Жақсыбай мен Есдәулет айтысы (2-бөлім)
Жақсыбай Жантөбетов, Есдәулет Қандеков · 3 мин оқу
Жақсыбай:
Сөз туар қуа берсе осындайда,
Есеке, мына сөзің кімге пайда?
¹Қылша – қызылша.
Біреудің еңбегіне қолың созбай,
Қызықсаң біздің жерге егін айда.
Еңбекті артық етсең ембейсің бе?
Сен менің бұл сөзіме сенбейсің бе?
Сапырып ойды-қырды борандатып,
Орайсың алды-артымды сермейсің де.
Тіл жұмсап көңіліңді бөлген болсаң,
Қатені ішіңдегі жеңбейсің бе?
Өзіңе ешнәрсені жолатқың жоқ,
Сұлулап бар жағдайды өңдейсің де.
Өзің тұрған Ақтерек колхозыңның,
Тұқымын сеппей қойған мен дейсің бе?
Бәріміз түсіндік қой ұстаз жөнін,
Еңбекпен өндірмекпіз табыс кенін.
Келешекке халықтың қамқорлығы –
Тағы да жоқ дейді ғой тұқым қорың.
Дайындықсыз, бейқамдық жетпеді ме?
Қауіпті болып отыр биылғы егін.
Есдәулет:
Кемшілікті айтқан жақсы осы бастан,
Өседі деген бар ғой бала жастан.
Тұқымы жетпек тұрмақ, асар еді
Ақымды қолға берсең қажет ашқан.
Жақсыбай, бұрын мұнда келген жоқсың,
Қызығын біздің елдің көрген жоқсың.
Он мыңдаған центнер қарыз бердім,
Ешкімге мендей қажет берген жоқсың.
Демегің ажал қайдан, қатер-қауіп,
Келіпсің біздің елге дәмің ауып.
Колхоз-совхоз болғалы сырың мәлім,
Қай жерде олжа алып ең оза шауып?
Төрт ауданның күшімен суланып ап,
Мақтандың амал бар ма төске шауып.
Ірі аудансың қырық жеті колхозың бар,
Ауданыңды осылай деп байқауым бар.
Төрт түлік шаруа малдың саны қанша,
Кең өріс қандай қыстау, жайлауың бар?
Жақсыбай:
Біздің Шу өзек талмас үлкен өзен,
Сіздің тау құс ұшпайтын биік кезең.
Әрқашан өрісіңе мақтанушы ең,
Әдейі көрейін деп іздеп кеп ем.
Бұйрақұм мал жатады Түлкіліде,
Қыстан малдың қисаймайды бүлтігі де.
Қызылқұм онан төмен еркек¹ шөбі,
Ат тойып мас болады бір түбіне.
Шөбінің бір түрі бар – Қызыл өзен,
Жайлайды сол жерімді боталы інген.
Жерім бар шөбі шүйгін жұтқа бермес,
Бойдақ мал шөл далада түнеп жүрген.
Қар жатпас қыстыгүні жерім жайлы,
Қыстауға бөліп қойған әрбір сайды.
Құланға ұқсап үркеді жақын барсаң,
Аунаған көк шалғынға құлын-тайы...
Жауапты сұрауыңа даярладым,
Тіл жұмсап Отан үшін аянбадым.
Есеке, мендегі бір жалғыз қата
Ескеріп малдың санын ала алмадым.
Бұл сөзді дәлелді деп сенерсіңіз,
Бар болса артық-кемі көрерсіңіз.
Шаруасы бір ауданның оңай болса,
Түгелдеп малын санап берерсіңіз.
Өзің мақтан, кең өріс жерің қанша?
Айтып бер білген болсаң малың қанша?
Бухгалтердің есебін менен сұрап,
Пысықсынып осы жерден табылғанша.
¹ Еркек – жабайы шөп.
Есдәулет:
Кең өріс ел сүйгендей жеріңді айттың,
Тамаша өсіп-өнген малыңды айттың.
Көрсетпей еш кемшілік түп-түгел ғып,
Сұлулап кір жуытпай жайыңды айттың...
Сұрасаң мен айтамын малдың санын,
Білемін ауданымда қолда барын.
Саралап көрсетейін түріменен,
Жақсыбай, құлақ салып тыңдап алғын.
Кең өріс, қыстау, күздеу көрсетелік,
Тағы санап берелік шаруа малын.
Бұйрадыр, Құлжабасы көлбеп жатқан,
Әр сайда мал жайылып өрлеп жатқан.
Алмақыз, Батпақтыға асып түссең,
Көресің малдың түрін кернеп жатқан.
Сорқұдық, Үшжелтөбе, Қаражырық,
Кең күздеу өріс болад желі тартқан...
Елу мың бас малым бар отардағы,
Малшының оңалып тұр сапарлары.
Бір түгі малымыздың қисаймайды,
Ыңыранып семіздіктен баса алмайды.
Бір қыстау Қопа деген үлкен өзен,
Ақтерек, Балажаннан биік кезең,
Сол жерде тағы елу мың малым жатыр,
Айырып танысаңыз ат пен дөнен.
Қарасаң асыл жылқым тамашалап,
Көзің тояр құмар боп тұрсаң қарап.
Ақалтеке, Энгельс, Донскийден,
Жылқышым бағып жатыр жалын тарап.
Қой, ешкі сексен үш мың толды басқа,
Алты мың жылқы және үш мың шошқа.
Сегіз мың сиырым бар толған өріс,
Сыртында мына санның түйе басқа.
Айтпадың тым болмаса жалпы санын,
Мен құсап бөлмесең де баспа-басқа.
Ауылыңа қайта барып сұрап келгін,
Малыңның санын сұрап ақылдас та.
1943 жыл.