Шолпан мен Елеусіз айтысы (5-бөлім)
Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев · 2 мин оқу
Елеусіз:
Облысым қашаннан
Заманамен жасарған.
Дәуір жүгін арқалап,
Биіктерге аса алған.
Ақтөбенің қаласын
Адаспай-ақ табасың.
Тоғыз жолдың торабы –
Көкпен, жермен барасың.
Облысым самғады,
Міндетті шешіп алдағы.
Ауданы бар он сегіз,
Еңбекқор кілең жандары.
Алдағы істің арнасы –
Өрбіп жатыр жалғасы.
Химияның алыбы –
Қасында тұр Алғасы.
Ер Исатай атында,
Құрылды аудан жақында.
Москвадан ту алып,
Болды лайық батырға.
Атына даңқы жетеді,
Өскен аудан екені –
Байлығы тұнған Шилісай,
Екпінді құрылыс мекені.
Мұғалжарым – ірі аудан,
Талай жүлде ту алған.
Кен, қазына, мол астық,
Табысы үшін қуанам.
Өрбиді шумақ ойымда,
Өнердің жүгі мойнымда.
Шығанақтың Отаны –
Береке нағыз Ойылда.
Жусаны әтір аңқыған,
Құмдары құт балқыған.
Жыр атасы – Байғанин,
Ауданы бар шалқыған.
Мекен-жайы іргелі,
Адымдаған ілгері.
Ұлы көсем атында,
Ауданым бар жүлделі.
Шежіре жасап еңбекпен,
Даласы жомарт, ел неткен!
Шалқар, Ырғыз – шығыста,
Малдан ырыс селдеткен!
Жерлерім көп тыңайған,
Беріп жатқан шұрай дән.
Темірімде – Кеңқияқ,
Ағызған өзен мұнайдан!
Бәйгені жылда бермеген,
Жарыста қалып көрмеген,
Кен теңізі – Донской,
Одақта даңқы өрлеген!
Қарабұтақ – кең мекен,
Бір өзі ғажап елге тең.
Тахауи, Қуандық туған жер,
Білмейтін адам кемде-кем.
Еңбекте нағыз сыналған,
Сертінде талай тұра алған.
Ауданым Мәртөк батыста,
Астықпен атын шығарған.
Жақсылықты қолдадым,
Жырға қостым, толғадым.
Әлия батыр туған жер,
Тарихы қызық Қобданың.
Ие боп бедел, сенімге,
Бесжылдықтың өрінде,
Келеді ақтөбеліктер
Жарыстың алғы шебінде!
Көңіліміз дархан даладай,
Селомыз көркем, қала бай.
Тойына Қазақстанның
Табыспен келдік толағай!
Өкпем жоқ сенің жомарт, кең еліңе,
Зер салшы шаруашылық көлеміне.
Мөлшері сүт өндіру кеміп кетті,
Осының, қарындасым, себебі не?
Білемін жетістікті егістегі,
Жем-шөптің орындалмай көп істері,
Өткен жыл өкініші аз болған жоқ,
Дайындау мал азығын келіспеді.
Айқайға жаз айында саламыз көп,
«Қыста да малды күйлі бағамыз» деп.
Шыңғырлау, Бөрлі, Чапай аудандарың,
Сабылды қыстыгүні сабан іздеп.
«Ет жайы қалай?» деген сұрақ туды,
Өткен жыл көрсеткіші «жылап тұрды».
Аудандар – Каменка мен Қаратөбе,
Жоспарды орындамай ұят қылды.
Қарағым, қарындасым ең арынды,
Ақын ең тасқындаған сен ағынды.
Байқашы, облыста былтырғыдан,
Жүзінен жеті қозы кем алынды.
Деп айтам басшыларың өжеттенсін,
Екінші тыңға дұрыс кезек берсін!
Шырпыдай салмағы жоқ, неткен малдар?
Қой емес баққандары – көжек дерсің.
Шолпан:
Намысын қорғаймын деп жігіттердің,
Ақыным, қыз алдында үміттендің.
«Аулыңда ескіліктің шырмауында
Жүргендер бар ма?» деп те күдіктендім.
Суырылып шыға берер сөз дегенің,
Әйтсе де, бар ғой менің көздегенім.
Комсомол тойларына мән берілмей,
Әркімдер іске асырған өз дегенін.
Жігітсің сөз парқына түсінетін,
Ескішіл пысық екен «ісіне» тым.
Талайын көріп жүрсің, қалыңмалға,
Құлынды бие сұрар кісілерің.