Нияз бен Болман айтысы (3-бөлім)
Нияз Ожанов, Болман Қожабайұлы · 2 мин оқу
Шопаны бұл колхоздың Жылқыбай қарт,
Жүз елу – жүз ешкіден лақ алад.
Ошақбай «Байқоңырда» жап-жас бала,
Жасы келді он алтыға биыл ғана.
Иесі үш жүз қойдың бір отарлы,
Айрықша қатарынан озған дара.
Біледі қозы, лақтың ашы-тоғын,
Түсімен іздестіріп малдың жоғын.
Мақтаймын Ошақбайды жырға қосып,
Қақ жарып талқандаған жаудың тобын.
Нияз:
Өсірген алты жүз бас төл-торпақтан,
Кім асар Сансызбайдай малшы қарттан?
Зейнел мен Ұмсын сынды сауыншылар,
Көктемде бір жүз сиыр бұзаулатқан.
«Большевик» колхозында Егізбаев,
Өсірген бес жүз сиыр бес торпақтан.
Осындай мал өсірген ерің болса,
Ақыным, көрейік те Сіздің жақтан.
«Талаптың» басқармасы батыр Саржан,
Бәйгенің сан жарыста алдын алған.
Көрнекті көзге түсер табысына,
Көлденең көрген жанның мейірі қанған.
Төрт жүз қой, отыз сиыр, он бір жылқы,
Жоспардан жарты жылдық артылдырған.
Атақты бір колхозым «Бірінші май»,
Дәулеті қаулап өскен даңқына сай.
Сан атты күні кеше баптап берген,
Ерлердің майдандағы қанатындай.
Ауданның ауыспалы туын алған,
Колхозың бар ма «Қызыл коммунадай?»
«Ұйымшыл» бірлігі асқан, жұмысы артық,
Үлгілі колхозың жоқ осылардай!
Болманым, салыстырсақ колхоз малын,
Қазір де жұрт алдында болар мәлім.
Ер Шекеу Далабаев бүркіт қабақ,
Талайға өнеге боп берген сабақ.
Бір малды жазы-қысы шығындатпай,
Індеттің әр уақыт ебін табад.
Бір емшім – Кеңесұлы Жайлаубайым,
Біледі аудан түгіл, облыс жайын.
Сарбуын, жамандат пен қотыр, маңқа,
Қолынан жазылып жүр жыл-жыл сайын.
Бар жақсы бір колхоздың ағасындай,
Қадірлі қамқа тонның жағасындай.
Алдынан неше мыңдай қой өргізген,
Шаһардың пұлы қымбат бағасындай.
Қарашы, бала тұйғын асса сынды,
Он екі Ағайынбек жасқа келді.
Істеген істеріне қарай қалсаң,
Бір бөлек өз алдына дастан-сынды.
Үш жылдай бес жүз алпыс қозы бағып,
Баладан өзі қатар озған еді.
Болман:
Сөйледің, ақын Нияз, екі жақтап,
Ерлерді еңбек еткен зор мадақтап.
Айтар деп кемшілікті отыр едім,
Манадан бойым бағып ішке сақтап.
Мен айтсам бар мініңді жіпке тізіп,
Қаларсың дымың құрып қаупалақтап.
Бассаң да етегіңмен жабылмайды,
Кемдігің көрініп тұр айдан аппақ.
«Октябрь» колхозында Қалықұл бастық,
Ала қыс шөп іздеді елден ақтап.
Жоқ еді бір айыр шөп «Октябрьде»,
Соққанда қаңтар желі ұйытқып-қаптап.
Сойдиған тісі қалды Қалықұлдың,
Көтеріп көтеремді шанаға сап.
Теңселіп көтеремдер зар жылады,
Қалықұлдың қиянатын жұртқа даттап.
«Октябрь» қысқа даяр шөбі мол деп,
Қалайша қағаз берген аудан мақтап?
Жүз елу сиыр бар-ды «Коммунада»,
Түнетіп қар қаптырып қу далаға.
Жығылған көтеремді тік көтеріп,
Қалықұл алып ұрды ақ шанаға...
Қомпиып ақын Нияз шаттанасың,
Шегініп шыныңды айтпай сақтанасың.
Сіздің ел «Большевикпен» шөп алды деп,
Құр бекер өтіріктен мақтанасың,
Шөбі көп, шаруалары жайлы болса,
Бұл колхоз қалай қырды көп танасын.
Ор қазып өлімтікке толтырдыңдар,
Алты ай қыс Кішітаудың айналасын.
Қыс өтті, өлекселер сүрге айналды,
Қамбаңды, ақын, қашан ақтарасың?
Осындай қырсықтардың кесірінен,
Ауданым көп кемітті малдың басын.
Егерде салыстырсаң мал шығынын,
Бізден сен екі-үш есе артыласың...
Бастығың білмейді екен жұмыс парқын,
Сел қылып бүлдірді ғой істің артын.
Еңбекті амалсыздан оймен жазып,
Ақыры келістірді істің шартын.