Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қайып пен Ілияс айтысы (1-бөлім)

Қайып Айнабеков, Ілияс Манкин · 2 мин оқу

Қайып:
Ілияс, үнің шықпайт, тірімісің,
Саңлаусыз санды адамның бірімісің.
Шахтаңның көптен бері көре алмадым,
Жұрт болып сүйсінгендей бір жұмысын.
Артта қалды дегеннің несі жақсы,
Салмақтап, санаң болса, соны түсін.
Көтеріп, көмір берлеп елдің рухын,
Шықпады өз ортаңда бір дыбысың.
Ақыным, жөніңді айтшы қайда жүрсің,
Айтшы сен, күрестің бе көмір үшін?
Беріліп жатса көмір планнан тыс,
Сонда сен күрестім де өмір үшін.
Шахтамда жеңіс туы желбіреген,
Мақтану біле білсең менің ісім.
Топ жарған Төлеубектей батырым бар,
Бір өзі он жігіттің істер ісін.
Өндірген планнан тыс көміріммен,
Арттырып жатқан жоқ па елдің күшін.

Ен сөздің балуанымын көпті жыққан,
Күнім жоқ жеңілем деп қорқып-бұққан.
Басыңнан сөз қамшысын айырмаспын,
Шыққанша сенің шахтаң олқылықтан.

Ілияс:
Тірімін, аманбысың, Қайып досым,
Тым ерсі асқақтапсың, сөзің жосын.
Мақсатың мінімді айтып жеңбек шығар,
Бірақ та бапты тимес өзіңе осың.

Білдің бе менің шахтам қандай шахта,
Бір кезде жұрт мақтаған маңдай шахта.
Майданға көл-көсір ғып көмір бергін,
Сен бүгін ту алдым деп мақтанғанша.
Соншалық неменеге мәз боласың?
Әуелі өткен жылғы борышты ақта.
Ел-жұрттан алғыс алған біз емес пе ек,
Малтығып Сіздің шахта жатқан шақта.
Ғазиздей орден алған батыры бар,
Болады әр қалай-ақ мақтансақ та.
Ілияс көмір бер деп жырламап па ед,
Үндемей сен үйіңде жатқан шақта.
Жүлде алған ердің бірі – Николаев,
Бір кезде ие болып құрметті атқа.
Шахтаңды олқылықтан шығармақ боп,
Сан рет барып қайтқан Сіздің жаққа.
Ғазиздей бүкіл елге даңқы шықса,
Сен барып Төлеубекті сонда мақта.
Күні ертең бассейннің алды болып,
Ту ілер қақпасына біздің шахта.
Ие боп қалып жүрме сонда Қайып,
«Шахтасы артта қалды» деген атқа!

Қайып:
Шахтаңды салыстырсаң шахтамменен,
Ілияс мақтанбақсың, айтшы, немен?
Жоспарың жылында бір орындалмай,
Осынша қара басты сені неден?
Өткен іспен күнәңді жумақ болсаң,
Айыптың деп ұққайсың бәрі менен.
Жеңісті айтып, мініңді көрмеген соң,
Қайтып сабақ алады басқа сенен?
Күні өткен аз кірісті жаттап алып,
Олқылықты шығардың неге есіңнен?
Табысқа бір азырақ мастау болып,
Рас, ол, өткен жылы сәл сүрінгем.
Бірақта кемшілікті сылып тастап,
Ширады бұрынғыдан тағы денем.
Кешегіден бүгінім асып түсіп,
Оқ бойы бассейнде алда келем.
Сен соны бұл күн кеше естімеген,
Неден ғана құлағың болды керең?
Бір кезде бассейннің алды болсаң,
Бұл кезде неге қалдың артында сен?
Қатарыма ертең ту ілем дейсің,
Аласы туың бар ма несиеден?
Бүгін неге көзіме көрсетпейсің,
Тамағымды ісірмей несиеңмен.
Шахтама бірер қабат келіп ең сен,
Сыртыңнан сонда сені байқап ем мен.
Әлі де сол жағдайың өзгермепті,
Берекесіз құрғақ сөз көрініп ең.
Майданға көл-көсір ғып көмір берсең,
Неге бере бермедің сол бетіңмен.
Ел-жұрттан алғыс алғам деп айтасың,
Арылған адамға ұқсап міндетіңнен.
Бір Ғазизден басқаңды атамайсың,
Басқа адамың, Ілияс, қайда кеткен?
Екі сөздің бірінде озам дейсің,
Көмір келіп түсе ме өзі көктен?

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз