Құлжабай мен Айнабек айтысы (3-бөлім)
Құлжабай Төлеуов, Айнабек Нысанов · 2 мин оқу
Айнабек:
Кемшілік түзелмейді сын болмаса,
Өтіріктен пайда жоқ шын болмаса.
Қаптаған Мойынқұмда қалың малға,
Бір қора соғылмапты тым болмаса.
Астау жоқ малдарыңды суаратын,
Осыған болғанбысың қуанатын.
Жеткізбей бұл хабарды басшыларға,
Бұл сенің малға неткен қиянатың.
Көп малың біздің жерге аттап өтті,
Жер таппай кең Созақтан сыя алатын.
Созаққа бір мемлекет сыяды деп,
Айтудан болдық енді ұялатын.
Құмдағы әрең жиған қамыс шөбің,
Мал таптап кетсе керек оның өзін.
Алдымен жем-шөп қорын жасап алмай,
Қалай алам деп жүрсің малдан өнім?
Аспанға лақтырасың тымағыңды,
Түймедей-ақ табысқа жетсе қолың.
Тағы да айтам десең кезек берем,
Бар болса ақындықтан бойда қорың.
Құлжабай:
Өткен жыл төрт жүз он бес қазған құдық,
Бұлақтай ақты сыртқа суы шығып.
Қол салып қолқасына қара жердің,
Асауын табиғаттың алдық мініп.
Қаптады қаракөл қой жер қайысып,
Кемінде әр құдыққа мыңға жуық.
Көктемде көк шалғынның ортасында,
Егізден қойлар жатты қозы туып.
Күмістей жалтырайды елтірісі,
Алтынмен тастағандай сыртын жуып.
Қазіргі Созақтағы игілікті іс,
Бірде-бір болмайды адам жұмыстан тыс.
Зор іске барлық халық ұйымдасқан,
Тәрізді байқалады бір жойқын күш.
Отырмын кемшіліктен айтайын деп,
Көп ақын мінін айтсаң көреді кек.
«Сын болмай, мін түзелмес» деген ұран,
Кім жойса қателігін сол большевик.
Съездің жиырмасыншы қарарында.
Табысқа мастанбайық деген жоқ па ед?
Газеттен оқып және тексергенмін,
Шаянның кемшілігін айтқым келед.
Он айда мыңдаған бас қой өлтірдің,
Жауапты бересіңдер бұған не деп?
Санашы бір колхоздың малы емес пе,
Шаянды Созаққа сіз тұрсыз теңеп.
Жауапсыз, күтімсіздік салдарынан,
Осындай мал өлімі болу керек.
Шаянда болып өткен пленумның
Көрсеткен қаулысында осылай деп.
Мал қыстату жөнінде артта қалдың,
Менімен айтысасың қалай тең кеп.
Табысты шындықпенен салыстырсақ,
Кім озып, кім қалғанын халық білед.
«Шалдардың» совхозының директоры,
Ұмыттым айтыңызшы аты кім ед?
Өлтірді бірталай қой білесің бе,
Ақын боп сонда жүрсіз, сіз Айнабек.
Қалдырмай осымызға жауап қайтар,
Кезекті Созақ сізге тағы беред.
Айнабек:
Құлжабай, кезек бердің, інішегім,
Өлеңге сен де, қалқам, дұрыс едің.
Ал тыңда құлақ салып, көңіл бөліп,
Мен енді әділ сынға кірісемін.
Өткен жыл тұтынушылар одағында,
Әдейі кезім түсіп болғанымда.
Жемқор деп тоғыз адам босатылды,
Кемшілік емес пе, айтшы, оларың да?
Дұрыс қой кемшіліктің көрінгені,
Мақтау сөз болып жатыр көбіндегі.
«Энгельс» совхозында өткен жылы,
Бидайдың нашар болды өнімдері.
Құлжабай:
Жасырма шыныңды айт, Айнабегім,
Әр ақын айтады ғой пайда жерін.
Өзің тұрған «Красный нива» колхозында,
Екі мың қойдың басын жайлап едің.
Күн жылы, биыл тіпті қыс болған жоқ,
Ол малды жазда қайда жайған едің?
Өлтірдің тоқсан сиыр, қырық жылқы,
Осындай кемшілігім қайда менің?
Шошиды шошқа десе басқармаңыз,
Өлтіріп елу басын қайда бердің?
Алдайсың облысты ақпарменен,
Шамалы осындай бар айла жерің.