Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Желеу мен Көпбай айтысы (1-бөлім)

Желеу Жақыпов, Көпбай Әлімбетұлы · 2 мин оқу

Желеу:
Ақындар, құтты болсын бас қосқаның,
Үлгілі қарт, білімді жас достарым.
Көптің мейірін қандыра ән шырқайық,
Өлеңнің кеңнен жайып дастарханын.

Баулыған батырлыққа елім менің,
Қаланың қазыналы төріндемін.
Ұранын Отанымның ту ғып ұстап,
Еңбекке көзімді ашып берілгемін.

Еншіме тауды да алдым, тасты да алдым,
Үлгілі қарт, білімді жасты да алдым.
Жайнатып жер бетінде жаңа қала,
Сарқылмас мол қазына астық алдым,
Екі жыл болды, міне, содан бері,
Үн қосып қырық жылмен тасқындадым.
Көпбай ер, сәлем бердім халқыңызға,
Колхозшы, қалаң менен жалпыңызға.
Кенжеңмін Кентаудағы жаңа талап,
Ілескен қолқанат боп артыңызға.
Арнаймын жеке сәлем өз басыңа,
Демеңіз кінә қылды болмашыға.
Алайық көп алдында бір шайқасып,
Белдесіп облыстың ортасында.

Көпбай:
Қырандай қалықтайын қанат қаққан,
Аққудай құлаш жайып көлде жатқан.
Жез таңдай жыр жібегін дестелеші,
Асқақ үн, ақын жаны бойға жаққан.
Толғансам сөз тасқыны төңкерілер,
Сарқылдап тау суындай толқын атқан.
Ашпаса ән іргесін осындайда,
Ақынға үлкен кінә күйбең қаққан.

Ойланып шабан ақын алдырмайды,
Шалшықтай жырадағы жылжып аққан.
Айқайлап әупіріңді бір басайын,
Өлеңім көпке тарту менің тартқан.

Ойнақтап ұшқыр қиял тұра алмадым,
Аңқытып ән еркесін шығандадым.
Бас қосқан жиналысты құттықтаймын,
Алғыр ой, іске шебер ұландарым.

Оңтүстік облысым, Шымкент қала,
Қондырған он бес отау шыр айнала.
Ағашы құшақ жетпес аспандаған,
Төрт қабат үй салынған бәрі жаңа.
Асырып сағат сайын өнер, білім,
Ер, әйел, оқып жатыр қыз бен бала.
Электр, асфальт көше әсемделген,
Жаз курорт, тамаша бау сай мен сала.

Желеу:
Ақыным, қазыналы ел едіңіз,
Біз інің, жасың үлкен бел едіңіз.
Орнаған облыста жас қала едім,
Халқыма құтты болсын демедіңіз.
Қазақтың сара жолын ұмыттың ба,
Көп жеген елдің нанын ер едіңіз.
Кентауда жолыңызды жаздай күттім,
Үлкендік ойладың ба, келмедіңіз.
Мен сізден жәрдем сұрап тұрғаным жоқ,
Бұйырсын өздеріңе көмегіңіз.
Кентауға күйеу ме едің ұялатын,
Қайсы еді бармай жүрген себебіңіз?
Жұмыстан қолым тимей қалдым дер ме ең,
Келеді енді осыған не дегіңіз?

Мен келдім, сіз бармасаң өзім арнап,
Сізде жоқ бізден өтер ауыр салмақ.
Желеуді қайтсем орға жығамын деп,
Жинапсың материал ерте қамдап.
Сізге ұқсап шабан үйрек бола алмадым,
Көзбенен көріп айттым жеке талдап.
Болғалы Шымкент қала қаншама жыл,
Қара орын, қазыналы үлкен шаңырақ.
Тұрғын үй, баспанадан нашарсыңдар,
Бұл жағын байқадың ба өзің аңдап?

Қадірлі қаладағы басшыларың,
Осының айтар өзі есептерін.
Айтқанда біреуіңді шымшып алып,
Деп айтар труба жөнде демеп пе едім.
Осындай кемшілікке көмектеспей,
Сен өзің бұл қаладан бөлек пе едің?

Көпбай:
Шымкентте бала жастан жүрмін жайнап,
Зор табыс, қызу еңбек жатқан қайнап.
Бау-бақша, өлке бойы қалың дарақ,
Ән салар бұтағында бұлбұл сайрап.
Бау-бақша, Кентауыңда дарағың жоқ,
Жаз болса Шымкентіме шұбырасың,
Алма, өрік, қауын, дарбыз аламын деп.
Таңырқап тәтті жүзім жемісімді.
Бізден ап кетіп жүрсің амалың жоқ.
Орынсыз айта берме мысқылыңды,
Айтқаным есте болсын қысты күнгі.
Шақырғаным жазда кеп біраз жатып,
Кетсейші бір шығарып ыстығыңды.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз