Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құлжабай мен Айнабек айтысы (1-бөлім)

Құлжабай Төлеуов, Айнабек Нысанов · 2 мин оқу

Құлжабай:
Ал, жырла, қызыл тілім, бүгін талмай,
Сөз сөйле халқым сүйіп қалағандай!
Арнасын асыл сөздің ақтарамын,
Халыққа үлгі болып тарағандай.
Кең қиял, ой-өрісім тоқталмады,
Елдегі ер еңбегін бағаламай.
Табысты таңырқарлық айтпақшымын,
Біртіндеп қолмен тізіп санағандай...

Айнабек:
Арнаулы сәлем бердім, Құлжабайым!
Мен неге бұл дүбірден құр қалайын.
Келіпсің менімен бір айтысқалы,
Айнабек әруақытта жырға дайын.

Бұрыннан жарыстамыз Созақ-Шаян,
Созақтың табыстары бізге аян.
Ауданның қолы жеткен жетістігін,
Етейін тәтті жырмен сізше баян.
Байжансай аудандағы алтын кенім,
Күн сайын артып отыр оған сенім.
Жоспарын өткен жылы орындады,
Тонналап мол қазына беріп өнім.

Кені көп Байжансайдың кеннен келген,
Байлығы қорғасынның жерден өнген.
Сауға қуат, ауруға ем болатын,
Алдыңыз тағы хабар дерменемнен.

Иісі дермененің тұрған аңқып,
Серігі анабаз бар өнімі артық.
Көк бұйра елтірідей көз тартатын,
Үлкен байлық емес пе, тұрған шалқып?!

Ауданда шопандар көп табыс тапқан,
Мәпелеп жем-шөп беріп малын баққан.
Осындай жақсы күтім нәтижесі,
Күн сайын мал семіріп салмағы артқан...

«Алғабас» колхозында осы табыс,
Көрейік күшті болсаң бізбен таныс.
Тонналап Ұлы Отанға ет өткізген,
Колхозбен теңдесуге ауылың алыс...

Ардақты Дөңбай шопан қырық жаста,
Өзінің кәсібі жоқ малдан басқа.
Түймебай Қалымбетов серігі бар,
Біресіп қой өргізген тау мен таста.
Ауданда ардақты аты аталады,
Депутат Әбіш шопан «Алғабаста».
Құлжабай, гармоныңды алшы қолға,
Болып тұр ақындарға өлең норма.
Жаттап алған өлеңді жақсы айтасың,
Ақын болсаң, ақын бол, жырау болма.

Құлжабай:
Тұрағым Созақ ауданы,
Оңтүстікке қараған.
Шолаққорған орталық,
Бес совхоз бұдан тараған.
Бес ауыл тағы бар, мұнда,
Қонысым байтақ саладан.
Түстігім жатқан Қаратау,
Табиғат тасын қалаған.
Арғы шетім Сарыарқа,
Ашылған қоныс жаңадан.
Бер жағы Сарысу, Мойынқұм,
Есепте бұрын болмаған.
Берекелі бес түлік
Жайлауын тапты жаңадан.
Ауданымның байлығы
Жайлауды осы ораған.
Мың түрлі шөптің атасы,
Еркек, селеу, бидайық,
Сексеуіл, жыңғыл ну біткен,
Кем емес салған қорадан.
Қыс райы жазбен тең,
Қар болса көктен бораған.
Жетпіс алты бөлім бар,
Жер құты дейді оны адам.
Үюлі шөбі басында,
Жүз мыңдап асад тоннадан.
Шөлсізден суды шығардық,
Шығырлы құдық орнаған.
Жиырма жеті тұз кен бар,
Қажетке күнде жараған.
Жабылып малым жеп жатад,
Орнатқан астау шанадан.
Бір малым шығын болмайды,
Қотыр мен көнтек жарадан.
Дала аңында есеп жоқ,
Қақпаншы, мерген оны алған.
Ұйымдасқан артель бар,
Ұстайды балық тұмадан.
Бір балықтың салмағы,
Келеді жиырма килодан.
Шаянға кезек беремін,
Сөзіңді айт сен де қалаған.

Айнабек:
Құлжеке, табысыңды суреттедің,
Құм мен Шу, Сарыарқаны тізбектедің.
Құрғақ сөз жақсы табыс болмайтынын,
Ақын болып жүрсең де білмеп пе едің.
Тарыдай табысы жоқ тау мен тасты,
Сөз етіп қиыстырып түйдектедің.
Сенікі сөзден өрнек ою ғана,
Өйткені, үгітшілдік қызметте едің.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз