Абай мен Әсімхан айтысы (2-бөлім)
Абай Асылбаев, Әсімхан Қосбасаров · 3 мин оқу
Қайыңы мен терегін.
Туған жердің осындай,
Ұшан-теңіз байлығы,
Шабыт беріп өзіме,
Мені ақын дегізіп,
Бір сүрінбей келемін.
Топырағы торқадай
Мұқырдың кербез даласы.
Қызылша, бидай жайқалған
Мұқыр – жердің анасы.
Көз тартады алыстан
Ақ шағала қаласы.
Қатар тартқан асфальт жол –
Он саусақтың саласы.
Мәдениет сарайын
Өзіңіз барып көргенсіз,
Мектеп пенен кеңсенің
Сәніне таң қаласыз.
Көлемінде колхоздың
107-ден қозы алып,
Шаруасы өрлеген.
Әрбір қойдың басынан
Төрт жарым кило жүн қырқып,
Намысын қолдан бермеген.
Бағанадан мен айттым
Майы тамған жерлерді,
Атағы шыққан ерлерді.
Астаналық облыста
Директор болған әйел жоқ,
Айтсам сынап сіздерді.
Мойындайсыз бұлтармай,
Аралап көргем барлығын
Бұл жағынан алғанда,
Шаруаңыз кем келді.
Теледидар, газеттен
Оқып көрген боларсыз,
Тамшыбаева Зылиха
Он жыл болды, мінеки,
Бір совхозды меңгерді.
Артта қалған совхоздың
Шаруашылығы жөнделді.
Әсімхан:
Жастарым жолдамамен тыңға аттанды,
Тау мен тас іс түспеген шыңға аттанды.
Қайтпайтын, қажымайтын біздің жастар,
Аралас қыз-келіншек бірге аттанды.
Тойға арнап сәлем айтты пионерлер,
Шоферлар, тракторист, инженерлер.
Кешегі жаудың күлін көкке ұшырған,
Бабажанов Дадаштай ардагерлер.
Сәлемін мен арқылы көпке берді,
Көп үшін қызмет етсең, жеткереді.
Көкталда елу-алпыс тоқал там бар,
Құлаған жоқ па солар, аман ба әлі?
Су өтіп төбесінен жазым болса,
Тимей ме жанұяға залалдары?
Күн райы өзгереді деген сөз бар,
Екеулеп сендер жаққа хабарлады.
Орынын бульдозермен сүріп тастап,
Қалайша әлі күнге жаңармады?
Құрылысшы жоқ па еді сендер жақта,
Еліңнің не істеп жүр мамандары?
Ақыным, бұл сөздердің жауабын бер,
Тосып тұр уәжіңді бірталай ел.
Кемшілік түзететін шашыңнан көп,
Аралап ауылыңа бір барып кел.
Бар шығар маған айтарың,
Не айтуды байқағын.
Үмбетәлі ақыннан
Жеңілгенін білесің
Жапсарбаев Қалқаның.
Абай:
Қалқаны жеңген емес ақын Кенен,
Ал, өзім кем түспеймін, аға, сенен.
Арғы атаңыз Сүйінбай
Жиені екен бұрынғы
Атақты ақын Қабанның.
Бір жыл еріп қасына,
Бата алыпты Қабаннан.
Қабаннан бата алған соң,
Ақын болып Сүйінбай,
Қыран құстай таранған!
Суырып салма Қалқаны,
Айтысқанда тоқтамай,
Сүліктей болып жабысып,
Жылқыайдармен қағысып,
Үмбетәлімен табысып,
Талай-талай жол алған.
Сол Қалқаның інісі –
Абай ініңіз мен болам
Айтысқа ғана жаралған.
Айтысуға келген соң,
Жел сөзге енді тұрмайық,
Бүгежектеп жасқанып.
Ойыңдағы барыңды
Бүгінгі күні қалдырмай,
Ортаға сал ақтарып.
Қол жеткен үлкен табысқа
Үлес қостық еселеп,
Көргеміз жоқ мастанып.
Төрт құбылам тең жатыр
Қызылша, күріш, жүгері,
Малмен, алтын астықтан.
Өрекпімей азырақ,
Әскен аға, тоқтаңыз,
Екпінді сәл басыңыз
Байлық айтып аптықпан,
Ауызымнан шыққан сөзіме,
Кетеді күйіп тас жанып.
Мал семірту құрылысы
Бізден сізге тараған,
Көріп пе ең бұрын баз салып?
Сабалай бермей беталды,
Сөзімді тосқын аңғарып.
Паралап мені қойғандай,
Отырсыз неге шамданып?
Менің арқам емес пе?
Іленің суын басынан
Бұрып алам каналмен,
Жүрерсің аға, зар қағып.
Әсімхан:
Қызылтоған ауылында
Кітапханаң жабық тұр,
Қара құлып бағып тұр.
Айман қызды таба алмай,
Жиналған қанша халық тұр,
Ақыным, бірге болмап па ең?
Жалғаны жоқ, анық бұл.
Сіздерде нашар жұмыс көп,
Аралап, Абай барып тұр.
Колхозыңда «Алғабас»
Төкен дейтін дәрігер,
Қанша ел іздеп әбігер.
Докторды жауып қойғанша,
Науқастарға дәрі бер.