Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шолпан мен Елеусіз айтысы (2-бөлім)

Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев · 2 мин оқу

Тастайын сынды бірден сірестіріп,
Соғайын сөзден қамал тірестіріп.
Елеусіз, мен өзіңді жеп қоярдай,
Келіпсің жұбайыңды ілестіріп.

Мен өзім айтысудан тартынбаймын,
Егессең, найзағайдай шартылдаймын.
Көзіңе кішілеу боп көрінгенмен,
Айтыста салмақтымын, алтындаймын.

Жер болсаң, гүлің болып ашыламын,
Күн болсаң, нұрың болып шашыламын.
Байқамай, намысыма тиер болсаң,
Шоқ болып табаныңа басыламын!

Шабытым Ақ Жайықтың ағынындай,
Екпінім жанартаудың жалынындай.
Қол созған жігіттерге жеткізбеймін,
Көктемгі көк жиектің сағымындай.

Айтып бер, ақтөбелік табысыңды,
Байқайын топ алдында шабысыңды.
Елімнің сенім артқан еркесі едім,
Ешкімге жібермеспін намысымды.

Елеусіз:

Мен өзім «тұлпармын» деп мақтанбаймын,
Және де «жабымын» деп жасқанбаймын.
Әділін тура айтамын кім де болса,
Жаныма, намысыма батқан жайдың.

Ақ Жайық дәстүрі мол, салты бар ел,
Өсірген талай-талай даңқы бар ер.
Сүймеймін жұрт алдында асқақтауды,
Кім жүйрік, кім шабанын халқым білер.

Ақынға салтымыз бар қуанатын,
Әрдайым жақсылықпен құп алатын.
Шолпанжан, халің қалай, қарындасым,
Шәкірті Тайыр, Хамза, Жұбан ақын?

Кеудем – күй, жүрегім – ән, жаным – дастан,
Келемін сол қарқыннан жаңылмастан.
Дәстүрін ақын Сара жалғастырған,
Өзіңдей айналайын, қарындастан.

Өнер мен өлеңім ғой бағымды ашқан,
Бүгінгім нұрлы шапақ таңға ұласқан.
Айтыста жеңілсем де арманым жоқ,
Өзіңдей сүйкімді бір қарындастан.

Өйткені жолың – үлкен, сырың – нәзік,
Ағаңа дидарың мен жырың азық.
Айтатын тілегім бар, айтыстан соң,
Қалмайын, қарындасым, көзім жазып.

Артса егер мойыныма жүгін елім,
Әділдік ел алдында жүгінерім.
Дауысың ақ бұлақтай сылдырлайды,
Осылай шырқарыңды біліп едім.

Шықтың-ау әзіліңмен дараланып,
Ойлама, қалар-ау деп ағаң налып.
Шолпанжан, қайдан білем күйеуіңнің,
Үйіңде қалатынын бала бағып.

Айтысқа жүрейін деп жатқаныңда,
Үйіңнен еретін жан таппадың ба?
Шолпанжан, ең болмаса телефонмен,
«Күйеуім келмейді» деп айтпадың ба?

Ақынның осындайда қиялы көп,
Келеді әзілдері зиялы боп.
Шырағым, шалғай жерде жүргеніңде,
Болғаны әйеліңнің зияны жоқ.

Шолпан:

Жырлайын мен өзімше бөгелместен,
Күркіреп көкірегімнен өлең көшкен.
Көңілден шықпай жатсам кешіріңіз,
Көпшілік құлақ түріп елеңдескен.

Несіне мен өзімді ұсақтайын,
Гурьев, Ақтөбе, Орал – үш ақ қайың.
Жатады ел аралас, қой қоралас,
Кездессек, қуанамыз, құшақ дайын.

Иесі болмасам да жыр тағының,
Бойына жинай білген сыр, тағылым.
«Үш жүзге ән оздырған» әнші Мұхит,
Елінің өнер қуған ұрпағымын.

Ұқтырған күймен мұңын, зарын-дағы,
Қазақтың күй атасы, дарындары.
Дина мен Құрманғазы перзентімін,
Даңқы өшпес Махамбеттің Нарындағы.

Қойдыңыз білместікпен сұрақ маған,
Төрінен мен тарихтың сыр ақтарам.
Оралдың төрт ғасырлық шежіресі,
Пушкин, Даль, Толстойлар тұрақтаған.

Жайнаған бүгінгі күн гүл өсірді,
Қаламның отты жылда үлесі ірі.
Ерліктің символындай аспанында,
Пугачев, Чапаевтың жүр есімі.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз