Бикен мен Әкпар айтысы (1-бөлім)
Бикен Сембаев, Әкпар Жүсіпов · 2 мин оқу
Бикен:
Ардақты ұлы Отан аясында,
Ер жеттім туған өлкем саясында.
Қорғалжын алтын бесік елім сенен,
Өр қызың өткір жырын аясын ба.
Арқаның жер сұлуы Қорғалжыным,
Көтеріп атағыңды қорғар жырым.
Бүркіттей түлкі көрген шүйіл-дағы,
Қырбайды өткір тілмен қолға ал бүгін.
Осы бір сұлу жердің қызы едім,
Байлыққа қойны толған дүзі де едім.
Екі аудан айтыспақ деп естігенде,
Намысты қорғаймын деп қызып едім.
Ағызған сұлу жырдың дариясын,
Жаттап ап біз шырқаған ариясын.
Көтерген достық туын бірінші рет,
Кім білмес Қорғалжынның Мариясын.
Әкпар-ау, қалдырамын жолда сені,
Қорғалжын ен байлықтың орда кені.
Жырымды асқақтата шырқағанда,
Шолпан мен Мария апай қолдар мені.
Әкпар:
Естуші ем Қорғалжынның ақын қызын,
Көрінді бүгін, міне, жарқын жүзің.
Таласпа Баранкөлдің байлығына,
Қорғалжын, сенен менің озат ісім.
Қалқам-ай, шыға шауып омақастың,
Көрсетіп шырт мінезін олақ жастың.
Жоқ па еді жасы үлкенге амандығың,
Жүйріктей ауыздықпен жағаластың.
Уа, Бикен, құр сөзіңмен алдамайсың,
Өзің де шаңда отырып қалмағайсың.
Кәнеки, асып жатқан жеріңді айтшы,
Өйтпесең алысқа ұзап самғамайсың.
Сыйғыздың Қорғалжынға сұлулықты,
Сонда да шыға қоймас сының мықты.
Сен бүркіт бола қалсаң, мен – саятшы,
Кигізер сан бүркітке тұмылдырықты.
Шын айтсам Баранкөлді нардай дер ем,
Ешкімнен шынтуайтта қалмай келем.
Қорғалжын қырықтағы қырма сақал,
Озамын жас болсам да талай желем.
Жерім кең шалғай жатыр дала сәнді,
Шектескен Қостанай да, Қарағанды.
Терісаққан, Есіл өзен, Сандықсуым,
Нәр беріп ой-қырына таранған-ды.
Бикен:
Ал енді айтысып қал қапы қалма,
Тезірек домбыраңды қолыңа ал да.
Жүремін алып кетіп көкпардай ғып,
Осал қыз ер жігітті шақырар ма!
Шапсаң да оза алмайсың Қорғалжыннан,
Жисаң да байлығыңды ой мен қырдан.
Әй, Әкпар, білмеуші ме ең құр қалғанын,
Бойына сенемін деп түйе жылдан.
Құты мол, алқабы зор анам Нұра,
Тоя ма Нұра десек жүрек жырға,
Мақтасам жер-суымды асып түсем,
Тек қана қалтырамай сынға шыда.
Нұраның бір саласы – Құланөтпес,
Жеріңнің бар өзені бұған жетпес.
Шөбі май, ағып жатқан суы балдай,
Таңданбай бір көрген жан сірә кетпес.
Қорғалжын тебіренткен ақын жанын,
Туғызған жас жолбарыс Рақымжанын.
Қазақтың адал жүрек батыр ұлы,
Ел үшін, бақыт үшін қиған жанын.
Көрсетпей кемшілікті қаламын ба,
Еліңде жақсы да бар, жаманың да.
Көл-көсір Баранкөлде олқылық тұр,
Байыптап көз жіберіп қарадың ба?
Клубы директорға өкпелейді,
Көрсеттім талай кино көпке дейді.
Ескеріп, ренжітпей жөндей салса,
Бір шелек ақ лайы көп пе дейді.
Отырып есіңде ме құлағаның,
Сүзе кеп қабырғаны сұлағаның.
Шошынып бес тақтайдың кескінінен,
Ұялып басқа орындық сұрағаның?
Әкпар:
Нұраны таласым жоқ ана десем,
Есілді қателестің бала көрсең.
Арқаның Есіл ару еркесі ғой,
Қадалып көзің тоймас қарай берсең.
Нұрада көпірің жоқ қарыс жарым.
Қайықпен алғашқы рет танысқаның.
Өтерде зәрең кетіп ұмытылмас.
Бауырыма ағатайлап жабысқаның.