Шолпан мен Елеусіз айтысы (3-бөлім)
Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев · 2 мин оқу
Жолында құрбан болған біздің арман,
Есімін жүректе ел тізіп алған.
Ерлердің Фрунзе мен Фурмановтай,
Оралдың көшесінде ізі қалған.
Мақтаныш Қазақстан ұл, қызына,
Шығыстың жарқыраған жұлдызы да –
Ордада туған біздің Мәншүк батыр,
Даңқына бүгін әлем тұр қызыға.
Кешесі мен бүгіні толы аңызға,
Кәрі-жас көңіл бөлген мол аңызға.
Қазақстан жерінде ең бірінші –
Тігілді Советтік ту Ордамызда.
Ерлігін ерлерімнің дәріптеген,
Таныстың тарихы зор тарихпенен.
«Ер Чапай, батыр Мәншүк» деп қазір де,
Оқиды жас ұрпақтар «Әліппеден».
Белгілі көзбен көріп танысқаның
Оралдың қол жеткізген табыстарын.
Қызыл Ту желбірейді жеңіп алған,
Өзіңмен социалистік жарыстамын.
Көрікті қаламыз да, даламыз да,
Білікті анамыз да, баламыз да.
Ғылымға үлес қосқан оралдықтар,
Жүр бүгін астанада, арамызда.
Талантты өнерлі елде туады адам,
Ән мен жыр тұнып тұрған дарқан далам.
Өр Қасым, ғалым Қажым, Хамза, Тайыр –
Халықтың ұлдары ғой, мақтана алам.
Өнердің өрісінде қарыштады,
Қадыр мен Сағынғали, Ақұштабы.
Ескендір, Ғарифолла жолын қуған,
Белгілі таланттардың тағы ұшқаны.
Жоқ менің сөйлер сөзден тоқырарым,
Шындықты айтпай қалай отырамын?
Таралған бір тамырдан еңбек, өнер,
Ақ Жайық қасиетті топырағым!
Елеусіз:
Бақыттың нұрын шашқан елім менің,
Шығыстан желпіп жатқан өмір лебін.
Алпысың құтты болсын, республикам,
Сен үшін биіктеді көңіл-көгім!
Қазағым, сен де елсің дара туған,
Бір жүрек, мың тілектен жаратылған.
Алдыңда айнымайтын ағаң орыс,
Қайғыңа ортақтасып ара тұрған.
Қазағым, көңілің дария шалқып жатқан,
Жауыңды тұлғаңменен қалтыратқан.
Бабамның арманысың – Қазақстан,
Шығыстан аппақ таңдай балқып атқан.
Барша ұлт, барша халық туыс маған,
Жандармыз арға тиіп ұрыспаған.
Сан ұлттың ыстық ұя, ордасысың –
Достықтың биік туын нық ұстаған.
Артып тұр, Қазақстан, бақ, талабың,
Сондықтан өлең селін ақтарамын!
Ырысты миллиардтың мекенісің,
Сол үшін, сүйікті елім, мақтанамын!
Мен бүгін қуаныштан шалқаямын,
Шаршасам, сары далама жантаямын.
Даңқты ұлы тыңның авторысың,
Сол үшін Қазақстан марқаямын!
Жері – құт, елі – дарқан, халқы байдың,
Қойнауы ырыс тұнған алтын айдын.
Қазағым – космонавтар Отанысың,
Сол үшін қалайша мен шалқымаймын?!
Дүбірлі өнер қызған шақта нағыз,
Халқымның шежіресі жатқан аңыз.
Жерімде Абай, Мұхтар, Қаныш туған,
Сол үшін кеуде кере мақтанамыз!
Осылай мақтанбаймыз қалай ғана,
Күн болып, нұр атыпты арайлана.
Күш-қайрат, істеріңе риза болып,
Емірене берді ырысын талай дала.
Санасқан олар емес уақытпенен,
Тел өскен өздерімен бақыт деген.
Зейнеттің олар берген бал, шырынын,
Күн сайын құмарлана татып келем.
Мен бүгін соларды айтып желпінемін,
Өмірден талай дерек келтіремін.
Ғалымов – Еңбек Ері, тарлан шопан,
Екі етпей орындаған ел тілегін.
Ағызам олар жайлы ән бұлағын,
Маздатып шабыт отын жандырамын!
Бақташы Қосақбаев Базарбайды
Қалайша мадақтамай қалдырамын?!
Ісімен өзін елге сүйікті етті,
Бар шаттық көкірегіне сыйып кетті.
Әйгілі құрылысшы Кереевім,
Жыл сайын Ақтөбемді биіктетті.