Манап пен Надежда айтысы (1-бөлім)
Манап Көкенов, Надежда Лушникова · 2 мин оқу
Манап:
Надежда, сау жүрсің бе, қарындасым,
Жалын ең жасыңнан-ақ бағың басым.
Өнерде өрге жүзген бір жүйріксің,
Қуанам сіздей жұптас табылғасын.
Сыр бойы, Жетісуда тел өссең де,
Білемін Қызылорда жағындасың.
Екеуміз Асқар ақын шәкіртіміз,
Ақын боп баста бізде танылғансың.
Өнерді қызғанбаймын өз басыңнан,
Ырысың күннен-күнге қалыңдасын.
Жырлаумен ел мейірін, ер бақытын
Еңбегін паш етудің қамындасың.
«Жұптасым», «қарындасым» дегеніме,
Күйеуің қызғаншақ боп «қағынбасын».
Өзіңсің бүгін Шолпан, Сарамыз да,
Бүгінгі Мариямсың арамызда.
Сыр менен Жетісудың мақтанысың,
Жасырып мұны көптен қаламыз ба?
Жеріңнің құты болған – жеті өзенің,
Қазақпыз енші алмаған, о да өз елім.
Еңбекқор түгел сау ма кәрі-жасың?
Сыйлаймын сырт жүрсем де өнер елін.
Осы елде туған Жамбыл, Үмбетәлі,
Келеді келген сайын, келе бергім.
Шалқышы 60 жылдық мерейтойда,
Ендігі сөз кезегін сізге бердім!
Надежда:
Мен-дағы тарта тудым түріңізге,
Сайраған сандуғаштай тіліңізге.
Тұсыңа қарындасың келіп қалды,
Біріміз ұқсағасын бірімізге.
Ағасы, есенбісіз, сөз зергері?
Асықты жүрек тулап, көз көргелі.
Халайық, артықтау ғой Сара ақынға,
Ағаның Надежданы теңгергені.
Есен бе, «Талап» деген совхозыңыз,
Аман ба ел-жұртыңыз, жалпы өзіңіз?
«Нартайдың бағы қонған, – дейді халқың, –
Айтыста шалдырмайтын жампозымыз».
Сайыстың небір ақын саңлағымен,
Соларға болар ма екен салмағым тең?
Дегенмен, бүгінгі күн сақ бол, аға,
Артыңнан ере шыққан тайлағың – мен.
Айтуға Алматымдай ел ордасын,
Жырдың мен сайлап алдым бір жорғасын.
Үйіме өлең түнеп жүрген жанмын,
Біздерді өнер қуған ел қолдасын!
Қазағым, мен бір қызы жыр бағының,
Жаңылмай ақын жүрек, жырла бүгін!
Жамбылдай заңғар таудан басын алған,
Мен сенің күмбірлеген бір ағының!
Қазақтың Октябрьден жетілгенін,
Құлдықтың қыл арқанын кетіргенін,
Достықтың, жақсы айттың, Манап аға,
Туысқан ел орнатқан көпірлерін.
Өсірді бір де қақпай бетімді елім,
Жеткізіп мен секілді жетімдерін.
Тауларын молшылықтың жасаудамыз,
Елемей шет дұшпанның лепіргенін.
Еліне бағыштаған ақ арманын,
Еңбекте көп қой менің майталманым.
Есімін атауыма бір жыл берсең,
Дастан қып әрқайсысын айта аламын.
Бүгінде әйел, қыз жоқ басы мұңды,
Ұғарсыз орынды деп тасуымды.
Қыздардан ермен бірдей тізгін тартқан,
Мен бүгін ала келдім шашуымды.
Тарқамас өлең деген базарымыз,
Ақында біз емес ек осалыңыз.
Өнер мен күш – атасын танымайды,
Ағасы, сәлем бердім, қош алыңыз!
Манап:
Айтысқа кім құмартар, сын болмаса,
Жұрт нанбас жалған сөзге, шын болмаса.
Мақтауды мұрат етпей екеуміз де,
Аз ғана қағысалық, тым болмаса.
Мен өзім Алматыға көп келемін,
Жемісті, кемісті де көп көремін.
Қарындас, артық айтсам өкпелеме,
Ескертіп біраз жайды кетпек едім.
Не жетсін Алматыға, астанаға,
Өлке ғой үлгісі мол басқаға да!
Төпелеп автоматты бір түн жүріп,
Тап болдым су іше алмай масқараға.