Тілеумұрат пен Қалидолла айтысы (3-бөлім)
Тілеумұрат Қожабеков, Қалидолла Зекенов · 3 мин оқу
Шайыр, Таушық, Ақтөбе,
Оңды, Сазды, Бекінің
Клубтары қыс болса,
Жабық тұрар салты бар.
Осы жайлы ашынып
Жергілікті халықтың
Облыстық газетке,
Жазған талай хаты бар.
Шаруашылық жақта да
Ақсап жатыр аяғың.
Кей жылдары шопандар
Ұстап қалды таяғын.
Мал басының сондықтан
Өсуі де шамалы.
Қойларыңды еңкейген
Кемпір-шалдар бағады.
Маңғыстау мен Бейнеуде,
Неге қолдау таппайды,
Шұбартаулық жастардың
Бастамасы бағалы?
Тілеумұрат:
Ерік бермей жүр еді бойдағы арын,
Шабытыма от берді қайрағаның.
Арындап ысқырығың жер жарғанмен,
Боп жүрмесін бес ешкі айдағаның.
Сұлу сөз нақтылы істі айшықтайды,
Алайда, қызыл тілден май шықпайды.
Мен енді табысымды баяндайын,
Құлақ салып, ақыным, ұқсаң жайды.
Мұнайшылар мықты ғой, жаны жайсаң,
Солар жайлы айтайын қабыл алсаң.
Қалайша мақтанбайын төрт-ақ жылда,
Алпыс миллион тонна мұнай алсам.
Барлаушылар мұнайды таппасын ба,
Бір жаңалық естиміз аптасына.
«МНГР» экспедициясын жазып қойдық,
Облыстық «Құрмет тақтасына».
Газ аттырған Ғазизді тұңғыш рет,
Бәрі айтады «тамаша бұрғышы» деп.
Жалғасбаев, Қадыров Еңбек Ері,
Алдан күтер әлі де ырысы көп.
Сайысып көр солармен болсаң мықты,
Жүлдегер жаңа есімдер тағы шықты.
Мастерлер Байболов пен Тапсұлтанов,
Төрт-ақ жылда бітірді бесжылдықты.
Құрылыс та қарқынмен қызып жатыр,
Тасты тіліп, тауларды бұзып жатыр.
Түрлі құбыр төселіп жер астына,
Көшеде солардың көп ізі жатыр.
Салған үйлер мақталмас саныменен,
Қалаларым көркейді сәніменен.
Биік үйлер ақ шаңқай көк тіреген,
Газондарым сияқты қалы кілем.
Қайтемін өнерімді аяп қалып,
Көкірегім жырласын ән ақтарып.
Өзен деген қаламда алпыс құрылыс –
Газ заводы келеді аяқталып.
Тауса алмаспын мен бәрін түгел санап,
Құрылысымды көрдің ғой өзің қарап.
Бір өзі бір қала боп Шевченко да,
Пластмасса заводы жайды қанат.
Бұрын-соңды болмаған кереметті,
Естігенде құлағы елең етті.
Күшіменен атомның ащы теңіз,
Тұщытылып, ауыз су елге жетті!
Жыр қылдым озаттардың табыс жайын,
Олардың бәрін қалай тауысайын.
Маңғыстауды әзірге қоя тұрып,
Мен енді Гурьевке ауысайын.
Жазда бардым, еліңіз аман екен,
Гурьевте өзгеріс шамалы екен.
Жаңбыр жауса ми батпақ табанды ұстап,
Бәтеңкеңіз әр жерде қалады екен.
Бүгінгі ісің мықты емес кешегіден,
Құрылысшылар кеш тұрар төсегінен.
Гурьевте бір-екі үй тапсырыпты,
Өліп-талып өткен жыл есебінен.
Советтер үйін айтсам жоспардағы,
Жеті жыл өтіпті ғой басталғалы.
Әлі тұр қабырғасы көтерілмей,
Осы ма іскерлікпен басқарғаны?
Іргеңде Ақ Жайығың ағып жатыр,
Су айдайтын қондырғың неғып жатыр?
Қаланың қақ жартысы суға зәру –
Іс-шараң орындалмай қалып жатыр.
Көңілімді көншітпеді Гурьевің,
Әнге қосқан атақты «жер биігің».
Сәлем айт басшыларға – жақсыларға,
Әр іске сала жүрсін көз қиығын.
Қаланың ортасында бақ бар еді,
Шілдеде білінбейтін аптап демі.
Қаланың басшылары көңіл бөлсе,
Сол бақты гүлдендіріп баптар еді!..
Қалидолла:
Ақ Жайықтың суынан нәр аламыз,
Сіздерге айтсақ бұл жайды болады аңыз.
Бақша-бауға ауылдар тұрған тұнып,
Нанбасаңыз тағы бір аралаңыз.
Жиырма шақты халықтық театр бар,
Қамқорлық пен қолдауға риза олар.
Москва, Прагада күйін төкті,
Балды бармақ Рысбай, Наримандар.
Жырладық жерімізді, елімізді,
Теңіздей шалқып жатқан кенімізді.
Еңбегімен халыққа үлгі болған,
Тау қопарған толағай ерімізді.
Айныма сен де осынау шабысыңнан,
Атағыңнан, жер жарған дабысыңнан.
Әрқайсымыз мақтадық жерімізді, ―
«Қанына тартпағанның қары сынған».
Басжылдықтар – шыңдарым, ұлы асуым,
Шабыт көзі, қайнарым, жыр асылым.
Әр жыл сайын көрейік туған елдің,
Табысына тасқын сел ұласуын!
Тілеумұрат:
Осы айтқан сынымыз
Әзірге қалар жарап та.
Ақ ниетті сөзімді
Салмақпенен сарапта.
Бүгінгі істер жұмысты
Ертеңгіге қаратпа.
Мұраттарға бастасын,
Әрбір күн мен әр апта.
Шабыт берсін ұлы той
Ақындық өнер талапқа!
1980 жыл.