Нияз бен Болман айтысы (4-бөлім)
Нияз Ожанов, Болман Қожабайұлы · 3 мин оқу
Қалыбек тағы да бар былшық сарың,
Бар ма екен бұдан асқан жалқауларың.
Шаң қылмас, өсек тасып еңбек етпей,
Шақ-шақ қып бүлдіреді – айналасын.
Тұратын колхозында «Қызылдиқан»,
Тағы бар Бірәлідей үлкен сойқан.
Басында ділгек қалпақ, шашы дудар,
Құр қалған еңбек етпей абыройдан.
Мойнында киіз сөмке, қолда қалам,
Еп-ерсі жігері жоқ неткен адам.
Үстіне тор жорғаның тола мініп,
Жортады ел аралап салаң-салаң.
Біз көрдік «Қардырыда» шикіл сары,
Денесі көрсетеді шөккен нарды.
Отырған тышқан аңдып күшігендей,
Тұнжырап жылауық көз қабақтары.
Адамға қосылмайды тағы киік,
Ешкіммен сөйлеспейді бірге жүріп.
Егерде жұмыс деген сөз естісе,
Ыңқылдап жатып алады тұмау тиіп.
Сұрасаң мұның аты Ысмағұл дер,
Қалайша бұл қырсықты көтерді жер?
Бөліске алай-пұлай нәрсе келсе,
«Жігіттің маңдай алды мен едім» дер.
Еңбекке жұмылғалы барлық халқым,
Жалқаулар бермей келед көштің артын.
Нияз:
Ақыным, осы ма еді айтар сөзің?
Барыңды шығаратын келді кезің.
Термелеп алғаныңды аудан бойы,
Бар екен бетіңе ұстар бес колхозың.
Сен бірақ Аманкелді колхозының,
Жүр екен шаруасын көрмей көзің.
Өткен жыл сол колхозың сен мақтаған,
Іріктеп төрт жүз сиыр қорға салған.
Солардың тең жартысы қотыр болды,
Ұқыпсыз салқын қарау салдарынан.
Қорасын алты күнде бір тазалап,
Сиырды екі күнде бір суарған.
Малға деп жазды күні шабылған шөп,
Тасылмай қар астында шіріп қалған.
Біразы арықтықтан көтерем боп,
Бір қыста алпыс төрт бас шығын болған.
Тап соның қырық төртін етке өткізіп,
Он басы бір бас үшін кете барған.
Алшаңдап Мырзабегің жүр ғой әлі,
Осынша қыруар малды қырып салған.
Өлтірген Таңқабайдың он торпағы,
Неліктен мәліметтен ұмыт қалған?
Ақыным, сен күлесің Бірәліге,
Көргенің байтақ елден Бірәлі ме?
Өлтірген он бұзауды Бижан сылқым,
Ортаңда қасын керіп жүр әлі де.
Салатын салға тиым жайың болса,
Көрмедің соны мінеп неге әріде?
«Пионерде» бір қызың бар Сара саңлақ.
Керіліп жауап бермейді кісі таңдап.
Есепші сол колхозда бола тұра,
Малыңның мәліметін білмейді оңдап.
Өлді деп тірі жүрген бес жылқыны,
Сол қызың жүрген жоқ па ауданды алдап.
Кескіні келіспеген байғұс екен,
Тұңғиық тұнжыраған сұрша жайдақ.
Жаз болса ұмытатын қыстың жайын,
Еліңде салдыр-салақ, аз ба жаның.
Сейітің өткен қыста шөп таба алмай,
Қырып ала жаздаған барлық малын.
Қысылғаннан шөп-шөп деп амал таппай,
Центнерден үй басы салған салым.
Көк мұзда қыры кетіп, қияқ орып,
Мықшыңдап жатпап па еді Мұқан шалың.
Ақыным, ерте бастан шөп шаппасаң,
Тағы да солай болар биыл халің.
Аз емес шығын болған сенің малың,
Бір-бірлеп санасаң да ұзын санын.
Тірі мал есебіне етке өткізіп,
Сондықтан қалып жүр ғой, сірә, жаның.
Болман:
Селдеттік өлең-жырдың дариясын,
Сөз шырын, көңіл құршын қандыратын.
Мақтадық алып елдің ардагерін,
Батыр деп ел еңбегін жандыратын.
Оқ қылып сүйір тілді тура нұсқап,
Сөз айттық жалқауды естен тандыратын.
Күш қосса барлық елім зор майданға,
Іс болар достың мейірін қандыратын.
Шайнаған ауыздықты қаракөктей,
Емессің, ақын Нияз, болдыратын.
Елімнің бақыты үшін, мерейі үшін,
Біз қартпыз үкілеген домбырасын.
Тізбектеп болымсызды, елді кірлеп
Біз емес бұзатұғын ел арасын...
Жасыма, ақын Нияз, жеңілдім деп,
Жеңем деп еліңнің бер уәдесін.
Екеуміз тізе қосып жауды жеңіп,
Халықтың көтерелік мәртебесін!
Нияз:
Сен шыққан, Жезқазғаннан Болман едің,
Бұлбұлдай қызыл гүлге қонған едің.
Қаншама салыссам да бой бермедің,
Табысты жырыңменен толғап едің.
Етектен іле тартты сәл кемдіктер,
Мен-дағы қасарысып болмап едім.
Жоюға кемшілікті іс үстінде,
Қанатын отыр міне, қомдап ерің.
1944 жыл.