Хамидолла мен Хамит айтысы (2-бөлім)
Хамидолла Қыдыров, Хамит Әбілов · 2 мин оқу
Хамитжан, жел сөзіңнің жүйесі бар,
Мен айтсам саған айтар тиесі бар.
Мақтаған Қаратөбең «қалыс аудан»,
Дейтұғын: жұғып кетер күйесі бар.
Бірақ та, халқың батыр еңбек сүйген,
Десе де «ескішілдік» қалмай жүрген.
Сенемін ертеңіне ауданыңның,
Жасарып, жарқырарын жақсы білем.
Тағы да сын айтамын шын сүйгеннен,
Ешкімнен әнші Мұқан кем сүймеген.
Келгенде ән мен күйге мақтасам да,
Шаруаңды жәрдем беріп мен сүйрегем.
Сондықтан үйрен біздің өнегені,
Саған да көп кемшілік ере келді.
«Монша жоқ, медпункт жоқ, клубым жоқ» –
Деп талай газетіңіз атай берді.
Өткен жыл орындалмай міндеттемең,
Сүріндің өте алмастан күнде өткелден.
Мақтар ем келер жылы тағы айтысып,
Құтылсаң мынадай бір «індеттерден».
Малыңды жайып семіз баға алмадың,
Мұқтажын малшылардың таба алмадың.
Берем деп сәнді үй салып, товар әкеп,
Оларды барған сайын тағы алдадың.
Су тартып шыңыраудан шелекпенен,
Малшы аз ба қыс-боранда безектеген?
Оларға шығыр салып бермей жүрсің,
Басшы бар ауданыңда сөз өтпеген.
Басқа аудан өсіргенде жүгеріні,
Сен оған сала алмадың жігеріңді.
Қалайша ет өнімін молайтасың,
Қойған соң күзде-ақ таусып сүрлеміңді.
Өліп қап тоқсан үш қой декабрьде,
Салғаны есіңде ме әбігерге?
Жиырма төрт сиыр мен тоғыз жылқың,
Жүр дейді «сайран салып» о дүниеде.
Салақтау кейбір сенің мамандарың,
Газетің айтып берді маған бәрін.
«Қалдығайты» совхозынан есіткенмін,
Будаковтай зоотехник ағаң барын.
Жүйрік тіл айтарынан жаңылмаған,
Хамитжан, кезек бердік тағы саған.
Ерлерін енді еңбектің жырлап көрші,
Бар қандай ауданыңда дарынды адам?
Хамит:
Өткен жыл болғаны рас кемістіктің,
Жасайды алғашқыда тегіс қып кім?
Өткен жыл ұйымдасып, алдағы жыл –
Айтарлықтай алдыңызда жеңіс күттім.
Ермеков отыз жылдан бері қойда,
Көп жылдық тәжірибе жинап бойға.
Айтарлық үлес қосып еңбегімен,
Жүлде алды мерекелік талай тойда.
Жас шопан Жолдығали, Аққозы да,
Жайылды даңқы оның совхозына.
Тоғыз жүз қойды аман өсіруде,
Көктемде ие болмақ көп қозыға.
Совхозым алды мығым күшін жиып,
Жаңадан клуб салды кең де биік.
Сахнада өнерпаздар концерт беріп,
Жұмысшы тыңдайды оны кеште ұйып.
Тұрғын үй көбейтілді өткен жылы,
Ауданда клуб салдық түсін мұны.
Жөнінде мәдениет Қаратөбе
Оралға теңеседі бір күн түбі!
Жыр менен әнге бөлеп қонағыңды,
Мақтады, Хамидолла, Оралыңды.
Қалаңда сенің қандай озаттар бар,
Тыңдайық, айтып өтші, соларыңды?
Хамидолла:
Қаламның еңбекқұмар дәстүрі бар,
Жүйріктер мыңнан озған көп табылар.
Осындай бесжылдықтың ардагерін,
Жырласам қырандаймын көкке самғар.
Жырымның ең асылын арнағаным,
Кестелі жыр айтуға толғанамын.
Озатпен дәйім ақын жақсы сырлас,
Жөн емес жалқаулықты қорғағаның.
Ақыным, озатты сен мақтадың да,
Жалқауға пікіріңді айтпадың да,
Әлі де арамызда ақсаусақ бар,
Біреудің ортақ болар тапқанына.
Рас қой сендерде көп ағай, жеңгей,
Батырлар қиындықты қоймас жеңбей.
Бірақ та көше кезгіш кербездерді,
Жүрсің-ау, досым әлі тізгіндемей.