Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Молдахмет пен Нұрхан айтысы (3-бөлім)

Молдахмет Тырбиев, Нұрхан Ахметбеков · 3 мин оқу

Баспақтарың саржамбас қораға аунап,
Шықшыты жыбырлап тұр әбден жаурап.
Басы таз, мойны қотыр, арқасы бит,
Көзінен іріңді жас кеткен заулап.
Қорада қойларың тұр иірулі,
Қор болған құнтсыздықтан қотыр жайлап.
Аша алмай екі көзін сығырайтып,
Шүйіліп шом түбінде жатыр «шайлап».
Жаны ашып жануарды мал болсын деп,
Бір жан жоқ, құнт жасаған қотыр майлап.
Колхоздың Сапрон деген бастығы екен,
Мас болып түні бойы жатты ойбайлап.

Молдахмет:
Нұрқаным, мақтан етпе құмдарыңды,
Құс қонбас құба жонда шыңдарыңды.
Аптығып байлығыңды айта келіп,
Боласың маған салмақ тырнағыңды.
Менің де нелер әсем жерлерім бар,
Арнағам тәтті күйлі жырларымды.

Жылқы өрген алқабынан шағалалы,
Май шыққан түгін тартсаң көк алалы.
Бал қамыс, кең бидайық жері майса,
Жайқалған жентте пісіп қоғалары.

Ұласқан қайың көлмен шолақ қайың,
Айтайын сен білмесең жердің жайын.
Саумалкөл ен дәулеттің қазынасы,
Ойнаған құрық тістеп құлын тайым.

Жыр толған аузыма алсам игілікті,
Майыса құрақ біткен жері түкті.
Еңбекте үздік шыққан Бәтимадай,
Жігіттің орнын басып сыйға ілікті.
Кешегі өзің көрген «Қызыл жұлдыз»,
Болғанда суы кәусар, шөбі құндыз.
Аңғарға малы сыймай жатқандығын,
Ақыным өзің барып байқадыңыз.

Табысым жүйеленген буын-буын,
Бал татыр Бестараудың ішсең суын.
Колхозым озат шығып алып отыр,
Еңбекке ауыспалы қызыл туын.

Атақты бір колхозым Қазақстан,
Қоры мол шығарғандай үш жыл қыстан.
Қар өтіп қылшығына дақ сала алмас,
Қылышын сүйреп келген қыс зымыстан.

Меңгеріп тракторды алдық жегіп,
Колхоздар десте-десте егін егіп,
Дәулетті ел тұрмысын қамсыз етіп,
Артығын үкіметке берді төгіп.

Орны бар көп сөзіңнің Нұрқан ақын,
Кезегің ащы терді шығаратын.
Өрлеген көк Есілдің екі беті,
Майданның беріп жатыр ас пен атын.

Шит атты колхозым бар тұрған озып,
Сияқты көлі күміс, жері қорық.
Жүйрігін Қостанайдың мініп келсең,
Бес күнде шыға алмайсың малын шолып.
Он үш мың қойы жатыр Жанжайлауда,
Мыңғырып қаздай қалқып, қудай өріп.
«Жаңажол», «Жалтыр», «Баян» о да сондай,
Басына дәулет құсы тұрған қонып.
Баянда қос орденді Қажымұрат,
Басқарған шаруаны ақылға озық.

Қиялы, Шағалалы совхоздарым,
Береді миллион тонна астық дәнін.
Күн-түні жөнелтеді поезбенен,
Азығын соғыстағы армияның.
Советте ең бірінші орын алған,
Қиялы-Шағалалы жұртқа мәлім,
Төбесін ит Гитлердің* тесіп жатыр,
Тракторист, комбайнер арыстаным.

Жайлаған Сырымбетті Тереңкөлім,
Жұлдыздай аспандағы көрсең түрін.
Жүздеген жігіті жүр қан майданда,
Басқарған колхозымды Бәйіш ерім.
Астықтың планын да ерте орындап,
Шақырған қатарына көрші елін.
Отанның керегінің бәрін беріп,
Сілкінген кең жайлауда Сартүбегім.
Ұлдарым соғыстағы, ауылдағы
Дұшпаннан қорғап жатыр туған жерін.
Сан топта еш адамға жіберген жоқ,
Солтүстік Қазақстан намыс кегін.
Ел үшін еңіреп туған ылғи сабаз,
Балуан бәрі саңлақ жігіттерім.
Жазған хат қан майданға әлі есімде
Ант берген алуыма жаудан кегін.
Қатты айтқан ұлы сертті орындауға,
Бір минут босамайды буған белім.
Жаңа жыл қарсаңында вагон-вагон
Ерлерге сәлемдеме жөнелтемін.
Меймандос, қолы ашық, жомарт, дарқан,
Ежелден үлгісі мол менің елім.
Машинаң, майың, арбаң сайланды ма,
Көктемге дайындығың қандай сенің.

Ақыным көрмегендей мақтанасың,
Сырыңды өзің айтып баптанасың,
Мен айтсам бір мініңді бойыңдағы,
Жаңылмай етек-жеңің шақталасың.
Сенің бар бір колхозың, құлақ салың,
Қозымен қотыр басқан лақтарын.
Тымағын баса киген Қамидоллаң,
Мақтамен мықтап тығып құлақтарын.

Нұрхан-ау, есіңде ме Талапкерің?
Қайда жүр талаптысы талапкердің?
Шаруасын өз көзіңмен шолып өтші,
Осыған бар ма сірә жауапкерің?
1943 жыл.

Айтыстар

Барлығы: 832 айтыс

Тағы оқыңыз