Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хамидолла мен Хамит айтысы (3-бөлім)

Хамидолла Қыдыров, Хамит Әбілов · 2 мин оқу

Қақсайды кей совхоздың басшылары,
Тапшы деп фермада сауын құнарлы.
Таранған тоты құстай кей жеңгейлер,
Секеңдеп еңбек десе, шошынады.

Кейбірі күйеуі әкім тарс ұрады,
Түсінбей еңбек мәнін арсынады.
Мұндайды сөзбен түйреп, ақыл үйрет,
Демекпін жұртымыздың бұл сұрағы.

Міндеттің бүгін қарап биігінен,
Мезгілдің озып кеткен жүйрігінен.
Жайылбай, Зағыпар мен Бористерім,
Еңбектің батырлары елім сүйген.

Тоқталмай кете алмаспын Қалидаға,
Бақытын еңбектегі таниды о да.
Отанның саясында бақыт тапқан,
Атақты депутат ол республикадағы.

Хамит:

Қуаныш біздерге де табыстарың,
Демеймін, шет ауданмын, алыстамын.
Тек қана қол жеткенге тоқырамай,
Алда да арта түссін жарыстарың.

Қаладан село болып үлгі аламыз,
Қазірде жақындасып тұр арамыз.
Бірақ та кей жерлерде кемшілікті,
Біздерге көрсетіп те жүр қалаңыз.

Дарынсыз Оралда мех комбинатың,
Сапасыз көп бұйымын шығаратын.
Белгілі директоры Боголюбов,
Әрдайым жиналыста сыналатын.

Немкетті тіккен киім жараспайды,
Пайдаға көп былғары тағы аспайды.
Зауыт пен комбинатың не себепті,
Халықтың қажетімен санаспайды.

Бірінен-бірі төмен пималардың,
Көргенде осыларды қиналамын.
Дүкенде кейбір мебель қирап жатыр,
Осы ма еңбекші елге сыйлағаның.

Бөлінген бір автобус біздің жаққа,
Келеді сағындырып сирек шаққа.
Жалпылдап брезенті жол шыққанда,
Ұқсайды бұл автобус нар тайлаққа.

Қалаңыз неге сенің жол салмайды,
Болмаса жарата ма ол сондайды?
Лақтырып бір шетінен бір шетіне,
Машинаң жолға шыққан қисаңдайды.

Жүрмейді көп жерінде дұрыс сауда,
Товарлар жең ұшымен жылыстауда.
Қаланың басшылары дәрменсіз бе,
Бағыттап, осыларды дұрыстауға?

Сансыз бақ сүт аласың ауыл жақтан,
Сен емес, бірақ оны дұрыс сатқан.
Үйіне қонақ барса әрбір үйің,
Базарға шөлмек алып тұра шапқан.

Оғаш қой, Хамидолла, осыларың,
Айтыста мінін айтпас досына кім!
Мақтаймын табысыңды мен де жырмен,
Қалайша кемшілікке қосыламын.

Хамидолла:

Білесің биыл берер миллиардты,
Орындауға тиіспіз, партия айтты.
Егінді аз салсаң да үлесті қос,
Тағы да былтырғыдай болма ұятты.

Директоры «Қаратөбе» совхозының,
Жұмақаев ағаңызға көп қызындым.
Жарыста мал қыстату кейін қалып,
Қойыпты «Қызыл Туға» қол созуын.

Намыс қой «Қызыл тудан» айырылған,
Тезірек құтылсыншы айыбынан.
Сәлем де туды қайта жеңіп алсын,
Ел-жұртын жұмылдырып дайын тұрған.

«Қалдығайты» совхозында автолавка,
Міндетін атқармайды көп уақытта.
Қаратөбе совхозында яслиің,
Жұмыссыз көптен бері тұрған жоқ па?

Тоңса да оқушылар әр күн мейлі,
Интернат Аққозыда салқын дейді.
Қоскөлде клубың мен кітапханаң,
Жөндеусіз ішінде жел уілдейді.

Ауданның басшысына сәлем дерсің,
Сауда мен оқу ісін тез жөндесін.
Шонаев, Ілиясов ағаларың,
Жақсартсын ауданыңды жұрт сенгесін.

Ақынсың, әрі тілші газетіңе,
Дөп келді, «Еңбек туы» сөз етуге.
Тап басып кемшілікті сынағанмен,
Байқаймын, дәрменсіз-ау түзетуге.

Айтыстық әлімізше кезек сайрап,
Шарына өткір сынның тілді қайрап,
Жұртшылық өзі берер төрелігін,
Тең тартып таразыға, орын сайлап.

Хамит:

Орынды сындарыңа – алғысымыз,
Жұмсалар жетістікке бар күшіміз.
Ақыным, қала халқын сендіремін,
Үнемі болады деп алда ісіміз.

Қалған ел қызыл туды қайта алады,
Есесін жібергеннің қайтарады.
Өзің де, газетің де сонда менің,
Табысын ауданымның айта алады.

1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз