Қасымхан мен Ғалия айтысы (3-бөлім)
Қасымхан Алдабергенов, Ғалия Сейдеғалиева · 2 мин оқу
Түнде бұлт қонақтаған төбесіне,
Ұштасқан ұшы аспанның көбесіне.
Бокситім өзіңді де алып жүр ғой,
Мінгізіп аппақ күміс кемесіне.
Кен қазған кеншім батыр Кенжебаев,
Есімін мақтан етем елге жайып.
Жалыннан жаратылған нағыз батыр,
Туғаннан ұл боп өскен кенге лайық!
Ақыным, кемшілікпен санаспайсың,
Келсе де жүзге бұған таласпайсың.
Қостанай шұғасының комбинаты,
Лас суы қайда барды, қараспайсың.
Лас суың жетті егістік алқабына,
Сіңуде ақ бидайдың тал-талына.
Алдынан тоған салып қайырғанда,
Тобылдың жетті шеті шатқалына.
Осыны жаздың өзің газетіңе,
Керемет жаратардай қажетіңе.
Тілеймін «кесір болып жүрмесін», – деп,
Асқазан, жүрегің мен тәбетіңе.
Танимыз Қостанайдың өскендігін,
Еңсеңіз көрінеді төстен бүгін.
Базарда талтаңдайды саудагерлер,
Дүкеннің затын сатар түстен кейін.
Келмейтін бүгінгі күн ажарына,
Ұят қой жырға қосып жазарым да.
Бір тәртіп орнатыңыз Қостанайдың,
Атақты Нариманов базарына.
Шыққандай жарып, тіліп тасты қына,
Сіз менің қызығасыз жастығыма.
Мен болсам, ренжимін қостанайлық,
Әкемдей адамдардың мастығына.
Бұл өзі өскендікке нұқсан, аға,
Жөн болар өткір сынды ұқсаң, аға.
Отырмын қатты айтуға аузым бармай,
Ұят қой басыңызды бұқсаң, аға.
Көп айтып көңіліңді шегермеймін,
Бұл жайлар жөнге енді келер кейін.
Қолыңа домбыра алып әнге салшы,
Кезекті, ақын аға, берем дейін.
Қасымхан:
Ақын қыз, айтқаның жөн сөзді абайлап,
Тайыңа міне сала шаппай жайдақ.
Қостанай – миллиардтар қара нары,
Қарайып қасына ерген Торғай – тайлақ.
Ойым жоқ сөз тастамақ досқа жайсыз,
Тура айтсам, өкпелеме, ол – қолайсыз.
Миллиардтар болар еді Торғайсыз да,
Миллиард болар ма еді Қостанайсыз?
«Нан болса, ән болады», – сөз данасы,
Ешкімнің енді бұған жоқ таласы.
Түлетті талай-талай саңлақтарды,
Еңбекші Қостанайдың тың даласы!
Кешегі тыңға жорық кешкен кезең,
(Уақыт-ай, өтеріңде неткен тез ең!)
Аңғары жылдар бойы аумақтанып,
Барады тасып, әне, байлық – өзен.
Мынадай қылығың бар, оны да ойла,
Өтірік актілейтін адам қой ма?
«Өлді» деп тірі жүрген қарияны,
Қағыпты пенсиядан «Бүйректалда».
Дейсің-ау: «Малшы жайын кім ойлайды»,
Малшыға әр кез керек жағдай жайлы.
Ал, Торғай малшылары қандай күйде,
Жаны ашып басшыларың қарамайды.
Ғалия:
Қол созған келер күннің ақ таңына,
Арқалық айналды елдің мақтанына.
Көзің сал, ақын аға, жан-жағыңа,
Мәз болмай қиқу салып шапқаныңа.
Сар дала сағымды бел, самалды жел,
Төсіңе ту тігілді қамалды бер.
Түрленткен тоғыз жылда Торғай бойын,
Жасампаз өр тұлғалы адамды көр!
Әр адам, ақын адам, батыр адам,
Келбеті күн көзіндей жарқыраған.
Мал бағып, егін егіп, кенін қазып,
Кеш болса, көрінетін сахнадан.