Аманжол мен Бекболат айтысы (1-бөлім)
Аманжол Әлжанов, Бекболат Меркемелиденов · 2 мин оқу
Аманжол:
Қабыл ал сәлемімді жиын халық,
Бастайын бүгін тойды домбыра алып.
Кеудемнен жарып шыққан осы жырды,
Тыңдар деп отырған жұрт ынталанып.
Бар халық өлең десе елеңдейді,
Көңілді көтереді өлең дейді.
Шымырлап, бойды билеп, ол әкетсе,
Балқиды жүрек түгіл денең дейді.
Абайды, Ыбырайды кім білмейді,
Қонған ғой соларға шын өнер дейді.
Уағыз ғып ұлы Горький өзі де айтқан,
Жақсы өлең ажалды да жеңер дейді.
Үйіріп тыңдаушының жан сезімін,
Сұлу жыр келіншектей көлеңдейді.
Көтерсек елдің даңқын, жердің даңқын,
Бұл адам, сөз жоқ, ғажап терең дейді.
Уа, Бәке, айтысуға, құшақ жаям,
Даңқыңыз Қараөткелге болған аян.
Қарт Бәке, сұлу сөздің шынарысыз,
Кең еді жас ақынға салқын саяң.
Еркіндеп Еркіншілік өсті ме екен?
Ақкөңіл асыл аға, етші баян.
Өзіңді аға тұтып сыйласам да,
Қалайша кемшілікті айтпай қалам.
Бекболат:
Мақтаса іні ағаны серпіледі,
Толқындай менен де жыр жөңкіледі.
Болғанда аға терек, іні бұтақ,
Ежелден балғын жастар көркім еді.
Еркіндеп Еркіншілік еркін жастар,
Теңіз боп астық селі көлкіп еді.
Ауданың әлсіз болса кезек бер деп,
Қарт қыран тояттауға сілкінеді.
Шам алып, тітіркенбе бала бүркіт,
Ұйқыңнан оятайын түртіп енді.
Байлығың асып жатса таласым жоқ,
Шарықтап, шығандап бір сілкін енді.
Еркін ғой Еркіншілік аспандай кең,
Келе алмас Вишневкаң бізбенен тең.
Жарыста социалистік артта қалып,
Шегіртке болып жүрме босқа әндеткен.
Аманжол:
Дегенде елім қандай, көлім қандай!
Құлпырған масатыдай жерім қандай!
Еркелеп төсін сүйіп, аймаласам,
Барады туған жерге шөлім қанбай.
Жайылған атағы зор Арқаға да,
Ерекше тау емес пе Балтағара!
Бұл Бекең, осыма да дау айтады-ау,
Мен биік, сенен де деп жорта ғана.
Білемін Бекең аға күш сарқарын,
Көрсе де біздің аудан үш шалқарын.
Соғады-ау, сол көлін де қызғыш жоқ деп,
Мақтан ғып барлы-жоқты құс, арқарын.
Бұл Бекең, кейбір сөзді ұлғайтады,
Айтшы өзің тауың жоқ деп кім айтады?
Қоянды, Қоңырадыр, Жалғызағаш,
Біздерді білмейсіз деп сол айтады.
Жанқұла, Тана, Жақып қамыстары,
Шулаған айдынбыз деп көл айтады.
Мамырлап қазы қалған семіздіктен,
Көкпенкөк қаз отылы жері айтады.
Жер бар ма Вишневкенің жеріндей деп,
Мадақтап мен емес-ау, көп айтады!
Осындай байлығымды білмей Бекең,
Қараңдар қазір маған жөн айтады.
Бекболат:
Айттың ғой, Аманжолым, жер байлығын,
Бір-екі қақсымақтың көл байлығын.
Жалғыз тұрған ұшқынды сонша мақтап,
Тау ма еді Балтақара елге әйгілі?
Тауым деп төбешікті мақтағанша,
Бар болса, неге айтпайсың кен байлығын?
Алқалы алтын жерді мен жырласам,
Атақты Ереймен бар елге әйгілі.
Ереймен – көркем сурет, жерұйығы,
Алыстан көрінеді шың биігі.
Аңдары құз басында ойнақтайды,
Құланы, арқары мен тау киігі.