Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шолпан мен Елеусіз айтысы (6-бөлім)

Шолпан Қыдырниязова, Елеусіз Кенебаев · 3 мин оқу

Жақсыны болушы еді көрмек деген –
«Темірден түйін түйіп өрнектеген».
Қыз қуып, көкпар тартар жігіт қайда,
Ойнайды қазіргілер «шөлмекпенен».

Дейсің бе әлде «бұған жаза айқын?»
Жігіт бар өзіңді де мазалайтын.
Қараңғы бұрыштардан күтіп алып,
Қалтаңды қағып-соғып «тазалайтын».

Гүл атып махаббаты дүркін-дүркін,
Тұратын ғашығымен бір күн, бір түн.
Алимент – баласына «әке» болып,
Жүрген бар шатастырып қайын жұртын.

Сөз етсек бүгінгі күн шаруаны біз,
Комсомол – «атышулы» ауданыңыз.
Хат жолдап тұрғындары журналдарға,
Жетіпті астанаға дау-даңқыңыз.

Келгенде кемшіліктер маған таяп,
Несіне айтар сөзді қалам аяп?
Дүкеннен шұлық таппай, шарасыздан,
Жүруді мода еттіңдер «жалаң аяқ».

Айта отыр ойға түйіп алғаныңды,
Көрейін көп алдында талғамыңды.
Аулыңнан мен кемшілік іздегем жоқ,
Айттым тек көзге шалып қалғанымды.

Елеусіз:

Ол рас кемшіліктің әлі бары,
Көңілім соны көріп тарылады.
Тек қана тере берсең жамандықты,
Олқылық Оралдан да табылады.

Жылқыға қарайсыңдар салқын неге,
Бұздыңдар игі дәстүр салтын неге?
Қалайша түсірдіңдер бабамыздың,
Бұрынғы жылқы баққан даңқын неге?

Жылқы да түлік қой ол бабындағы,
Шапқанда басылмайтын арындары.
Сіздерге Ойсылқара «өкпелейді»,
Азайып кеткеннен соң табындары.

Түйе мал түлік болып еленбеген,
Ол-дағы қамқорлыққа бөленбеген.
Кезінде Зеңгі баба ойлап па екен,
Осындай алалықты көрем деген?

Басшылар неге олай «алалайды?»
Пайдалы мал деп оған қарамайды.
Жесең – ет, ішсең – шұбат, асыл түлік,
Түйені «жетім» ету жарамайды.

Халықпыз далақұмар, дала дескен,
Мал басы облыста баяу өскен.
Айтпақшы, сиыр малы мандымайды,
Сиырды шығардыңдар қалай естен?

Жастарды ойланта ма мал жайлары,
Шопандар еңбегінде абырой бары?
Жетеуі бригаданың тарап кетті,
Өткен жыл болмаған соң жағдайлары.

Колхозда ырыс, байлық атқылаған,
Бірақ та, бірер жайың батты маған.
«XXII партсъезд» колхозында,
Монша жоқ, жұрт қалаға шапқылаған.

Кемшілік өнеркәсіп саласында –
Бар екен, қарындасым, нанасың ба?
Балықтың комбинаты жоспар бермей,
Қалып тұр жұртшылықтың табасына.

Көңілің қалай оған тарылмайды,
Кеудеде реніш от жалындайды.
Өнімі аз ет консерві заводының,
Басынан жылда «тоқпақ» арылмайды.

Мен сөзге үйір емен сылдыраған,
Жүрекке қабылдаймын сырды ұнаған.
Бар екен Орал тігін фабрикаңыз,
Жыл сайын көрсеткіші құлдыраған.

Жүретін қарындас ең біліп көпті,
Ойлама, сынды ағай «жіліктепті».
Шығарған нан заводы он төрт тонна,
Өнімнің он тоннасы шіріп кетті.

Кемшілік айта берсең таусыла ма,
Осымен мін айтысу қалсын ада.
Шолпанжан, тап осылай шырқай берші,
Шабыттың сәйгүлігін қамшыла да!

Қарағым, айналайын, қарындасым,
Әрдайым жүрегім мен жадымдасың.
Атақты Ақ Жайықтың ақын қызы,
Басыңнан қонған бағың арылмасын!

Осындай мерекеде толғанайық,
Өнермен бәстесу де болды лайық.
Қош, сау бол көріскенше, қарсыласым,
Осымен жыр додасын доғарайық!

Шолпан:

Мен айтсам, кездеседі кемшілігің,
Қарашы көңілімнің кеңшілігін.
«Қызартып қайтемін, – деп, – той үстінде»,
Отырмын әдеп сақтап сенші бүгін.

Қарамай көңіліңе төкпелетіп,
Қатты айтып, алсам егер өкпелетіп.
Кешірім сіздің жақтан болсын деймін,
Жүрмесін өкпе, назың көпке кетіп.

Өлеңнің отыменен жалындаған,
Ұзаққа шаба берер бабында адам.
Берейік жыр талқысын көпшілікке,
Осымен дұрыс болар дамылдаған.

Салмақтап ой түйінін теңесеңіз,
Әлі де сөзбен талай егесеміз.
Айтысқа әрқашан да мен дайынмын,
Рұқсат берсе өзіңе жеңешеміз.

«Ақ Жайық – ән жырымның өзегі» деп,
Жүргейсің, «ақын қыздың көзі еді» деп,
Үкілі домбырамды сыйға ұсынам,
Келесі кездескенше төзеді деп.

Дина мен Құрманғазы көзіндей көр,
Жалынды Махамбеттің сөзіндей көр!
«Арынды әнші Мұхит дауысы» де,
Болмаса, мына менің өзімдей көр!

Елеусіз:

Сағасы өлең дейтін дарияның,
Сіз үшін, қарындасым, далиямын.
«Айтыстың ескерткіші болсыншы» деп,
Мүсінін ұсынамын Әлияның.

1980 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз