Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Молдахмет пен Нұрхан айтысы (1-бөлім)

Молдахмет Тырбиев, Нұрхан Ахметбеков · 3 мин оқу

Көкшемнің мұнар бұлты көкті сүйіп,
Сан қыран кете алмаған көзі қиып.
Ну тоғай баурайында жайлауы ырыс,
Мақтаған талай ақын жер деп ұйық.
Өскелең өрге ұмтылған Шоқан өскен,
Жігіті өскен емес болып бұйық.
Оқжетпес зеңгір көкке құлаш созған,
Етекте сексен көлім жатыр сыйып.

Сарыарқа самал желдің саясында,
Кең алқап алтын кесе аясында.
Толқытып талай бұлбұл ән шырқаған,
Асқар ну биік шыңның қиясында.

Көкшеде Біржан өткен толғап әнін,
Ел сүйген естігенде толғағанын.
Ән шырқап домбырасын көкке сермеп,
Ағызған сөздің майын, тілдің балын.

Өтіпті ән бұлбұлы Ақан сері,
Топта озып жүлде өңгерген Құлагері.
Саласын Сырымбеттің күңірендіріп,
Арқаның асау туған ардагері.

Көкшетау ән бесігі, ер ордасы,
Көкшетау өлең-жырдың дариясы.
Көкшетау сал-серісі мырза болған,
Көкшетау тілдің балы, сөздің нашы.

Шал ақын Орынбай мен Ақан, Біржан,
Тезекбай, Арыстанбай, Нүркей, Тоғжан,
Ыбырай, Орынтай мен Сұлтан, Мұрат,
Көкшенің жүйріктері топтан озған.
Осыдан жүз жыл бұрын Шоқан шығып,
Қазақтың баласына мектеп болған.
Ыбырай Алтынсарин, Нұржандарым,
Шоқаннан сабақ алып қаздай орған.
Бурабай жер сұлуы, жер ұжмағы,
Суы бал, дертке шипа топырағы.
Сексен көл саясында жарқыраған,
Күмістей сымға тартқан бұлақтары.

Сұңқарға ұя болған биік шыңы,
Нешелер ер туғызған ел дүлдүлі.
Теңіздей терең ойлы тебіренткен,
Кемеңгер текті Шоқан Шыңғысұлы.

Батырлар сан жорықта шықты ұласып,
Дұшпанға арыстандай қаһар шашып.
Ер туған елдің ұлы батыр Мәлік,
Жалаңаш жауға аттанды төсін ашып.
Жас батыр қамал бұзған қайсар ұлан,
Қаһарман, қатарынан туған асып.
Немісті көкбөрінің серкесіндей,
Жорықта тақымына жүрген басып.

Домбырам күй төгілер пернесінен,
Қанатым жел саулатқан сермесінен.
Жел қобыз, нөсер құйған жаңбырдайын,
Өлеңді ағытайын термесімен.

Тайпалған тарлан жүйрік топтан озған,
Кең алқап айдын көкке құлаш созған.
Өлең-жыр, терең сырдың қазынасы,
Деген бар күй төгілер кәрі боздан.

Айбынды арыстандай айбарым бар,
Желпілдеп желге өрлеген айдарым бар.
Жәй тастап, құлашымды кең созамын,
Аспанда ән шырқаған айғайым бар.
Ай балқып, күн көрінген сағанақтан,
Күй шалқып айыр көмей тіл мен жақтан.
Тел өскен, қатар өскен Қостанайым,
Сұраймын хал-ахуал сіздің жақтан.

Үнемі кете бермей сөзбен желдеп,
Сапқылық қыла бермей жермен көлбеп,
Айтқанда байлығыңды топ алдында,
Нұрқаным, бөгежектеп қалма терлеп.

Нұрхан:
Сайраған Сарыарқаның бұлбұлымын,
Торғайдың топтан озған дүлдүлімін.
Атамыз ала тайлы батыр Шақшақ,
Сом алтын Бәйбішенің кенже ұлымын.

Еділден атам Шақшақ есіп өткен,
Жайықтың жалпақ суын кешіп өткен.
Қазақтың қамын жеген Едігедей,
Егескен жаудың басын кесіп өткен.

Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен
Шақшақтың немересі асыл тектен.
Қас жауды қонысынан қойдай қуып,
Халық үшін қабырғадан қанын төккен.

Сандыбай садағына сағым ілген,
Үйездің басын кесіп, қарнын тілген.
Атасы Қобыландының туын ұстап,
Ғалидей мың сан қолға жалғыз кірген.

Ыбырай Сарыарқаның бұлағы еді,
Халықтың күндей жарық шырағы еді.
Алтынның шығар жерін белден қазып,
Ғылымның кілтін қолмен бұрап еді.

Атақты Наушабайдың Нұржаны өткен,
Арқаға ән тұқымын осы еді еккен.
Тобылдан төңкерілген бір зор айғай,
Сібір мен Сыр суына балын төккен.

Атағы Аманкелді мың бір дастан,
Ақырса су шығарды қара тастан.
Кешегі Рүстем мен Сейітбатталдай,
Майданда салды қиғаш тапжылмастан.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз