Жұмаш пен Айтуған айтысы (1-бөлім)
Жұмаш Оспанбекова, Айтуған Шәйімов · 2 мин оқу
Жұмаш:
«Ер жігіт алғы сөзді бастай ма?» деп,
Отыр ем тәуекелге баспай кенет.
Үлкендер жолды маған ұсынған соң,
Жыр туын көтерейін саспай демеп.
Айтыстың алғы сөзін бастағанда,
От берер соның өзі жас адамға,
Ұсынып қолды үлкендер отырғанда,
Бастамай мен де бүгін жасқанам ба?
Еңселі «Ешкіөлместің» бауырынан,
Шырқатып мен әрқашан саламын ән.
Қырандай қалықтамай тұрам қалай,
Шыққан соң Жетісудың алабынан?
Есенбісің, Айтуған әріптесім,
Алдымен бастады деп жарыс көшін.
Айыпқа бұйырмассың бұл Жұмашты,
Тартысып тағар кезде әр іске сын.
Еңселі «Ешкіөлместің» бауырынан,
Әйгілі Сара апамның ауылынан.
Мен келдім қалтарыста қалып жүрме,
Шайқалып жүрегімнің дауылынан.
Әрқашан айтыс десе гүл ашатын,
Тізгінін сөздің алар Жұмаш ақын.
Елімнің асқаралы алпыс жылдық,
Тойында кезің келді сынасатын!
Айтуған:
Сенбісің Қапалдағы әйгілі ақын.
Сыртыңнан естілуші ед әйдік атың.
Облысың алты ай бойы мәпелепті,
Жаратқан бапкердей-ақ бәйге атын.
Ойлама осал жан деп белдескенің,
Сырымды білсең мұнда келмес те едің.
Көп жайды аңғартпай ма, іздеп барып,
«Ешкіөлмес» бауырында кездескенім.
Шалқытып шабытымның нұр-жалынын,
Өлеңнің селдетейін сырлы ағынын!
Сараның сіңлісі сен болсаң егер,
Мен-дағы заманымның Біржанымын.
Құмартқан Алатаудың бұлағына,
Ұқсайсың киіктің жас лағына.
Осы жол мықты болсаң, ілдірмей кет,
Кез болдың Хан Тәңірдің қыранына.
Сөзімде серпіні бар Сүйінбайдың,
Жұмаш-ау, жырда саған сыйынбаймын.
Ағаңды жеңем десең, мықтап жеңгін,
Қарсы айтсаң, барған сайын қиындаймын.
Жаныңа құйғандай-ақ шаттық нұрын,
Шабытты шақта екенсің, қалқам бүгін.
Жүйріктей қаным қызып, жүрек тулап,
Менің де бабында тұр тарпаң жырым.
Сөйлесем айға білеп азуымды,
Шамданба шыңға балап әзілімді.
Жаны – жаз, көңілі – көктем, құрбыласым,
Тыңдайық енді сенің наз үніңді.
Жұмаш:
Облыстың орындауда аманатын,
Болмаспын оңай олжа саған, ақын.
Талаптың тұлпарына ер салғайсың,
Жел сөздің қамшыламай шабан атын.
Бұл күнде алсаң-дағы қай жағынан,
Шалқыған шаттықпенен аймағым ән.
Еселі ер еңбектің екпінімен,
Тулайды толқынданып бойдағы қан.
Санамай мені әріптес қатарына,
Жасырын барып қайттың Қапалыма.
Түлкідей қыр айнала бұлаңдаған,
Жараспас шын ақынның атағына.
Белгілі қаншалықты сөз білерің,
Мақтанар кезім келді енді менің.
Пір тұтам жиырма сегіз панфиловшы –
Батырдың бізден шыққан он бір ерін.
Аяулы Талдықорған атырабы,
Ырыс қонған торқалы топырағы.
Басталған арынды ақын Ілиястан
Жыр толқып, күй күмбірлеп, шалқыр әні.
Кей шақта жыр шарпыса өзегімді,
Мен одан ләззат алар сезем үнді!
Тықыршып сен де отырсың, Айтуған-ау,
Берейін енді өзіңе кезегіңді.
Айтуған:
Әзілін кек көрмейтін қыз баланың,
Жеңбейсің Алатаудың мұзбалағын.
Аяулы Алматының ақынымын,
Егерде ішің күйсе тұз жалағын.