Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Насыр мен Қалмахан айтысы (1-бөлім)

Насыр Жарымбетов, Қалмахан · 2 мин оқу

Насыр:
Жарқырап коммунизм шашқан нұрын,
Кім көрген мұндай дәулет бұдан бұрын.
Кәсібім ақын емес темір жону,
Шарықтап көмейімнен төгіл жырым.
Ән салып бұрын топта көргенім жоқ,
Көпшілік айып болмас менің мұным.
Атақты туған жерім Созақ аудан,
Өсірген өркендетіп төрт түлігін.
Белгілі ауданымда озаттар көп,
Сіздерге байқатайын табыс түрін.
Осындай баянды еңбек арқасында,
ЦК-ның біз алғанбыз Қызыл туын.
Көз жетпес көлеміне ауданымның,
Сиғандай бір мемлекет кіші-гірім.
Жайлауым – Жетіқоңыр Арқадағы,
Шу алқабы қыстауым ортадағы.
Қанаттас Қызылорда Жамбылменен,
Бір шеті Қарағанды, Қарқаралы.
Сен-дағы табысыңды баяндай бер,
Қалмахан, сөз кезегі саған барды.

Қалмахан:
Айтылды табыстарың Созақтағы,
Белгілі еңбек ері озаттары.
Бірақ та кемшілікті жасырмаған,
Бізде де айтылады озат бары.

Бар табыс менің-дағы мақтанышым,
Әркімдер жатыр қазір мақтап ісін.
Білесіз табыс түбі – баянды еңбек,
Шындықпен адал міндет атқарылсын.

Басып айт, білсең егер бетке мінді,
Білейін достық көмек еткеніңді.
Мен айтсам, нашарлығын сынға аламын,
«Алтынтау», «Сызғандағы» мектебіңді...

Оқудан жиырма бала шала қалды,
Қажетті өнер-білім ала алмады.
Сондай-ақ Шолаққорған мектебінің
Оқыдық өткір сынын «Арадағы».
Тыңдағын, ызаланып, ашуланбай,
Насыр-ау, ұғып алғын және-дағы.
Кластан класқа өтпей қалып қойды,
Ауданның екі жүздей балалары.
Осындай жан төзбейтін кемшілікке,
Қолданған бар ма басшы шаралары?
Мен айтсам ауданыңда толып жатыр,
Қалдығы ескіліктің санадағы.
Жылқыбай деген жігіт өткен жылы,
Қыз ұрлап қанша жерді аралады.
Он бесте Шәке қызы көнбеген соң,
Сол үшін есіңде ме сабағаны?
Ал қазір Жақсыбала үйінде отыр,
Өйткені, арсыз жанды қаламады.
Не керек көңілінде қалып қойды,
Қайғының айырылмайтын қара дағы.
Бұл жағдай заң орнына көптен мәлім,
Қылмысты іс қашан енді қаралады?

Насыр:
Қалмахан, неге мұнша қуыстандың,
Деп жүрсем Шаян-Созақ туысқанмын.
Салтымен халқымыздың сәлем бермей,
Алқымнан келе сала уыстадың.
Мен сенің бұл жалаңа төзе алмаспын,
Өйткені облыста ту ұстадым.

Мен де аяңдап барайын мектебіңе,
Көнбейді Созақ мұндай ептеріңе.
Жас қыздың өткен жылы оқу тастап,
Мектептен айтшы қалай кеткенін де?
Өзің соны оқытқан мұғалімсің,
Тәрбиең жастар үшін жетпеді ме?
Жас та болса азғырып ап қашады,
Жақындап қыздар барса шеттеріне.
Кетпепті ескілікті әдет-ғұрып,
Әдейі айттым бүгін беттеріңе.

Қалмахан:
Сөз айттың, Насыр аға жалпылама,
Судай-ақ түбі таяз сарқырама.
Фактімен аудандағы мен сынасам,
Жүрегің деп ойлаймын алқына ма.
«Құмкентте» тоғыз мыңдай мал өліпті,
Жақсы ақын мінін айтпай тартына ма?
Бидайың талай тонна суда қалып,
Көгеріп шіріпті ғой ақырында.
Бұл кезде көп адамың көкпар шауып,
Бой ұрған ескі әдеттің салтына да.
Жазым боп сол көкпарда біреу өліп,
Түсіпті талай адам талқыға да.
Мұны да, Насыр аға, жасырасың,
Сол үшін қылмыстысың халқыңа да.
Бұдан да сорақы ісің толып жатыр,
Бұл сөзге ашуланып қалтырама.
Сын айтсаң дәлелді ғып тауып айтқын,
Болмаса бекер босқа шапқылама.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз