Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Желеу мен Көпбай айтысы (2-бөлім)

Желеу Жақыпов, Көпбай Әлімбетұлы · 2 мин оқу

Қаламның қалай айтсаң көркі келген,
Қарқынды, қазыналы келдің жерден.
Кентауым отауымсың ортадағы,
Ағаңмын, өз қолымнан енші берген.
Қаламды, Желеу ақын, келіп көрдің,
Аралап алтын орда отау тігіп.
Еншіңді Түркістаннан бөліп бердім,
Зейнеттеп, отауыңды құлпыртар деп,
Келешек жеміс күтіп сеніп бердім.

Желеу:
Жемісті ағаш дегенің терегің бе,
Бара алмадың табыстың тереңіне.
Бойы биік, саны көп теректі айтпай,
Жарайтынды айтсайшы керегіңе.
Бізден артық сізде жоқ жемісті ағаш,
Мен сенбеймін артықпын дегеніңе.
Бәрін көрдім аралап бау-бақшаның,
Біраз күн болды осында келгеніме.
Көпке берген көлемді жемісің жоқ,
Мақтанбасаң өзіңнің жегеніңе.
Тыңдаңыз Николаевтың жеке басын,
Жеті айда орындады жыл нормасын.
Екпінді озаттарым есепсіз көп,
Кенімнің көпке ұсынған қазынасын.

Осындай батырлар көп біздің жақта,
Еңбегімен ілінген зор атаққа...
Осындай озаттарды айтып берші,
Болмаса кеш қалдың ба, туып ерте?

Көпбай:
Ардақты Ащысайды кен деп едің,
Кеніңнің қазынасын кем демедім.
Әр төбенің басында отыз кепе,
Кеніне үйлеріңді тең демедім.
Көп болды Ащысайың ашылғалы,
Жай салып айналасын жөндемедің.
Үкімет қамқорлық қып, үй сап ал деп,
Босатты миллиондай теңгелерін...
Сөйлесіп төрт-бес әйел тұрғанында,
Түсіпті көз қиығың трубаға.
Мінімді аянбастан қаттырақ айт,
Бірақ та әуес болма құр жалаға.

Желеу:
Жерімнің астында алтын, үстінде үйім,
Кемдігі бар демейді ешкім мұның.
Тоқсан түссе тоқтаусыз бу жіберіп,
Жаздан жылы етеміз қыстың күнін.

Сынық мінез, кең пейіл басшыларым,
Көрдің ғой істі алға бастырғанын.
Жайнаған электрлі зәулім үйлер,
Салынған үлгісімен Москваның.
Дариямын толқыным бар, екпінім зор,
Қарқыным озып өтер ар жағыңнан.
Қазыналы қаласын жамандатып,
Қайтып шыдап отырар мұндағы жан!
Қалама тіл тигізді Бердалинің,
Ашулы зіліменен бержағының,
Осы ма үлкен үйден күткен сыйым,
Панасы деп жүргенде жел жағымнан?!

Көпбай:
Мен айтсам шынымды айтам, мініңді айтам,
Көруге кемшілікті белді буып.
Ұйтқисың соққан желдей Бердалинге,
Қарамай біле тұрып өз әліңе.
Өзің соғып алғандай мақтанасың,
Желеужан, Кентау үшін елеуреме,

Сәрсенбай басқара алмай асхананы,
Жұмысын қожыратып тастағаны.
Есігін асхананың жауып қойып,
Көшеде арақ ішіп мас болады...

Желеу:
Көрмейсің жалқауларды еліңдегі,
Кесірлі, кербез басып керілгенді.
Қалтада дипломын бос шіріткен,
Ақсаусақ, қызыл тырнақ келіндерді.
Ауылдың тілегіне жауап бермей,
Ақиқат отырғанын көзім көрді.
Қаладан қия басып шықпаймыз деп,
Кейбірі араға сап жүр көрінгенді.
Дұрыс па Роза мен Нағиманың,
Ауылдағы еңбектен жерінгені!

Көпбай:
Табыспен өркені өрлеп, ассын даңқың,
Қарқынды ұлы табыс еңбек алтын.
Қояндай жалғыз аяқ жолмен қашып,
Келмейді сұрағыма жауап айтқың.
Бұл сыныма бір жауап айта алмайсың,
Тарыдай бойың тартып сөз ұқпайсың.
Тағы да келер жылы кездесейік,
Орындап әрбір істің барлық шартын.
1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз