Абай мен Әсімхан айтысы (3-бөлім)
Абай Асылбаев, Әсімхан Қосбасаров · 3 мин оқу
Бәйсімбетова Төкенің
Өз міндетін білмейді,
Менен артық кім дейді.
Төкенде мінез нашарлау,
Жәбірлеп елді тілдейді
Бір ай ауырып жатса да,
Көмегі оның тимейді.
Әжептәуір колхозды
Бір дәрігер кірлейді.
Қамқорлық жасап шопанға,
Еңбегі сіңген Отанға.
Қойларын бағып шығынсыз,
Ен жайлауым Топарда.
Оқытып жатыр жеті жүз
Малшылардың баласын,
Жоқтатпай ата-анасын,
Директоры Жадрин
Білімнің беріп жаңасын,
Кітаптың беріп тазасын.
Тоғыз түрлі мамандық,
Бұл мектептен аласың.
Мұқтар жігіт басқарған,
Көрдің ғой шеберханасын.
Бір кнопка басылса,
Жонып жатыр ағашын.
Жадриннің үлгісі,
Облысыңа тарасын.
Осындай мектеп салдыртсаң,
Ақыным, сонда жарарсың.
Малшылардың баласы
Білімді болып өсуде,
Еңбектері есімде.
Ленин орден жарқырап,
Жарасып тұр сән беріп,
Жадриннің төсінде.
Сіздің Киров ауданда
Интернат, мұндай мектеп жоқ,
Малшыға жағдай еткен жоқ.
Шопанға жағдай тумаса,
Төл менен жүн, ет те жоқ.
Сегіз класс бітірмей,
Оқуды тастап кеткен көп.
Ірі аудан деп санайды
Нарынқол, Жамбыл, Кегенді,
Қала мен дала теңелді.
Естуіңіз бар шығар,
Молдасанов дегенді.
Еңбектің академигі,
Малшыдан озған шеберді –
Бүкіл елге беделді.
«Прогрестен» көрдіңіз
Әсиядай шоферды,
Рульге жастан отырды.
Сіздің жақтың қыздары
Жүргізбек түгіл, әуелі,
Машина көрсе, шошиды.
Тұлпарын баптап байлаған,
Соқасын өткір қайраған.
Жастық отпен Базаркүл,
Тракторды айдаған.
Жоспарын артық орындап,
Уәдесінен таймаған.
Чемпион қыз атанды –
Жетеді оған қай балаң?
Жандыбаева басқарған,
Комсолмол бригадасы.
Жастарға нұсқа әр ісі.
Тасқындап батыл табысы.
Таңғалдырды талайды,
Мал бағудағы әдісі.
Әр қойы алпыс килограмм
Мемлекетке ет берді.
Жылдағыдан көп берді,
Жарысқа түскен сіздерді,
Қанжығаға бөктерді.
Бес килодан жүн берді,
Жеті мың қойы шығынсыз,
Жоспарын артық үлгерді.
Қазақстандық комсомол,
Жақында бәйге, сый берді.
Бір мың сом ақша, диплом,
Жайқалған Қызыл Ту берді.
Еңбек Ері совхоздың
Жандыбаев шырқады,
Толтырды төлге қырқаны.
Социалистік жарыста,
Малшының озған тұлпары.
Жүз аналық саулықтан
Жүз тоқсан қозы алған,
Жігіттің нағыз сұлтаны.
Жүз биеден алынды
Тоқсаннан көп құлыны,
Болған жоқ малдың шығыны.
Жылқы баққан Мұқаштың.
Құтты болды құрығы,
Төрт жүз алпыс килограмм.
Етке өткен әрбір сиыры.
Көп ұлтты елді көркейтіп.
Қамтып жатқан Көкбазар,
Бір өзінде төрт базар.
Табылмайтын нәрсе жоқ,
Берекесі көп базар.
Оңға қарай бұрылсаң,
Бал мен сүт, май, ет базар.
Солға қарай бұрылсаң,
Өрік, мейіз, шөп базар.
Көкбазар әсем нұрланып,
Алма ағашы ырғалып.
Қыздарға ғашық болыпсың,
Театрға бір барып.
Өз обалың өзіңе,
Жете алмай қалған құр қалып.
Баланың сөзін айтасың,
Үлгілі сөзді жырлалық.
Өнер, ғылым, білімің
Алматыдан тарайды.
Өндірісім табыспен,
Қарсы алып тұр әр айды.
Қаскелеңнің тауында
Долана, шетен, аршамыз,
Адасып кетпе, барсаңыз.
Қарағай, қайың, тал, терек,
Тау жаққа көз салсаңыз.
Меймандарды Медеуде
Қабылдаймыз қанша біз!
Он шақты жерде қонақ үй,
Демаласыз, қонсаңыз,
Дайын тұр түрлі моншаңыз.
Жеңе алмайсың бәрібір,
Абай ақын, қайтеді,
Айтыспай-ақ қойсаңыз!
Кітапхана біздегі
Көркемдігі тамаша,
Жобасы оның жаңаша.
Кілемнің өрнек түріндей,
Көз тартады, қараса.
Миллион кітап сыйғандай,
Әр бөлмесін санаса.
Алғаш рет, көргенде,
Қызығып едің балаша.
Талдықорған үйлері, –
Бұл үйлерден аласа.
Абай ақын, қол алып.
Ризалықпен таралық.
Қағысып алдық шамалы,
Кемшіліктер түзелсін,
Халыққа айтып баралық!
1980 жыл.