Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Аманжол мен Бекболат айтысы (4-бөлім)

Аманжол Әлжанов, Бекболат Меркемелиденов · 2 мин оқу

Осындай әлі де бар қарап жүрген,
Аяғын кербез басып санап жүрген.
Міндетсіп басындағы орамалын,
Ерінің табысына қарап жүрген.

Жүніңіз желге ұшып толмаған ба,
Болмаса қымқыруды қолдаған ба?
Қоян да беруші еді бес жүз грамм,
Қойыңыз қоян құрлы болмаған ба?

Бекболат:

Аманжол, баяндайын егіс жайын,
Артылған салған егін жыл-жыл сайын.
Сапалы салмағымның арқасында,
Миллиардқа үлес қосу тұр ғой дайын.
Ауданың ұлы тойға шегіншектеп,
Таусылды маған қарап көзден майым.
Еңбекте ерінбестен алға шығып,
Оздырды тракторын Сердюк дәйім.
Слован, Мовчан атты шоферларым,
Үнемдеп үздік шықты жанар майын.
Жоспарын артығымен және орындап,
Алда тұр Еркіншілік ағатайың!

Ақыным, айқайлайсың елім бай деп,
Сақадай бес түлігім бәрі сай деп.
Қой, сиыр, шошекең мен құстарымда,
Шығын жоқ, жылқымнан да құлын, тай деп.
Кемшілік ауданыңда болған жоқ па?
Сондықтан жоспарың да толған жоқ та.
Санауға атын атап ұяламын,
Қарағым, мақтанудан енді тоқта.
Жданов, Киров атты колхоздардың,
Шығыны қанша болды сен ұмытпа.
Теріден тон, елтірі ішік кисең,
Ақыным, сонда саған жаман боп па?
«Владимир» совхозы мінін айтсам,
Басқандай секірерсің жалын шоққа,
«40 жылдық» колхозында бар ғой кемдік,
Жасырып осыларды текке бұқпа.

Сұлу жырсыз ешқашан жатпайтынмын,
Ауданың төмен болса айтпайды күн.
Шарықтап шартарапқа құлаш жайдым,
Өтірік Бекең қартың айтпайтұғын.

Аманжол:

Ал енді егіс жөнін хабарлаймын,
Есіме мол дәулетті неге алмаймын.
Балбырап жүрегімді қуантады,
Сары алтын көкке бойлап өскен сайын.

Жеріміз сыналатын алдымызда,
Ерінбе егін көре бардыңыз ба?
Өнімін қарағанда көңіл жылып,
Үміт зор шығам деген алдыңызға.

Атақты комбайнер Мещановты,
Өмірден дей алмайсыз кеш қалыпты.
Москвадан екі барып орден алды,
Еңбегін зор бағалап, еске алыпты.

Ал аға, әділ сынды кектемессіз,
Өкпелеп, айтылмасын текке жел сөз.
Сынадық жұрт алдында бар менен жоқ,
Сондықтан мені, Бәке, жек көрмессіз.

Атағын әлем білген бақшамыздың,
Саны көп одан өнген ақшамыздың.
Осыдан табысыңды айтып берші,
Алдына үздік шыққан басқаңыздың.

Өнімін көп алған соң огородтан,
Қызметін анамыздың көп ұнатқан.
Облыс көлеміне даңқы шығып,
Сол үшін омырауына орден таққан.

Мінеки, бұдан тағы асамыз біз,
Өнбейтін кер жұмыстан қашамыз біз.
Миллиардқа ортамыздан үлес беріп,
Тонналап таразыны басамыз біз.

Бұл айтыс игілікті күресіміз,
Маңызын өзіңіз де білесіңіз.
Мақтауда, сынауда да көп табыс бар,
Біз берген осы болар үлесіміз.

Осымен сұлу жырым тамам болды,
Інім деп санарсыңыз Аманжолды.
Ауырлау кеткен жерім болса-дағы,
Жеңермін миллиардта әкел қолды.

Бекболат:

Жырладық елімізді, жерімізді,
Табиғат сый ғып тартқан кенімізді.
Еңбекте ерлік етіп орден таққан,
Үлгілі халық алдында ерімізді.
Бірлесіп, қол ұстасып жігерленіп,
Жоялық жұмыстағы кетімізді.
Ұранын бейбітшілік ту қып ұстап,
Жырлайық еңбек сүйген елімізді.

Отанға міндеттен тыс астық беріп,
Атағын халқымыздың көтерейік.
Отанға ең қымбатты алтын дән ғой,
Сол үшін шырқата біз жыр төгейік.

Елім бай, бейбітшілік жерім құтты,
Салса да көтеремін қандай жүкті.
Қуанып мәз-мейрам боп, судай тасып,
Береміз Ұлы Отанға миллиард пұтты.

1957 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз