Қасымхан мен Ғалия айтысы (4-бөлім)
Қасымхан Алдабергенов, Ғалия Сейдеғалиева · 2 мин оқу
Торғайдың қызығасың жастарына,
Таратқан үнін биік аспанына.
Табыстың тайқазанын тасытуда,
Көз салып істің өң мен астарына.
Жастарым өндірістен қол үзбейді,
Табыстың өніміне жол іздейді.
Жас шопан, жас сауыншы, жас құрылысшы,
Байлықтың барлық көзін мол іздейді.
Қой жайып, қырда жүріп ән салатын,
«Ай қабақ», «Торғай қызы» таңданатын.
Көрінбей күндіз көзге, түн жүретін,
Білеміз Қостанайдың «жарғанатын».
Торғайдың есіңе ал «Шұғыласын»,
Көп жайды «Шұғыладан» ұғынасың.
Жүз қойдан жүз он бестен төл өргізген,
Өзімнің құрбы-құрдас тұрғыласым.
Мал аман олар баққан, бәрі семіз,
Саулығы биылға жыл туған егіз.
Межеге «елу миллион» қосары мол,
Естиді ел ауызынан ыстық лебіз.
Диқаным Іңкебаев берекелі,
Белгілі еңбектің ол ер екені.
Биыл да мол астықпен қуантады,
Атақты алпыс жылдық мерекені.
Бұл Торғай жұрттан бұрын елеңдеді,
Көтерді басын ердің емендері.
Топ жинап Аманкелді ту көтеріп,
«Бақытты таң атады, сенем» деді.
Сарбазы сардаланың сапқа тұрып,
Есімін Лениннің жаттады ұйып.
Әліби ұлы Ленин мандатымен,
Оятты қарт Торғайды жатқан тұйық.
Басталды болашаққа ұлы майдан,
Қанатын дүрілдете кеңге жайған.
Жүректің қаныменен антын жазып,
Өз кегін алды кедей хан мен байдан.
Алпыс жыл өрге шықтым, аспандадым,
Қиындық тұрса алдымда, жасқанбадым!
Айтамын мақтанышпен қазақпын деп
Сеніммен басқан өмір баспалдағын.
Қасымхан:
Байлығы Торғайыңның қой емес пе?
Ол қойды дұрыс бақсаң, той емес пе?
Алғаның жүз саулықтан елу қозы,
Жасырып оны, қалқам, сен егеспе?
Әрине, айтасың ғой қолда барды,
«Сұлукөл» сіздерде жоқ, бізде бар-ды.
Асылдан алсаң тұқым айып емес,
Жіберем жетектетіп бір қошқарды.
Тұрғанда фабрикам, қорқам неден,
Сенің де кигендерің, қалқам, менен.
Алуға құдіретім жетіп жатыр,
Торғайды тоқсан орап торқамменен.
Көп істің байыбына бара алмайсың,
Бара алмай, құр тіліңмен амалдайсың.
Тыңдаған мына халық түсінбей ме,
Қалайша Қостанайды жамандайсың?
Кешіргей, кетсе сөзім жақсы-жаман,
Айтысты осыменен еттім тамам.
Жолында коммунистік құрылыстың,
Сәлемде ел-жұртыңа, болсын аман!
Ғалия:
Ағеке, біраз сілтеп бағыстық та,
Үзеңгі өрге қарай қағыстық та.
Кеттіңіз терлеңкіреп, дем алыңыз,
Өнерді астанада салыстық та.
Шоқтығы Алатаудай тұлғаланған,
Қос жұлдыз омырауда нұрға малған.
Ұлы Отан, Компартиям өзі өсірген,
Басшым бар бас батырдай тұлғалы адам.
Ұлы істің таңғажайып күресінде,
Зор істер тиген оның үлесіне.
Саяси Бюроның да мүшесі боп,
Танылды Димаш аға жер жүзіне.
Сырларын табиғаттың күнде ақтарып,
Ашамын жатқан істі құндақталып.
Торғайдың өр төсінде Ленин тұр,
Ісіме ай күледі, күн мақтанып.
Өмірдің талабына жарасымды,
Әр аулым көз тартады қала сынды.
Сан ару серуендеп сыр шертетін,
Торғайдың таңғажайып бағы ашылды.
Тұйғынмын көктің шарлар кеңістігін,
Жетілген жеңістімін, жемістімін.
Шалқимын шағала боп жыр айдында,
Мен де бір жыршысымын жер үстінің.
Сан қала самаладай көріктеніп,
Тың жерді түрлендірдім көрік беріп.
Айналдым космонавтар Отанына,
Қонатын зымырандар төніп келіп.
Ал, аға, қолыңды бер, табысайық,
Күн сайын намыс үшін жарысайық!
Байлығын молайтуға Ұлы Отанның,
Аянбай күш-жігерді салысайық!
1980 жыл.