Кенен мен Әбдіғали айтысы (4-бөлім)
Кенен Әзірбаев, Әбдіғали Сариев · 2 мин оқу
Туып өскен жерімде,
Күн құлағы шығып тұр.
Тана қашып, тай тоқтап,
Саулық егіз туып тұр.
Жүз саулықтан жүз елу,
Қозы өндіріп беріп тұр.
Шопандар мен жылқышым,
«Құтты құрық» болып тұр.
Қартабаев Сатылған,
Еңбектері артылған.
Жүз биеден – жүз құлын,
Аман-есен қосылған.
Жылқышылар ысқырып,
Қарына құрық қыстырып.
Арғымақтар астында,
Жер тарпиды пысқырып.
Насыбайын бір атып,
Тау жаңғырта түшкіріп.
Айғырлары арқырап,
Таулар суы сарқырап.
Таң атарда туады,
Шолпан жұлдыз жарқырап.
Жамбылдағы қой саны,
Сегіз жүз жетпіс мың болар.
Малды жырға қоспаса,
Ақындарға мін болар.
Қаптап өрген сиыр мал,
Үйір-үйір жылқы бар.
Жылқы совхоз тағы бар,
Бәрі тұлпар жануар.
Құлақтары қамыстай,
Тұяқтары болаттай,
Құйрықтары қылыштай.
Әскер үшін жаралған,
Бар денесі құрыштай.
Бірінші бәйге алғанбыз,
Орта Азиялық жарыста-ай!
Енді тоқтар кезің бар,
Құры-бекер жарыспай.
Әдепсіздік көрсетіп,
Ағаңменен алыспай.
Шындықпенен айталық,
Құр кеудеге салыспай.
«Жығылған тоймас күреске»,
Меніменен тіреспе.
Алматыға жақынсып,
Астанаға ақынсып,
Айтысқалы тұрсың-ау.
Мен жеңдім деп мақтанып,
Қатысқалы тұрсың-ау.
Ақындық сөз кезегін,
Ағаң саған бұрсын-ау.
Әбдіғали:
Сөйлейін мал байлығын табыс артқан,
Жоспарын орындаған қойған шарттан.
Колхозды совхозбенен атап-атап,
Түсейін «Дегересте» арғымақтан.
Асылдан ақалтеке айғыр салып,
Биені мың-мыңдаған құлындатқан.
Көп жылқы көлбеп жатыр Дегересте,
Аспанның жұлдызындай көрер көзге.
Тіл жетіп, байлығына айта алмайтын,
Тағы бар колхоз, совхоз бұдан өзге.
Асылын он бес одақ тегіс біліп,
Үлгі етіп көрсетеді айтар сөзге.
Сүмбідей сымға тартқан сүйектері,
Найзадай сұлулығы салған тезге.
Майданға әскер мініп аттанарда,
Соларды баптап қойған осы кезде.
Қанатты, қалбағайлы, бөкен санды,
Қаз мойын, қамыс құлақ, құлан жалды.
Алматы, Аңырақай, Үшшоқыда,
Көрерсің қаптап жатқан жылқы малды.
Белінен енесінің қарғып ойнап,
Туғанда таң қаларсың құлындарды.
Жайлауы Суықтөбе бұлтпен теңдес,
Құлпырып шыққан шөбі кілемге өңдес.
Балажан арғы шеті қырғызға орап,
Осы жер жаз жайлауға тиген дербес.
Таушелек Ілеменен қатар ағып,
Көксуы күнге күліп шағылысқан.
Талғардың тал шоқысы Түргенменен,
Құмбел мен Алаяқтан басы айқасқан.
Алма,өрік, қарағай мен қайың, жиде,
Жер беті көрінбейді ну ағаштан.
Майтөбе, Қарақия, Құлансазда,
Мекендей әртүрлі аңдар тұқым шашқан.
Құндыздар су бойында «қыз ұзатып»,
Аққу, қаз, қоңыр үйрек маймаң басқан.
Кенеке, сізге айтатын сөзім осы,
Кейбіреу дәметеді ішпес астан.
Жерімнің, міне, осындай сайранында,
Айтайын еңбек ерін күші тасыған.
Қоғалы ауданында Салихадан,
Атағы кіміңіз бар, бұдан асқан?
Ағызып сүттен бұлақ көл-дария,
Ісімен өзгелерге үлгі шашқан.
Қызылшаны таудай үйіп Нұрипа да,
Мұнымен ел ерлері үнін қосқан.
Жөнім жоқ бұларды мен айтпасыма,
Сайлаған депутатқа Қазақстан.
Жылқыдан Әбдібай да орден алған,
Табысы біріменен бірі ұласқан.
Жеткізді жылқы басын мыңға тарта,
Биеден сексен ғана ұйымдасқан.
Асырып табыстарын асқар таудан,
Қой қоздатып, бұлақтай бие сауған.
Ел еркесі біздерде толып жатыр,
«Қорықпайды шешен – даудан, батыр – жаудан».
Жүргізсем еңбек ерін дамылменен,
Таң қалып ауызыңа кірер тәубаң.
Кенеке, кедей едің мал жағынан,
Аларсың бізден сұрап болса сауғаң.
1943 жыл.