Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Нұрхан мен Майташ айтысы (5-бөлім)

Нұрхан Ахметбеков, Майташ Ысмағұлова · 2 мин оқу

Алты жыл «Ақсуаттың» елін бастап,
Жаманат жалғыз ауыз тағылмаған.
Еңбекке елді түгел ұйыстырып,
Арнасы өндірістің арындаған.
Сарыарқа самалында мал өсіріп,
Жоспарын артығымен орындаған.
Айтулы ерлерім бар ауданымда,
Ешбір тауы жарыста шағылмаған.

Төбесі Көктеректің көкке жеткен,
Ерінбей ел қамы үшін еңбек еткен.
Он үш жыл бір орында тапжылмастан,
Атақты келе жатыр Шәкір көптен.
Жазылып жаз жайлаған көк аралды,
Тарысы «Кировымның» көкке жеткен.
Шұрайлы малы семіз азығы көп,
Асып тұр көркемдігі төңіректен.
Колхозда қаһармандық іс істеген,
Жан озбас Жүрімбеков Меңдібектен.
Секілді лағы серке, қозысы қойдай,
Малынып жібек шашақ жерге төккен.

Қашаннан Көпей жеңгей бұзау баққан,
Шығынсыз аналарын бұзаулатқан,
Оташы Дүйсекеңдей қариям бар,
Тұрғызад ауру малды өле жатқан...

Сәлем айт үлкен-кіші бар кісіңе,
Мұқият болсын бекем бар ісіңе.
Алты мың, жеті мыңнан қой өсірген,
Көз салсын біздің елдің үлгісіне.

Мәпелеп баласындай елін баққан,
Он бес жыл еңбек етіп келе жатқан.
Үлгі алсын колхоздағы басшыларың,
Медальді Шаяндағы Бисалақтан.

Алты мың қой өргізген қорасынан,
Мың жарым сиыр өрген даласынан.
Атағы астанаға мәлім болған,
Үлгі алсын Ақшонтаев ағасынан.
Бес тарау Байғабылдың жері сулы,
Колхозы Калининнің аты шулы.
Үлгі алсын Есбол ұлы ер Досаннан,
Облыстан озып алған Қызыл туды.

Ел бағып, егін салып, мал өсірген,
Еңбекке көңілі өсіп, күндей күлген.
Сәлем айт жеңгелер мен қарындасқа,
Үлгі алсын Еркеш, Бәтеш, Айшагүлден.

Теңіздің дауылындай қарқындаған,
Қырандай дауысым көкте саңқылдаған.
Жұмыстың тоқсан тоғыз тарауынан,
Ісім жоқ кәмтемел боп қамтылмаған.

Көрініп бірлі-жарым көзге түскен,
Жоямыз кемшілікті там-тұмдаған.
Арманда қалып қоймай, ақын Майташ,
Сөйлеп қал, сөзің болса айтылмаған.

Майташ:
Мәдени үлгі шашқан арамыздан,
Үлгі алсын Боробойдай қаламыздан.
Ағеке-ау, жаудан қорқып қорынбадық,
Олардың қарасы өшсін даламыздан.
Ғафу ет, қата кеткен сөзім болса,
Рұхсат ет отыруға қолыңды алып.

Нұрхан:
Кел енді, келіскенің жөн емес пе,
Қол берсең қошеметпен, сен егеспе.
Салтанат сауық-сайран тәрбиеге,
Алдымен сахна ашқан мен емес пе?!

Айтыстық алтын отын аймақ үшін,
Табысты жариялап жаймақ үшін.
Алдағы Қазақстан тойына арнап,
Серт етіп кемшілікті жоймақ үшін.

Бұл айтыс көтереді халқымызды,
Батырлық өнерпаздық салтымызды.
Қазақтың 25 жыл тойына арнап,
Берелік отаншылдық антымызды.

Асыққан асқақ фашист жығылды орға,
Желөкпе жер тағысы түсті торға.
Болғандай жан есірік жан таласып,
Азар тұр шыбындары шықпай зорға.
Жыландай інде жатқан, иіріліп,
Кірпідей ши түбінде жиырылып.
Ақырып екі көзден отын шашып,
Заманы жатыр жаудың қуырылып...

Майташ:
Десең де мен білмейтін елде кім бар,
Мақтасам мақтау сияр ерлерім бар.
Көрініп жұрт көзіне үлгі етерлік
Неше алуан айтарлықтай еңбегім бар.

Бақыт күш маңдайымнан арылмаған,
Өндіріс өрге тартып, қабындаған.
Арқаның алтынды асу-алабынан,
Нендей зат іздесеңіз табылмаған.

Еңбектің қиясынан тайынбаған,
Жастар көп жай отындай жалындаған.
Қайратын Уәлидің мадақтайын,
Ержүрек құрыш білек қабындаған...

Қан тамған аспаһанның садағынан,
Залымның құтқармаққа қармағынан.
Қаһарман Қызыл ерлер залым жауды
Қамап тұр қаусырмалап жан-жағынан.

Сұм фашист бұл ғаламнан жау жойылсын,
Әлемге бостандықтың дабылы ұрсын.
Құрысын жер бетінен соғыс бұлты,
Төбемде күн жарқырап мәңгі тұрсын!
1945 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз