Құлжабай мен Айнабек айтысы (4-бөлім)
Құлжабай Төлеуов, Айнабек Нысанов · 3 мин оқу
Берілген Шаяныңда шөп жоспары,
Алпыс төрт процент-ақ орындалды.
Одан соң шөп сүрлеуде он мың тонна,
Міндеті жоспарына жетпей қалды.
«Ортақшыл», «Екпіндімен» екі колхоз,
Шөп таппай күш-көлікке отыр әлі.
Ауданбыз қатар жатқан қашық емес,
Шаянның белгілі ғой бізге халі.
Жетпейді төрт түлік мал жоспарына,
Бола ма Шаян үшін бұ да заңды.
Бір колхоз Сыпатаев атындағы,
Сегіз жүз қой болыпты өлген малы.
Айтысқа екі ауданға қатар салдық,
Бірнеше сұрағым бар сізден әлі.
Еңбектің рахаты табыста деп,
Қаулыда партиямыз айтқан еді.
Бөгеннің МТС-і ремонттан,
Шықты ма соқа-сайман құралдары .
Әзірше осыларға жауап қайтар,
Тағы да сұрағым бар сізден әлі.
Айнабек:
Бар суың пайдаға аспай жатты босқа,
Зияны тиіп те тұр мұның басқа.
Мұнан да сорақы ісің толып жатыр,
Мақтанып, ширатылып асып-таспа.
Білемін ауылыңда бар ескі клуб,
Жататын жазды күні ешкі кіріп.
Моншаның төбесі тұр құлағалы,
Көрмепсің мақтан қуып көкіп жүріп.
Клубың жақсы істесе болар ма еді,
Жарамсыз ескілікті әдет-ғұрып.
Құлжабай, бұл айтылған сын сабағы,
Адамның жүзі төмен сынса бағы.
Отырмын өлеңімді доғарсам деп,
Көпшілік ерік беріп тұрса-дағы.
Құлжабай:
Созаққа қырық мыңдай қойың барад,
Әлжанов жаз кезінде жүрді аралап.
Сарбастың құдығында шопандарың,
Жатқаны күндіз-түні ішіп арақ.
Жоғалтып тоқсан қойды Ахметов,
Таппады төрт-бес күндей құмды аралап.
Ақшаға кей малдарың сатылады,
Аз емес әр колхоздан айтсам санап.
Біразын Әлжановтың өзі ұстады,
Шындығын тексерерсің осыдан-ақ.
Сіздерде кейбір жалқау малшыларға,
Тиісті қолданбайды заңды талап.
Семізі арық малға ауысады,
Үстінен қырық-елу сом пайдаланад.
«Алғабас» совхозыңыз бізбен бірге,
Жолдағы батпақ суға егін салад.
Гектарға үш-төрт деген центнерден,
Әр жылы өте төмен өнім алад.
Тастайды айдалаға сабандарын,
Болмай ма сабан сізде малға тамақ.
Тиісті осыларға жауап қайтар,
Айнеке, сөз кезегі тағы барад.
Айнабек:
Айтысу болмай жүрді көптен бері,
Бұл айтыс келешектің өткелдері.
Ал енді айтқан сыннан сабақ алып,
Жоялық кемшілікті өткендегі.
Жарысы екі ауданның алға басып,
Ерлердің байлық болсын төккен тері.
Аса зор дайындықпен кірісейік,
Алдағы қызу іске – көктемдегі.
Құлжабай:
Шаянның тұтынушылар одағында,
Айтуға мұны сізге болады ма?
Жаңадан үш магазин салынды деп,
Бір хабар тиген еді құлағыма.
Екі жылдан бері қарай бітпей жатыр,
Кесегі суға тиген оңады ма,
Тиісті материал таба алмасаң,
Қоя сал оны малға қора қыл да!
Арналған саған сыным тағы да бар,
Шаянда бар мейман үй қонағына.
Өзім де бір күн түнеп кетіп едім,
Ешкім де бара қоймас оларыңа.
Қолымнан он сом ақша төлеп кеттім,
Жалғыз-ақ қалдым соның обалына!
Аудандық газеттерге шыққан бұлар,
Айнабек, жауап қайтар, соларыңа.
Бармайды фермаларға киноаппарат,
Жұмысы өте нашар мәдениет.
Айрықша алыстағы малшыларға,
Тимейді уақтылы газет пен хат.
Өскелең халқымыздың тілегіне,
Сай жұмыс болмаса егер, үлкен ұят.
Айнабек ақын, абайла,
Мақтанып қайда барасың.
Ашып айттық осында,
Кемшілік істің саласын.
Айтысқа салып отырмыз,
Аудан мен аудан арасын.
Бізден жақсы білмейсің,
Мал күтудің шарасын.
Мәдениет жөнінде,
Созақтан кейін қаласың,
Дәнді төмен аласың.
Көшеңде тағы суың жоқ,
Қурап тұр тіккен ағашың.
Жиналған халқым шешеді,
Айтылған сөздің расын.
Тоқтайтын жерің келді ғой,
Жасың үлкен ағасың.
Шақырамын жарысқа,
Шаянға менен сәлем айт,
Тағы да артта қалмасын.
1957 жыл.