Нұрхан мен Майташ айтысы (4-бөлім)
Нұрхан Ахметбеков, Майташ Ысмағұлова · 2 мин оқу
Кезінде мен де айтамын көргенімді,
Ойыншық дәріптеме ермегіңді.
Аспаннан аузыңды ашып жауын тілеп,
Жатырсың пайдаланбай көлдеріңді.
Көркейттім колхозымның қалаларын,
Жұқпайды тартымы жоқ жалаларың.
Байладым таудай бөгет тосқын салып,
Торғайдың толып жатқан салаларын...
Асықтай ақ бикешті мөлдіретіп,
Жерінен жетпіс қаптай тары аламын.
Атасы ақ тарымның Аманжолдай,
Орденді бар ма дихан балаларың.
Сыбырлап сумен, жермен сырласатын,
Оспандай ойшыл қарт бар ағаларым.
Қамзадай қариям бар тәжірибелі,
Болжайтын күннің рай ауаларын.
Кісің жоқ жылқы атасы Күлекеңдей,
Жылқының сылап жазған жараларын.
Шертсең де шебер тілмен, ақын Майташ,
Қашаннан маған мағлұм шамаларың.
Майташ:
Бойында Бурабайдың ен жайлаған,
Жемісі женттей пісіп, гүл жайнаған.
Ақсуат, Киров атты колхоздарым,
Ызғытып қара орманда мыңды айдаған.
Өтірік ойдан алып бал ашпаймын,
Шындықтың дабылынан адаспаймын.
Көптігін қой мен жылқы айта берме,
Шын сөзге шіміркеніп таласпаймын.
Көп болса мал байлығы болған шығар,
Жүз қойдан жүз бес қозы алған шығар.
Бәрінен жеріңіздің жетпіс қаптан,
Мүлтіксіз тары алғаның жалған шығар?
Атақты Аманжолдай арагідік,
Еңбегі жанған кісің болған шығар.
Қашаннан қара көкбек, жерің сортаң,
Көктемей талай тарың қалған шығар.
Отырмын аға едің деп көңіл жықпай,
Ұялып ашылайын бекер бұқпай.
Тоқанай Торғайдағы құмарында,
Қалыпты тары түгіл қурай шықпай.
Жаңа бір хабарым бар анықтаған,
Жарамас бәрін мақтап мадақтаған.
Колхозы «Крупская» малдарының,
Қотыры әлі күнге айықпаған.
Осындай колхозыңды тыға тастап,
Құр болмас ақындықпен шарықтаған.
Күтімі малдарының маған мәлім,
Жазда су, қыста шөпке жарытпаған.
«Мереке» колхозы мен «Онбесжылдық»,
Жоспары малдарының толықпаған.
Ойласам осылардың бастықтарын,
Ентігіп еңбек етпей солықтаған.
Нұрхан:
Бермедің менің жауап сұрағыма,
Кетпелік сөздің қия жырағына.
Сәлем айт менен барсаң, қарындасым,
Елдегі ерлеріңнің құлағына.
Қарамай толтырмаған астығына,
Мақтандың тауды киіп, тасты жыға.
Сәлем айт менен барсаң, ақын Майташ,
«Қарқынның» Шоман дейтін бастығына.
Басшы боп тартам десе елдің көшін,
Еңбекте ерлік етсін, төсеп төсін.
Үш сиыр сауыныңа азар сауып,
Жоғалтқан 30 аттың жиырма бесін.
Сәлем айт, Сәлмен ұлы Қамзаға арнап,
Шығып жүр жаман аты жерді шарлап.
Ербеңдеп, егін алмай, мал өсірмей,
Халқынан атақ алған «ол бір бейбақ».
Кер тартып, кір келтірмек кім өзіне,
Кім тақпақ жаман атақ кінә өзіне.
Ең төмен деген колхоз «Он бес жылдық»,
Жетпейді бес колхозың бір өзіне.
Қалдырма ақын Майташ артығыңды,
Шалықтап сал ортаға алтыныңды.
Жетпейді «Мерекеме» бәрін қоссаң,
«Новый путь», «Еңбек», «Шиелі», «Қарқыныңды».