалықтар,
Осыған қалдым тағы намыстанып.
Түйенің қасиетін құптайсыңдар,
Өсіру керектігін ұқпайсыңдар.
Шілдеде шөл қысқанда сусын сұрап,
Шұбаты бар үйлерден шықпайсыңдар.

Төске өрлеп ерлеріңнің бақ, табысы,
Болып ең республика мақтанышы.
Тауығың тауысты ма, қайда кетті,
Атақты Ақтөбенің ақ тарысы?

Ғарышқа қадам басқан ел сүйікті,
Түлеген жылдан-жылға жер сүйікті.
Ақтөбең ақ тарысын жоғалтқанмен,
Еліміз ұмытпайды Берсиевті.

Жетеді көп алдында қызарғаның,
Жанбыз ғой жігіттердің ұғар жанын.
Берейін кезегіңді шырқап жібер,
Бар болар үйде жазып шығарғаның.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз