Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Хамидолла мен Хамит айтысы (1-бөлім)

Хамидолла Қыдыров, Хамит Әбілов · 2 мин оқу

Хамидолла:

Хамитжан, қуанамын келгеніңе,
Жүйріктей ентелетіп желгеніңе.
Ақ Жайық, әсем Орал саған да ортақ,
Рахмет ел сәлемін бергеніңе!

Айтпаймын өлең-сөзді шыңдалмаған,
Әрқайда ондай өлең тыңдалмаған.
Ынтық боп қалың жұртым отырғанда,
Жақсы ғой қошеметтен құр қалмаған.

Жыр десе шабытым бар тартынбаған,
Суындай Ақ Жайықтың сарқылмаған.
Сенемін қосыларын бір күндерде,
Теңізге осы жырым жалтылдаған.

Сондықтан бола алмаспын жырға сараң,
Қаланың салтанатын сынға салам,
Пушкиннің, Чапаевтың, Толстойдың,
Көшемде өкшесінің ізі қалған.

Білесің ауданыңның басшыларын,
Қаладан көмек күткіш «жақсыларың».
Төрінде салтанатты театрдың,
Өзің де келіп бүгін бас құрадың.

Алма ағаш ажарлы ғой бұтақпенен,
Білімнің бұлағы бар кітап деген.
Тек, әттең, малшыларға апарылмай,
Жатып қап ауданыңда жұтап келген.

Үш мың тал отырғыздық қия белге,
Қатысып комсомол да, пионер де.
Жалынды жастық күшін аямадық,
Жүректің махаббатын сыйлап елге.

Үй салдық горькийліктер үлгісімен,
Барып көр сенбесеңіз бір кісімен.
Өткен жыл пайда болды жаңа көше,
Көзіңнің нұрын алар түр-түсімен.

Хамит:

Ауданым мал өсіріп, даңқы шыққан,
Елімнің еңбек сүйгіш салтын ұққан.
Ыстық пен суықтарға төзе білген,
Еңбектің күрескері бар шыныққан.

Зерттедік ауданымның болашағын,
Табысқа биыл тағы жол ашамын.
Алғашқы совхоз болған қадамымда,
Еңбекті бұрынғыдан мол жасадым.

Салынды Қалдығайты су жүйесі,
Кең байтақ шабындықтың біз иесі.
Жұмылып мал азығын жинап алып,
Ауданның артып отыр шөп үлесі.

Әрине, Орал ортақ бәрімізге,
Оралдың үлесі бар сәнімізде.
Бірақ та бұл Оралдың бергенінен,
Беретін жақтары көп әлі бізге.

Сөз етсек автобусты қаладағы,
Жұмысын әлі жөнге сала алмады.
Қасынан кезек күткен арылмайды,
Балықтай тізіп қойған «Аралдағы».

Облыс орталығы – Оралыңды,
Дейміз ғой қуаты көп, зор алымды.
Кезек көп дүкендерде, пәтер тапшы,
Жасырып қоясың ба соларыңды?

Ақыным ел дәстүрін сақтай келдің,
Сөйтіп сен Оралыңды мақтай бердің.
Қаншама мақтасаң да Оралыңды,
Өзіңе бір пәтер үй таппай келдің.

Егерде бөлген болсаң назарыңды,
Тәртіпке келтірмес пе ең базарыңды.
Базарда саудагер бар, жымқырма бар –
Қалтаңды кірсең онда таза қылды.

Сонда да мақтай бердің баспанаңды,
Өзіңше қызықтырдың басқаларды.
Қалалық станция жарық бермей,
Шет көшең әлі неге тас қараңғы?

Моншаңның жайын да бір ескермейсің,
Сонда да біздің Орал өскен дейсің.
Жаз болса белуардан балшық кешпей,
Көшеңе неге тасты төсемейсің?

Ақсаусақ қалаңда бар айта алатын,
Қыдырып машинамен шайқалатын.
Мінеки, осындай көп олқылықты,
Ойлаймын, басшыларға айтар ақын.

Хамидолла:

Рахмет, олқылықты сынағанға,
Тағы кел қорытынды одан шығарғанда.
Одаққа Оралымның аты мәлім,
Жол беріп кемістікке тұра алам ба?!

Ол рас, сайла дейсің пәтеріңді,
Көңілім бұған біраз көтерілді.
Бір күні аламын деп сеніп жүрмін,
Секілді алыс емес жетер күні.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз